Түркістан: Қожа Ахмет Йасауи туралы не білеміз?

0
137

 

Қожа Ахмет Йасауи туралы не білеміз? Қазіргі бізге белгілі ол кісі туралы деректердің қайсысы шындыққа сай келеді? Ол кісінің тарихтағы рөлі қандай?- деген сұрақтарға бүгінгі күні жауап беру қажеттігі туындап отыр. Өйткені, ол кісінің өміріне, жалпы тарихтағы рөліне қатысты бірін-бірі жоққа шығаратын деректер саны көбейіп кетті. Тіпті кейбір деректер ХІ-ХІІ-ғасырларда өмір сүріп, адамзат баласының басына төніп тұрған қауіпті ысырып, адамзаттың өмірі сүру мерзімін ұзартқан, Ислам тарихында сопылық ілімді алғаш тариқат дәрежесіне көтерген Ұлы тұлғаны ХІV ғасырда өмір сүрген Баха ад-дин Нақшбандқа шәкірт қылып қоятыны, Йасауи бабамыз негізін салған йасауийа тариқатын нақшбандийа тариқатының бір тармағы еді,- деп дәлелдейтін «тарихи» деректер көбейіп кетті. Оны аз десеңіз Қожа Ахмет Йасауидің атын шығарған Әмір Темірдің ол кісінің басына алып кесене салуы болды, – деген сияқты түрлі қисынсыз пікірлер де айтыла бастады. Тіпті, жақында жарық көрген «Түркістан құпиялары» атты документальді фильм Йасауи бабамыздың бейнесін мүлде түсініксіз етіп жіберді. Фильмде ол кісінің немен айналысқаны, мақсаты не болғаны түсініксіз. Ал, Йасауи бабамыз басына алып кесене тұрғызған Әмір Темір болса, әулиенің басына кесене тұрғызу арқылы өз атын шығаруды көздеген даңққұмар пенде ғана. Міне, сондықтан осы сияқты қисынсыз пікірлерге нақты жауап беру қажеттігі туындап отыр. Олай болмаса, ертеңгі күні түркі халықтарының рухани болмысының қалыптасуында шешуші мәнге ие болған Ұлы тұлғаны мүлде жоғалтып алу ықтималдығымыз бар. Сондықтан Қожа Ахмет Йасауидей ұлы тұлғаның түркі тарихындағы, Ислам тарихындағы, жалпы адамзат тарихындағы рөлін ашып көрсету қазіргі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Біздің бұлай деуіміздің себебін мақаланы соңына дейін оқыған кісі түсінеді деген ойдамыз. Тағы бір ескерте кететін мәселе – бұл мақаланы жазуда негізінен Йасауи бабамыздың өз шығармасы «Диуани Хикметтегі» келтірілген деректер негізге алынды.

Негізгі тақырыпқа көшпес бұрын Қожа Ахмет Йасауи туралы ортағасырлық жазба деректер не дейді? Қазақ халқының тарихындағы белгілі тұлғалардың пікірі қандай?- деген сұрақтарға қысқаша жауап бергенді жөн көрдік.

Ортағасырлық авторлар Қожа Ахмет Йасауи бабамызды «Шайх машайуху-л турк», «Ахмад ас-сани», «Қтуб ал-Ахтаб» деп атады. Бұл атауларды қазақ тіліне аударатын болсақ, «Түрік машайхтарының пірі», «Екінші Мұхаммед», «Дүниенің тірегі» деген мағыналар береді. Демек, бұл деректер ортағасырларда Йасауи бабамыздың атақ-даңқы бүкіл Ислам әлеміне белгілі болғандығын хабар береді. Қазақ жыраулары мен ойшылдарының да пікірлері осы ортағасырлық деректермен мазмұндас. Ол кісінің жалпы Ислам әлеміне ықпалы болғандығын қазақ ойшылы, Балмағамбет Балқыбайұлы былайша баяндайды:

Тапсырғаны пірімнің.

Ықылас еткен кәміл пір

Мысыр мен Шам, Рұмның.

Қадірін білген Мәдина

Інжу-меруерт дүрімнің!

Денеге жұққан күнәдан…

Шайылса бәрі кірімнің.

Он сегіз жыл раузатқа

Имамлық қылған еріміз.

Жүзіндегі дүниенің

Қасиетті жеріміз.

Айталық тахлил үн салып,

Тарқар ма іштен шеріміз.

