ЗАҢГЕРЛІК КӨМЕК – ХАЛЫҚ ПЕН МЕМЛЕКЕТ АРАСЫНДАҒЫ СЕНІМ КӨПІРІ

Шымкент қаласындағы «AMANAT» партиясының бастамасымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсетілді. Қоғамдық қабылдау барысында «Zangerler Palatasi» заң консультанты Зүлфия Рахимбаева, адвокат Гүлжанат Құттыбек, Әділет департаментінің бас маманы Толғанай Ғалымжанқызы және сот орындаушы Ғазиз Айтбаев тұрғындардың өтініштерін тыңдап, нақты құқықтық кеңес берді.
Кездесуге келген азаматтар тұрғын үй қатынастары, алимент өндіру, несие міндеттемелері, жер және меншік құқығы сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Мамандар әрбір өтінішті мұқият қарап, заң талаптарына сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нақты шешу жолдарын ұсынды.
Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың күнделікті өмірде туындайтын даулы жағдайларды заңды жолмен шешу мәдениетін қалыптастыру болып табылады.
Тұрғындар мұндай кездесулердің тиімділігін атап өтіп, құқықтық қолдаудың қолжетімді болғанына ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.
Мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенім мен ашық диалогты дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында белгіленген басты қағидалардың бірі. Бұл ұстаным мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтіп, әрбір азаматтың құқығын қорғауға бағытталған.
Осы мақсатта «AMANAT» партиясы құқықтық және әлеуметтік бағыттағы қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп, халықтың нақты мәселелерін шешуді жалғастырып келеді. Партияның бастамалары елдегі әлеуметтік әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға, сондай-ақ азаматтардың билік институттарына деген сенімін арттыруға қызмет етуде.













