Түркі дүниесінің астанасы – Түркістан шаһары
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы “MIRAS” азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Дөңгелек үстел басында кеңес мүшелері облыс аумағындағы тарихи-мәдени орындардың жай-күйі және анимациялық фильмдердің сапасын арттыру мәселесін талқылады. Жиынның модераторлық тізгінін алған кеңес төрағасы Қалыйма Жантөреева балаларға арналған анимациялық фильмдерді түсіру тоқтап тұрғанын айтты.
Сондай-ақ ол: бұған дейін облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Оңтүстікфильм» мекемесі «САҚ» киностудиясымен бірлесе отырып бірнеше тарихи анимациялық фильмді көрермен назарына ұсынған болатын. Алайда қазір қаржы тапшылығына байланысты түсіру жағы тоқтап тұр. Оған қоса, күн тәртібіндегі тағы бір мәселе Балақорған және Қызқорған тарихи ескерткіштерін мемлекеттік қорғауға алу жайын көтерудеміз. Осы ретте аталған мәселелердің күрмеуін шешу мақсатында қоғамдық кеңес мүшелерінің басын қосып отырмыз,-деді.
Жиында сөз алған облыстық мәдениет басқарма басшысының орынбасары А.Темірхан екі мәселеге де тоқталып, хабарлама жасады. Айтуынша, «САҚ» киностудиясы түркі халықтары үшін ерекше маңызға ие әрі тарихи тұлға Қ.А.Ясауидің өмірін кеңінен насихаттауға арналған бірнеше жоба ұсынған. Егер қаржылай қолдау тапқан жағдайда киностудия талапқа сай туындылар әзірлеуге дайын. Атап айтқанда, «Яссы құпиялары» атты 10 сериялы анимациялық фильмінің жоба құны – 150 000,0 мың теңге. Ал, «100 аңыз» атты 5 бөлімнен тұратын мультфильмге 75 000,0 мың теңге қажет.
Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары Балақорған және Қызқорған бекіністері мемлекеттік тізімдегі ескерткіштермен бірдей қорғауға алынғанын мәлімдеді. Аталған тарихи мекендерге сараптама жүргізіліп, облыс әкімінің қаулысымен жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарына енгізу жоспарлануда.
Кеңесте «САҚ» киностудиясының директоры Н.Паттеев Түркі дүниесінің астанасы – Түркістан шаһарын насихаттауға бағытталған жобалар мен ұсыныстарын жеткізді.
“Жас ұрпақ Еуропаны қоспағанда, көрші Ресейдің мульфильмдерін тамашалап өсіп жатқаны жасырын емес. Бұл құбылыс елдігімізге кері әсерін тигізері анық. Осы орайда біздің киностудия бірнеше жылдан бері балаларға көптеген мультфильм тарту етіп келеді. Олар тек жергілікті ғана емес республикалық телеарналарда да көрсетілді. Жуырда Түркістанда «100 аңыз» атты кітап жарық көрді. Осы кітаптың желісі негізінде анимациялық фильм дайындауды қолға алудамыз”,- деді Н.Исаұлы.
Отырыс соңында кеңес мүшелері мәселелерді жан-жақты талқылап, айтылған бірқатар ұсынысты назарға алды. Облысымыздың әр түкпіріндегі тарихи жәдігерлер жайлы мәліметтер жинақтауға және оларды қорғауға алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуге уағдаласты.