Осы жолдардың өзі Йасауи бабамыздың рухани ықпалы тек Түркістан аймағымен шектелмей, Ислам әлемін түгелдей қамтығандығын көрсетеді. Демек, бұл Йасауи бабамыз тудырған рухани жарылыс өзі өмір сүрген дәуірде берісі мұсылман, арысы жалпы адамзат тағдырына ықпал еткен қуатты құбылыс болғандығынан хабар береді. Ол кісінің сондай күрделі рухани жарылыс жасауына ықпал еткен басты себеп қайсы? Осы кезеңде ол кісінің мына жарық дүниеге келуі кездейсоқтық па? Бұл сұрақтарға дұрыс жауап берілгенде ғана Қожа Ахмет Йасауи сынды Ұлы тұлғаның тарих сахнасына шығу себептері мен ол кісінің тарихтағы роліне ылайықты баға бере аламыз. Ол сұрақтарға жауап бермей тұрып, біздің анықтап алатын бір мәселеміз бар. Ол – адамзат тарихындағы пайғамбарлардың роліне және әулиелердің роліне қысқаша талдау жасау қажеттігі туады.

Пайғамбарлар – мына жарық дүниені жаратқан Ұлы Құдіреттің адамзат қоғамын адасудан, азғындаудан сақтап, адам баласын тура жолға бастаушы Алла Тағаланың Өзі таңдап, халықтар арасына жіберіп отырған өкілдері. Пайғамбарлардың адамзат қоғамына келуі Мұхаммед (сАс) пайғамбармен аяқталды. Мұхаммед (сАс) кейін адамзат қоғамына пайғамбар келген жоқ және келмейді де. Ал, әулиелер болса, адамдар арасынан шығып, өзін жаратқан Құдіретпен, Рухани әлеммен байланыс орната білген тұлғалар. Мұндай тұлғалар Исламға дейін де, кейін де болды. Және қазақ даласында әулиелердің ықпалы ⅩⅤⅠⅠ-ⅩⅤⅢ-ғасырларға дейін шешуші мәнге ие болғандығы анық. Кейбір әулиелердің ықпалы күні кешеге дейін жалғасып келді. Сол әулиелердің Рухани әлем мен адамзат арасында рухани байланысты үзбей келуінің арқасында ғана адамзат баласы қазіргі күнге дейін өмір сүруге мүмкіндік алды. Осы заңдылықты түсінгенде ғана қазақ даласын түгел алып жатқан әулиелердің қадірін сезіне аламыз.

Ендігі кезекте Қожа Ахмет Йасауи сынды Ұлы тұлғаны тудырған Ⅹ-ⅩⅠ ғасырлардағы мұсылман қоғамындағы рухани ахуалға талдау жасап көрелік. Ислам әлемі Ⅹ-ⅩⅠ ғасырларда толығымен Алла мен адамзат қоғамы арасындағы байланыс Мұхаммет (сАс) пайғамбардың өмірден өтуімен толығымен тоқтады, Алла мен адамзат арасында байланыс болуы мүмкін емес деп санайтын Ахл ал-Хадис бағыты өкілдерінің қоластына өтті. Ислам діні өзінің рухани қуатынан айрылып, таза араб дәстүріне негізделген қатаң қағидалар жүйесіне айналды. Ислам діні деп халық ол кезеңде адамның хайуани болмысының қажетін ғана өтейтін шариғат қағидаларын мойындады. Ал, адамның рухани болмысы есепке алынған жоқ. Тек, сопылар ғана рухани болмысты жаңғырту жолында өздерінің әрекеттерін жасап жатты. Олардың  арасынан  Рухани әлемге қол жеткізіп, өз жетістіктерін жариялаған жандарды өлім жазасына кесіп отырды. Мысалы, Рухани әлеммен байланысқа түсіп, оны «Ана Хақ» деп жариялағаны үшін Мансұр Халлажды дарға асты. ⅤⅢ-ғасырдың екінші жартысынан бастап, Пайғамбар ұрпақтарының Түркістан жеріне шегініп, келуімен Исламның рухани бағытының даму орталығына айналған Түркістан жері де 951 жылы Сатук Бұғра хан Абд ал-Карим Ахл ал-Хадис бағытын қабылдағаннан кейін руханиаттан қол үзе бастады. Тек, Пайғамбар ұрпақтары ғана өздерінің араларында ғана Рухани әлеммен байланыстарын сақтап қалды. Алла мен мұсылман қоғамы арасындағы рухани байланыстың үзіліуі мұсылман қоғамының рухани азғындауына әкелді. Адам баласының басына Алланың қаһарына ұшырау ықтималдығы күн санап күшейе бастады. Бұл кезеңді Қожа Ахмет Йасауи былайша сипаттайды:

Әулиелер айтқаны келді білем,

Қиаметтің күні жуық болды достар.

