МАҚСАТЫМЫЗ – ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫ ОРТАҒА ТАРТЫП, БЕЙІМДЕУ

0
121

Басында жұмыс істейтін белгілі ғимараты болмаса да қарап отырмай, қайырымды іс жасамаса тұра алмайтын, өмірге ерекше болып келген жандарға қолын созуға даяр ерен жандардың бірі – «Шұғылалы таң» қайырымдылық қорының төрайымы Дана Орманова. Ол кісінің рухани шаһардан орталық ашсам деген ниеті орындалып, бүгінде Жеңіс саябағының ішінде Ынтымақ үйінде өз қызметін бастап кетті. Орталықтың қазіргі тіршілігімен танысу үшін Дана Садыққызының кеңсесіне келдік.

– Дана Садыққызы, армандаған орталыққа қол жеткізген екенсіздер, құтты болсын! Жағдайларыңыз қалай болып жатыр?

– Рахмет, біздің кеңсеміз осы, өзі кішкентай болса да қызметі зор, көтерер жүгі ауыр орталықтың бірі деп ойлаймын. Біздің тарапымыздан қайырымдылық қасиетті айда ғана емес, жыл бойы жасалып жатқаны баршаға аян. Оған біздің өткізіп жатқан іс-шараларымыз, «Мейірім» деп аталатын түрлі акцияларымыз, концерттеріміз дәлел. Әр жерде еңбек қайнап жатқанымен, бір жерде тіккен отауымыз жоқ. Ал мүгедек балалардың ата-аналарының қоғамдық орындарға, мәдени іс-шараларға баруға мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан мұң-мұқтажы бір ата-аналардың басын қосып, балаларын дамытуға жағдай жасайтын орталық өте қажет. Сондықтан, осы мәселе бойынша қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков мырзаға кіріп, жағдайды айтқан едім. Сөзімізді жерге қалдырмастан дереу осы ғимараттан бір бөлме беруді тапсырды.

– Біз де қуаныштымыз қоныстарыңызға, Дана апай! Биыл 2022 жыл – Балалар жылы деп белгіленгендей, нақты жоспарды алға қойып, келушілерді қабылдап жатқан боларсыздар. Қордың жалпы мақсаты қандай?

– Бұрын «мүмкіндігі шектеулі жандар» дейтін адамдарды жанымызға жақын тарту үшін «ерекше жандар» деп атайтын болдық. Мақсатымыз – сол ерекше жандардың ата-аналарымен, қамқоршысы жоқ қарттармен жұмыс жасау. Олардың әлеуметтік жағдайын көтеру. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу, инклюзивті білім беруді дамыту. Оларды шектемей, қоғамға араластырып, спортқа, өнерге бейімдеу. Өмірге бейімделетін жеке тұлға қалыптастыру. Ең бастысы, олар өздерін өзгелерден төмен санамау керек. Қоғамның кінәсі де сол, мүгедек жандарға мүсіркей қараймыз. Мысалы, өзі мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін ана жақында орталығымызға келді. Баласы эпилепсиямен ауырады, үйден білім алады. Жылына 1-2 рет ұстайтын эпилепсия үшін ол баланы неге ортасынан шектеуіміз керек? Анасының айтуы бойынша, шахмат ойнауға икемі бар бала екен. Сондай балаларды неге ортаға тартпасқа? Осы орайда айта кетейін, Түркістан облыстық мүмкіндігі шектеулі балалардың спорт мектебі, Түркістан облысының мүгедектерге арналған «Сауран» спорт клубы ашылды. Осылай жасалған жағдайды пайдалана алмай отырған ата-аналар арамызда көп. Олар балаларын қандай орталыққа, қандай үйірмеге беру керектіктерін белгілеп, бағыттап отырамыз. Сондықтан әкімшілікке тіркеліп, біздің тізімде тұрған 200 адамға қолдау көрсету үшін бірлесіп жұмыс жасап отырған жайымыз бар.

– Ия, ерекше жандармен жұмыс істеу асқан төзімділік пен ынтымақтастықты талап етеді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса» бітпейтін іс жоқ. Дегенмен, көңіліңізді қынжылтар мәселелер бар ма?

