ТҮРКІСТАН: ТАКСИ ҚЫЗМЕТІ ТАЛАПҚА САЙ МА?

0
111

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығы мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, сындарлы сықақшы Көпен Әмірбектің көптомдық кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараны өткізуге қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков ұсыныс білдіріп, қолдау көрсеткенін айта кету керек. Жиынды ҚР Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдәзім ашып, жүргізіп отырды. Жиында түркістандық айтыскер ақын Тұрар Тілеулиев Көпен ағамызға өз арнауын жеткізді.

Сатира сардары Көпен Әмірбектің көптомдық кітаптарының тұсауын Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, «Жолаушы» ЖШС құрылтайшысы, еңбек ардагері Рахым Тәңірбергенов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова шешіп, автордың еңбектері туралы жылы пікірлерін білдірді. Бұдан бөлек, елімізге белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков игі тілегін жеткізсе, сазгер Сауранбек Елеуов және қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері әннен шашу шашты.

Еркін форматта өткен сыр-сұқбат кешінде Көпен Әмірбек өзінің балалық шағынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі өмір жолдарын, ондағы қызыққа толы әсерлі әңгімелерін айтып, жиналған көпшілікті күлкіге қарық қылды. Сонымен қатар, елімізге танымал ақын-жазушылармен, зиялы қауыммен аталмыш жинаққа енген әзілге толы әңгімелерімен бөлісіп, аудиторияны өзіне баурап, көпшілікпен пікір алмасты. Ағамыздың айтуынша өздерінің әулетінен 5 қаламгер шыққан екен, барлығы дерлік республикалық деңгейде танылған жандар, оның ішінде інісі Төпеннің ел ішінде айтқаны деген секілді әңгімелердің көп тарағанын айтып, «Шаншар» әзіл-оспақ театрының алғашқы әзілдері Төпеннен алынғанын жеткізді. Бұдан бөлек, Көпен ағамыз орта мектепті бітірген жылы оқуға түсе алмай, аудандық мәдениет үйінде қызмет жасаған екен. Сол жайында керемет әзіл аралас естеліктерімен бөлісіп, жиналған көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ағамыздың барлық әңгімелері қызыққа толы оқиғаларынан жұрт езу тартып, уақыттың қалай зырғып өткенін байқамай, жаңа көптомдық кітаптарын алып, қимай тарқасты.

Әзіл-оспақтың әр түрін саралаған бұл кітаптардың алғашқы тарауына аты-жөні әйгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы саңлаңтарға арналған астарлы пародиялар қамтылыпты. Балаларға арналған балдай тәтті өлеңдері мен жатыпашар жаңылтпаштары өз алдына өрнекті дүниелер дерсіз. Сондай-ақ, миықтан күлетін мысал-мысқылдары да әзіл сүйгіш әлеуметті бей-жай қалдырмасы хақ деп білеміз. Көпен ағамыздың биыл Алматы қаласындағы «Дала дизайн» баспасынан жарық көрген су жаңа бұл 5 томдық кітаптары оқырмандарының ыстық ықыласына иеленуде.

Несібелі ҒАЙБҰЛЛАҚЫЗЫ.

Leave a reply