Есті құлдар болғанын білді білем,

Ел-жұрттан мейір-шапағат кетті достар.

 

Үлкен-кіші жарандардан әдеп кетті,

Қыз-келіншек, нәзік жаннан ұят кетті.

«Ал-хайау мин ал-иман» деп, Расул айтты.

Арсыз қауым, ғажайыптар болды, достар. (35-химет)

Демек, сол кезеңдегі мұсылман қоғамының рухани ахуалы осындай. Біз бұл хикмет шумақтарынан адамның жүрегінен мейрім-шапағат кетіп, рухани азғындыққа түсіп, имансыз тобырға айналғанын көреміз. Алла мен адамзат қоғамы арасындағы рухани байланыс үзілетін болса, онда адамзат қоғамының азғындыққа ұшырап, хайуани болмысының үстемдік етуі заңды. Адам баласының мұндай деңгейге төмендеуіне Тәңір Тағала төзе алмайды.

Бұл туралы Йасауи бабамыз былай дейді:

Мумин емес, хикмет есітіп, жыламаса,

Жақсылардың айтқан сөзін тыңдамаса,

Аят, хадис мағынасын аңдамаса,

Бұл үкімді ғарыш үстінде көрдім, міне.

Егерде адам баласы өзінің кім екеніне мән беріп, қайдан келдім, қайда барамын деп ойланбайтын болса, өзінің рухани болмысынан хабары болмаса, онда ондай жандарды мұсылман деп санауға келмейді. Ондай қоғамға әуел бастан ғарышта үкім шығарылып қойған. Тәңір Тағала мұндай адамзат қоғамын жер бетінен жоқ етеді немесе оларды құтқарудың жолын қарастырады. Міне, осындай адамзат қоғамының азғындаған кезеңінде Тәңір Тағала адам баласы үшін, мұсылман қоғамы үшін Қожа Ахмет Йасауи сынды тұлғаны жіберді. Сондықтан Йасауи бабамыздың дүниеге келуі кездейсоқтық емес, бізді жаратқан Құдіреттің Өзінің ойластырған жобасы деп қарағанымыз абзал. Ол туралы Сүлеймен Бақырғани былай деп жазады:

Сұбхан Ием өзі еді, Мұстафаға бұйырды,

Бабам Арыстан жеткізді, шайхым Ахмет Йасауи.

Бұл жолдар Қожа Ахмет Йасауидің дүниеге келуі, оған Арыстан бабтың аманатты тапсыруы Тәңір Тағаланың қалауымен болғандығына нақты дәлел. Оның үстіне Мұхаммет пайғамбардың (сАс) миғраж сапарында Ахмет рухын көруінің өзі жай аңыз емес, шындық. Мұхаммет пайғамбардың (сАс) миғраж сапарын шындық ретінде қабылдаған кісі, Ол кісінің Ахметтің рухын көруін де шындық ретінде қабылдайды. Өйткені, Йасауидің өз Хикметінде Пайғамбардың (сАс) миғраж сапары туралы өтірікті қосуы мүмкін емес. «Диуани Хикметте» бұл оқиға былайша баяндалады:

Хақ Мұстафа Жебірейілге қойды сауал,

Бұл неткен рух, тәнге кірмей тапқан камал,

Көзінде жас, алқаға бас, бойы хилал,

Сол себептен алпыс үште кірдім жереге.

 

Жебірейіл айтты: «Үмбет ісі сізге айғақ,

Көкке шығып, періштеден алар сабақ.

Наласына жет аспан нала қылады»

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.(2-хикмет)

Міне осы жолдарда баяндалған Пайғамбар (сАс) мен Жебірейіл періште арасындағы әңгімеден Йасауи бабамыздың әуел бастан-ақ, Тәңір Тағаланың қалауымен дүниеге келгендігін көрсетеді. Және осы «Хикметте» Йасауи бабамыздың қашан дүниеге келетіні де көрсетіледі:

«Төрт жүз жылдан кейін шығып, үмбет болғын,

Неше жылдай жүріп халыққа жол көрсеткін.

