«ОТАНДЫ ҚОРҒАУ ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ПАРЫЗЫ БОЛУЫ ТИІС»
Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Отан тірегі Қарулы Күштер екені белгілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата заңда атап көрсетілгендей, тәуелсіз елдің әрбір азаматы да жауапты. Отанымыздың тәуелсіздігін қорғау, егемендіктің сенімді сақшысы болу «Мен-Қазақпын, Мен- Қазақстандықпын» деген сенімді әр азаматтың сана – сезімі мен адалдығына сын екені даусыз. Осы мақсатта өңірдің қарулы күштерінің деңгейін білу мақсатында Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Күлдербаев Жандос Тынымбекұлымен арнайы барып, тілдескен едік.
– Жандос Тынымбекұлы Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап өтсеңіз?
– «Жауынгерлік борышты өтеу – Жеңіспен бірдей», – деп Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып өткендей, Отанды қорғау әрбір азаматтың асыл парызы болуы тиіс. Қазақстан Республикасы Призидентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі» туралы Заңына сәйкес, әскерге жарамды 18-27 жас аралығындағы сотталмаған кез келген Қазақстан азаматы мерзімді әскери қызметті 12 ай мерзімге өткеруге міндетті болып табылады.
Қазіргі таңда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды өткізу мерзімі ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап, маусым айының соңына дейін көктемгі әскерге шақыру жүргізіледі деп жоспарлануда. Зерделеу жұмыстары өз нәтижесін берері анық. Азаматтарды мерзімді қызметке шақыру жөніндегі барлық іс-шара санитарлық – эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, ұйымдастырылады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі кешегі орын алған жағдайдан кейін әскери сарбаздарды көптеп тартуға үндегені белгілі. Бұл тұрғыда Түркістан облысы азаматтарды әскерге шақыру бойынша еліміз бойынша көш бастап келетінінен хабарымыз бар. Алдағы маусымда өңір бойынша қанша азаматты әскерге жіберу көзделіп отыр.
– Көктемгі әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын ескереді. Отбасы жағдайын сараптайды, денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды. Жасақтау экстерриториалды принципке сәйкес, жүзеге асырылады. Яғни, шақырылушы азаматтарды өзге облыстарға аттандырады.
Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті 2022 жылға әскерге шақыру науқаны барысында 5000-ға жуық жас азаматты мерзімді әскери қызметке шақыруды жоспарлауда. Әскери қызметке шақыруға жасы 18-ден 27-ге дейінгі денсаулығы жарамды, сотталмағандығы және әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар жатады. Әскерге шақырылушының білім деңгейі, мамандығының болуы және моральдық-психологиялық ерекшеліктері Қарулы Күштердің түрлері мен тектері бойынша, сондай-ақ, басқа да әскери құрылымдар бойынша бөлуге әсер етеді. Мысалы, десантшылар үшін әскерге шақырылушының физикалық дайындығы, сондай-ақ бойы 170 см-ден төмен емес. Спортшыларға артықшылық беріледі.
Бұл ретте әскерге ІІ мамандықтары, жүргізушілер, «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылған филиалдары арқылы жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту, жыл сайынғы «Айбын» әскери – патриоттық жастар жиынын өткізу және тағы басқа патриоттық шаралар әсер етеді.
Сондай-ақ, біз халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Ата-аналармен арнайы әңгімелесулер жүргізіледі. Біз халыққа қызмет өткерудің маңыздылығын адам үшін, қоғам үшін, ел үшін екенін жеткізгіміз келеді. Мерзімді қызметтегі әрбір әскери қызметші бұл – мемлекеттің тірегі, бұл – біздің қоғамымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Әрбір адам өз Отанын қорғау, қасиетті ерліктің борышын орындау қажеттігін түсінуі тиіс. Бұл ретте, алған дағдылардың барлығы жастарға азаматтық өмірде қажет болады деп санаймын.
– Қазіргі таңда қоғамда жастар тарапынан әскерге баруға құлықсыз екені жасырын емес, бұл тұрғыда қандай шаралар қолға алынып жатыр. Бұдан бөлек, әскери қызметте жаңашылдыққа тоқталып өтсеңіз?
– Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасы бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің кәсіби дағдыларды алуына қатысты Қарулы Күштерде талап етілетін мамандықтар бойынша оқыту жүргізіледі. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін әскерге шақырылушылардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі көзделген. Атап айтқанда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 647 – бабында шақырылушының 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Әкімшілік ескерту немесе медициналық куәландырудан немесе тексеруден өтуден жалтарғаны үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салу 648-бапты көздейді.
Сонымен қатар, заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке барудан жалтару ҚР Қылмыстық кодексінің айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сол баптың 2 – бөлігіне сәйкес аталған әрекет: 1) Өзіне денсаулыққа зиян келтіру арқылы, 2) ауруды симуляциялау арқылы, 3) Құжаттарды жалған жасау немесе өзге де алдау арқылы болған жағдайда – үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Әскери қызметшінің имиджі жыл сайын артып келеді деп айтуға болады. Бұл бірінші кезекте мерзімді шақыру және жоғары әскери оқу орындарында оқуға үміткерлерді іріктеу кезінде байқалады. Біз мұны, ең алдымен, келісім-шарт бойынша қызмет өткеретін әскери қызметшілердің кең «әлеуметтік пакетімен» байланыстырамыз. Әскери қызметші, ата-анасы және жақын туыстары үшін тегін медициналық қызметтер мен санаторийлерде емделу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мемлекет есебінен пайыздық мөлшерлемелері төмен ипотекаға қол жеткізу, тұрғын үйді жалға алу үшін ай сайынғы өтемақы төлеу, балабақшаларға кезектен тыс орындар, зейнеткерлікке ерте шығу және тағы басқа жеңілдіктер қарастырылған. Әскердегі қызмет «әлеуметтік лифт» болып табылады, күш құрылымдары мен арнайы мемлекеттік органдарға қызметке тұруға мүмкіндік береді.
– Қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністерінің көптеп кездесіп жатқаны көпшілікке аян. Әскери қызметте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қай дейгейде?
– Әскерге шақыру немесе мерзімді кейінге қалдыру бөлігінде барлық сұрақтар бойынша кеңес алу үшін Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «жедел желі» жұмыс жасайды. Онда жауапты лауазымды тұлғалар азаматтарды толғандыратын барлық сұрақтарды түсіндіреді және түсініктеме береді. Жергілікті тұрғындарға әлеуметтік желі бойынша (ddoturkestan) инстаграмм аккаунты ашылған, ҚР Қарулы Күштері серверінде (ddoturkestan@mod.gov.kz) электронды жәшігіне қандай да бір қызмет көрсету бойынша сұрақтар болса жолдауға болады.
Қорғаныс министрілігінің басшылығы тарапынан әскери қызметтің қауіпсіздігіне үлкен назар аударылады. Ұдайы әскери прокуратурамен, сондай-ақ әскери полиция органдарымен бірлесе отырып, әскери ұжымда салауатты ортаны орнату үшін жүйелі жұмыс жүргізіледі. Қызмет этикасын сақтау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға басымдық беріледі. Негізгі күш жеке құрамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін көтеруге бағытталған.
Жергілікті әскери басқару органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарына сәйкес, профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Көктемгі шақыру кезеңі басталар алдында жеке құраммен әскери тәртіпті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша нұсқаулық сабақтар, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті, басқарма мен бөлімдерінің бастықтарының сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстарының есебі тұрақты тыңдалап отырады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев.
Сұхбаттасқан: Қуаныш ТАСЫБАЕВ.