Кәсіби адалдық – басты қағида

Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің заңгері А.Молдаханов Кентау қалалық Мансап орталығының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушыларға 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және ҚР Қылмыстық кодексінің негізгі талаптары түсіндірілді.
Шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызмет саласында ашықтықты, әділдік пен заңдылықты сақтау мәдениетін қалыптастыру болды. А.Молдаханов өз сөзінде субсидияланған жұмыс орындарына азаматтарды жолдау кезінде барынша әділ әрі жария түрде шешім қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, басқа қызметкерлердің Электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалану заң бұзушылық болып табылатынын және мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
«Барлық іс-әрекет заң аясында атқарылса – ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды. Заңды білу – оны бұзбаудың кепілі», – деді заңгер өз сөзінде.
Кездесу соңында қатысушылар кәсіби адалдық пен заңға құрмет мемлекеттік қызметтің басты қағидасы екенін атап өтті. Мұндай түсіндіру шаралары қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырып, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға ықпал ететіні сөзсіз.













