ТҮРКІСТАН: ӘКІМ ӘРТІСТЕРДІҢ ҮЗІЛГЕН ҮМІТІН ҚАЙТА ЖАЛҒАДЫ

0
113

Осыдан 18 жыл бұрын салынған Түркістан қаласындағы «актерлар үйін» бірі білсе, бірі білмейді. Сол кезде руханиятқа жаны жақын қала әкімі Өмірзақ Әметұлының қолдауымен, театр саласының саңлағы Райымбек Сейтметовтің бастамасымен ТМД аумағындағы тұңғыш «актерлар үйі» деп саналған тұрғын үй еді. Алайда, арада қанша жыл өтіп кейінгі уақытта қайта жаңғыртуды сұранып тұрған ғимараттың тозғын күйі яғни Түркістан мәдениетінің аянышты хәлі әкімдерді алаңдата қоймады. Ақпарат құралдарында бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Соның соңғысы былтыр Н.Тұрашбеков Түркістан әкімі тізгінін қолына алған тұста аталған жайт желіде тағы да көтерілді. Осы кезде көпшіліктің әсіресе әлгі үй тұрғындарының үзілген үмітін Нұрбол Әбдісаттарұлы қайта жалғады. Тарқатып айтайық.

Осы күнге дейін жөндеу жұмыстарын көрмеген ғимарат 17 отбасының құтты шаңырағы. Тозған кейпі қаланың көркін бұзатын хәлге жеткен. Қасынан өткен адам қараусыз қалған көп қабатты үйдің бірі деп қарайтын. «Елімізге белгілі мәдениет майталмандары осындай тозған үйде тұра ма»,- деп таңырқағандар да болды. Атап өткеніміздей көп ұзамай қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театры әртістерінің талап-тілектерін өзі барып тыңдап, өнер азаматтарының баспанасын күрделі жөндеуден өткізетіндігін жеткізді. Қанша уақыттан бері кезегімен қызмет еткен әкімдердің табалдырығын тоздырған бұл үйдің тұрғындары уәждеріне құлақ асқан бүгінгі билік өкілдеріне дән риза.

«Дәл осылай тез арада мәселеміз шешіледі деп ойламадық. Өйткені бұған дейін есік қағып бармаған жеріміз жоқ еді. Біздің үніміз қазіргі қала әкіміне жедел жетіп, шаһар басшысы өзінің іскер азамат екендігін дәлелдеді. Жайымызды білген күннің ертесіне-ақ қарашаның киімін киіп, ел аралап халықтың жағдайын білген бұрынғының патшалары секілді ешкімге ескертпестен біз тұрған тұрғын үйдің жай-күйімен танысып кетіпті. Сонан соң әртістерді арнайы жинап, жүздесіп талап-тілектерін тыңдады. Біз айтамыз деген мәселені жүздескенде жеткізді. Нақтырақ айтсақ, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, балалардың ойын алаңшасын салып береміз деген уәдесін берген еді. Міне, көптен күткен қуаныш орындалып құрылыс жұмыстары бітіп отыр. Қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлына айрықша алғысымызды айтамыз», – деді Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрының әртісі Майра Мақұлбекова.

Аз ғана уақытта актерлар арманы орындалды. Тозығы жеткен тұрғын үй қайта жөндеуден өтіп, шатыры ауыстырылып, сырты әрленді. Үйдің есік-терезелері түгелдей жаңаланды. Аулаға асфальт төселіп, балалардың ойын алаңы мен футбол алаңшасы бой көтерді. Жуырда қайта жаңарған «актерлар үйінің» тұрғындары футбол алаңшасының ашылу салтанатын өткізді. Шараға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Сабақты ине сәтімен демекші бұл менің ғана жасаған тірлігім емес, осындағы зиялы қауым өкілдерімен бірлесе атқарылған дүние. Бірінші кезекте қала халқы атынан әртістерімізге алғысымды айтамын. Қанша қиындық көрсеңіздер де осы біздің өнерімізді өрге сүйреп келесіздер. Шаһарымыздың өсіп өркендеуіне өзіндік үлес қосып, жастарымызды мәдениетке баулуда жүргізіп жатқан жұмыстарыңыз ұшан теңіз»,- деді шаһар басшысы Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Әкімге өнер адамдарынан бөлек бір топ балалар да өз алғыстарын айтып, естелік ретінде допқа игі іске себепкер болған басшының қолтаңбасын қойдырып алды.

Сонымен қатар, жиын барысында сөз алған облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов театр тарихына тоқталып, өткеннен сыр шертті. «Түркістанда театрымыздың ашылуына Райымбек Сейтметов мұрындық болды. «Балаларым Алматыда, өзім Түркістандамын. Арманым осы рухани шаһардан театр ашу» деген Райымбек Ноғайбайұлы осы өнер ордасының негізін қалады. Жұмысқа орналасқан әртістерді баспанамен қамтамасыз ету үшін әкімге арнайы кіріп «актерлар үйі» салынатын болды. Сол кездегі қаланың бас архитекторы Еркін Жүсіп жобасын әзірлеп, кірпіші қаланды», – деді. Сондай-ақ, қалалық әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева мен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов сөз алып, әртістерге шығармашылық табыс тілеп, құттықтауын жеткізіп, футбол алаңшасының лентасын қиды.

«Үйіміз толық жөндеуден өтіп, газбен қамтылды. Көмір тасып күл шығарған шақтар артта қалды. Түркістандық актерлардың арманы орындалды. Қала әкімімен қатар күні-түні тынбай жұмыс жасаған мердігер мекеме мен оның жұмысшыларына алғысымыз шексіз. Мен ойлаймын әкіміміз әртістерге ғана емес мәдениетке деген жанашырлық, өнерге деген қамқорлық жасады деп білемін», – деді Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрының әртісі Нұржан Ізтаев.

Түркістандық өнер ошағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театры әртістерінің қуанышын сіздермен бөлісіп отырмыз. Тағы сүйіншілейтін жайт қала әкімі алдағы уақытта театр толық күрделі жөндеуден өтетіндігін жеткізді.

Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ.

Leave a reply