– Әрине, көп. Біз көзі көрмейтін, құлағы естімейтін, тілі мүкіс, ДЦП-мен туылған мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейміз. Осындай ерекше жандардың ата-аналары, жақындары балаларды үйде оқшауламай, жарыққа шығарса дейміз. Олардың барлығының білімі бар. Сөйте тұра айналамыздан ұяламыз ба, ортаға қосудан қашқақтайтын адамдар бар. Олай етуге болмайды. Олар да жарқырап киім киіп, ортаға өнерін салып, концертке қатысқысы келеді. Өткенде қолөнерден және ән-би өнерінен қайырымдылық шарасын өткіздік. Шарада қала әкімінің орынбасары Әлия Богданқызы көрмеге қойылған өнерлі балалардың бисерден, түрлі бұйымдардан жасаған әсем дүниелеріне, шырқаған ән-билеріне тәнті болды. Орнынан тұрып, көзіне жас алған көрермендер жасалып жатқан еңбектің зая емес, керісінше өте маңызды екенін, ерекше қолдауды қажет ететіндігін түсінді. Расында, алдағы уақытта ерекше жандардың еңбегіне қолдау көрсетеміз деп уәде берді. Бұл уәденің шынайы жүрекпен, шын ниеттен шыққанын өз басым сезіндім.

– Бүгінде атқарылып жатқан жұмыстарыңыздың бірсыпырасымен таныстырсаңыз.

– Қазіргі таңда біз психолог-педагог, дефектолог, логопед, социолог мамандарға хабарласып, оларды осында шақыртып бірігіп жұмыс істеуді ұйғардық. Олар да өз мектептерінде қамқорлықты қажет ететін балалардың тізімін беріп, алдағы уақытта қалай жұмыс істеу керектігін ортаға саламыз. Бүгінде қаламыздың №8 Н.Төреқұлов, №27 Ө.Жәнібеков т.б. мектептерден келген мамандармен нақты жұмыстар атқарылуда. Арасында әлеуметтік көмек көрсетуге шақырылған балаларды алып келеді. Сондай-ақ орнықты ортадан кеңес алуға келетін ата-аналар да бар. Тіпті денсаулығында ахауы бар баласын нақты қай жерге апару керек, оларға ары қарай емін жалғастыру мен мүгедектікке тіркелу деген сияқты жәйттардан хабары жоқ ата-аналар да бар. Мүгедек балаларға мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар аясында жұмыстар жүріп жатыр. Олардың толықтай дамуына, өзгерістерді түсінуіне, өз бетімен білімін жетілдіруіне зор мүмкіндіктер берілуде. Міне, соларға бағыт-бағдар көрсету біздің басты міндетіміздің бірі.

– Арасында әлеуметтік көмек көрсетеміз деп қалдыңыз. Демеушілеріңіз жиі көмек беріп тұра ма? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді, аты-жөндерін айтып өтесіз бе?

– Қайырлы іспен айналысу – сауапты істің бірі дегенді ұмытпайтын жомарт жандар бар. Шымкентте аяқ-киімнің көтерме сатушылары Нұрлыбек, Талғат Бурабаевтар отбасы аяқ-киіммен қамтамасыз етіп отырады. Сонымен қатар қасиетті жұмада кеңсемізге келіп, балаларды шақыртып қойыңыз деп алдына ала ескертеді. Бір реттік ыстық тамақпен, тәттілер алып келіп тұратын осындағы мөлтек ауданға қарасты мешіттің имамы Нұржан Әлиакбар, С.Сейфуллин, Ататүрік мектептерінде оқыған 1984 жылғы жігіттер Бабажанов Шәмші, Тоқсанбаев Самат, Искаков Айтмұғанбет бастаған біраз жігіттер өздерінің ерекше ілтипатын білдіріп, қамқорлыққа зәру балаларға жанашырлығын көрсетіп тұратынын ерекше атап өткім келеді.

Осы орайда өзімді айта кетсем, осындай балаларға қуаныш сыйлайтын сауапты істер жаныма тыныштық береді. «Қолыңнан келсе жақсылық жаса, кең пейілді бол, отбасың, халқың үшін аянбай еңбек ет» дейтін әкемнің ұлағатты тәрбиесі зор әсер етті ме, мен ол үшін ақы алмаймын, зейнетте осы іспен айналысқанды жаным қалайды. Саналы ғұмырымды осындай ерекше жандардың өміріне арнағаннан кейін, жылдар бойы жинақтаған тәжірибемді ары қарай халықтың пайдасына асырғым келеді. Балалардың жанына терең үңілгендіктен, олардың болашағына алаңдаймын. Өмірлік ұстанымым да солардың жайлы өмірін көру болса керек.

– Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет! Атқарған шаруаларыңыздың шарапатына бөленіңіз!

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

 

Leave a reply