ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР

0
155

Қасиетті шаһардың басты басылымы – «Түркістан» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне биыл қазан айында 92 жыл толады. Сонау 1930 жылы 4 қазанда «Қызыл Түркістан» деген атпен шыққан газет замана ағымымен бір кездері «Коммунистік еңбек» деп аталса, қазір «Түркістан» атауымен қалың оқырмандардың сүйікті басылымына айналды.

Тарих таразысына салсаңыз да, адам өмірімен өлшесеңіз де аз уақыт емес, ғасырға жуық. Осы аралықта тарихтың көш керуені қандай соқтықпалы жолдардан өтпеді дейсіз. 30-шы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде аш құрсаққа рухани азық болу ниетімен жарық көрген басылым, 37-нің нәубеті, 1941-1945-тің қан майданы, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруді, тың игеруді, бесжылдықтың балғалары солқылдата соғылған социализм кезеңі, тоқырау дәуірі, қайта құруды, бәрі-бәрін халық үнімен үндестіріп, тасқа басты, оқырмандарға жеткізді. Тәуелсіздік алғалы бері ел тарихы да «Түркістанның» сарғайған беттерінде сайрап тұр. Қаланың тарихын, өсіп-өркендеу кезеңдеріндегі ұлан-ғайыр, жаңалықтардың жаршысы болды, ел тағдырына араласты. Газет кезінде Түркістан ауданы ғана емес, Созақ, Алғабас, Қызылқұм аудандарына тарап, олардың тыныс-тіршілігін жазғанын да сарғайған газет беттерінен білеміз.

Кезінде «Қызыл Түркістан», «Коммунистік еңбек» газетін 30 жылға жуық бас редакторы болған Тұрабай Мырзахметов жайлы сөз қозғамақпыз. Тұрабай Мырзахметов бұл есім түркістандықтарға жақсы таныс. Ол «Қызыл Түркістан» газетін 1954, 1959-1985 жылдардағы редакторы болды. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Биыл Тұрабай атамыз тірі болса, 100-ге толар еді. Тұрабай Мырзахметов 1922 жылыТүркістан ауданы, Шорнақ ауылында туған. Түркістан педагогикалық училищесін 1941 жылы бітірген. 1941-1947 жылдары Фрунзе ауданы партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, 1947-1954 жылдары «Стахановшы колхозшылар» газетінің редакторы, Мақтаарал ауданы газетінің редакторы, 1954-1955 жылдары «Қызыл Түркіст ан» газетінің редакторы, 1956-1958 жылдары КОКП Орталық комитетінің Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды.

1958-1959 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, 1959-1962 жылдары «Қызыл Түркістан» газетінің редакторы, 1962-1985 жылдары ауданаралық «Коммунистік еңбек», «Коммунистик мехнат» газеттерінің редакторы, 1985 жылы зейнеткерлікке шыққан. «Республикаға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» белгісімен, «Ерекше еңбегі үшін» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Түркістан қаласының Құрметті азаматы.

Тұрабай Мырзахметовтың «Түркістан» газетінің 2005 жылғы 26 тамыздағы санында жазған метариалынан естелігін берсек: «Редакторлық қызметті 1954 жылы қабылдап, 1955 жылы Мәскеудегі жоғары партия мектебіне оқуға түскенше қызмет істедім. Менен кейін аудандық газеттің редакторлығына бұрын редактор болып істеген, республикалық партия мектебін бітірген Абдужаппар Абдусаттаров тағайындалды.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы болып істеп жүрген кезімде облыстық партия комитеті 1959 жылдың аяқ шенінде «Қызыл Түркістан» газетінде редактор етіп жіберді. Ол кезде аудандық газет қазақ, өзбек тілдерінде аптасына бес рет төрт бет болып шығатын. 1960 жылдан бастап газет аптасына үш рет шығатын болды. Мұның өзі газеттің оперативті, уақтылы шығуына үлкен ықпал жасады. 1962 жылдан бастап газеттің аты өзгерді. Газет «Қызыл Түркістан» орнына «Коммунистік еңбек» болып шықты», – деп жазылған.

Иә, Тұрабай Мырзахметов жергілікті газетті басқарып тұрған шағында қаншама түркістандық журналистерді тәрбиелеп шығарды. Атап айтсақ, «Түркістан» газетінің 1985-1993 жылдар аралығындағы редакторы Әмидулла Көпбаевты, 1993-1998 жылдары редактор болған Сырым Дағмырзаны, 1998-2013 жылдар аралығында редакторы Балтабай Нұржановты, 2013-2017 жылдар аралығында редактор болған Асан Оспановты осы аттары аталған азаматтардың барлығы дерлік Тұрекеңнің шекпенінен шыққан десек болады. Сонымен қатар, Тілеуқабыл Мыңжасаров, марқұм Нұралы Дүйсекей тағы басқа көптеген журналистерді тәрбиелеп шығарғанынан хабарымыз бар. Тұрабай Мырзахметов басқарған жылдары басылымда Түркістан өңірінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуға аталмыш газет зор еңбек сіңірді. Қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлесін қосып келеді.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Leave a reply