Он төрт мың мүжтахидтер қызмет қылсын!»,

Сол үшін алпыс үште кірдім жерге. (2-хикмет)

Осы Хикметте айтылғандай Қожа Ахмет Йасауи бабамыз Пайғамбар (сАс) дүниеден өткеннен кейін төрт жүз он жылдан кейін дүниеге келді.Ол кісінің дүниеге келген жылын біз нақты 1042 жыл деп айта аламыз. Демек, «Диуани Хикметте» айтылған бұл дерек тарихи шындыққа толығымен сай келеді. Бұл кезеңдегі мұсылман қоғамының Рухани әлемнен ажырап, толығымен рухани азғындыққа түсіп, тоқырауға түскен кезеңі болатын. Ислам әлеміндегі мұндай тоқырауға ұшырап, іштей ыдырай бастағанын сол ⅩⅠ-ғасырдағы тарихи оқиғаларға қарап отырып, бағамдауға болады. Осы ⅩⅠ-ғасыр соңында Христиан әлемі көне рухани орталықтары болған Құддыс-Ирусалимді мұсылмандардан азат ету жолындағы күресін-Крест жорықтарын бастады. Егерде Ислам қоғамының рухани тоқырауға ұшырап, іштей ірігенін сезбеген болса, онда христиандар ондай қадамға барар ма еді? Жоқ. Дін рухани ілім қайнары болудан қалып, қоғам ішіндегі қатынастарды реттеудің құралына айналды. Дінің аты қалып, заты қоғам санасынан тыс қалды. Дін мен шариғат арасындағы ерекшелік – дін рухтың қажетін өтейтін, рухқа күш беретін рухани ілім қайнары екендігі мүлде ұмытылды. Алла мен адам арасында байланыс болу ықтималдығы мүлде жоққа шығарылды. Мұсылман қоғамы тек өзінің хайуани болмысының қажетімен ғана өмір сүретін деңгейге түсті. Бұл мұсылман қоғамының толығымен рухани дағдарысқа түсуіне ықпал етті. Міне, осындай мұсылмандар қоғамы күрделі кезеңді басынан өткеріп жатқан кезеңінде Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың дүниеге келуін Алла Тағаланың мұсылман қоғамына жіберген рахымы деп бағаласа болады.

Ол кісі өзінің дүниеге келуі мен өмірінің алғашқы кезеңі туралы «Диуани Хикметте» былайша баяндалады:

Тоғыз ай, тоғыз күнде жерге түстім,

Тоғыз сағат тұра алмадым, көкке ұштым.

Ғаршы-Күрсі босағасын барып құштым,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

 

Бір жасымда әруақ маған үлес берді,

Екі жаста пайғамбарлар келіп көрді.

Үш жасымда Шілтен келіп қалім білді.

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

 

Алпыс үште тұрмай қаштым халайықтан,

Көкке шығып, сабақ алдым мәләйктан.

Етек кесіп барша жұртпен байланыстан,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

 

Жеті жаста Арыстан бабам іздеп тапты,

Әр сыр көріп, пердеменен бүркеп жапты.

«Шүкір Алла, көрдім-ау,-деп ізімді өпті.

Сол себептен, алпыс үште кірдім жерге.

Міне, «Диуани Хикметте» Йасауи бабамыздың өмірінің алғашқы кезеңі осылай баяндалады. Ол кісі дүниеге келісімен Тәңір Тағала мен әруақтардың, пайғамбарлардың, періштелердің қамқорлығында болады. Мұндай жанның басқа біреуге барып шәкірт болыпты, пәленшеден білім алыпты деп жазудың өзі үлкен әбестік. Өйткені, көкірек көзі дүниеге келе салысымен ашылған жанның басқа біреуден білім алуға мұхтаж емес. Сондықтан Йасауи бабамыз дәуірінен кейінгі кезеңде дүниеге келген жазба деректердегі түрлі «ол кісі мынаған шәкірт болып еді,» – деген мәліметтердің барлығы Йасауи ілімі мен түркі руханиатын өзге мәдениеттерге мойынұсындыру үшін жасалған әрекеттер деп түсінгеніміз абзал. Ол кісінің рухани тұлға ретінде қалыптасуы, толысуы Арыстан баб атасымен кездесіп, аманатын алу кезеңімен аяқталатын болуы керек. Осы кезеңде ол кісі Рухани әлеммен толық байланысқа түсті. Ол туралы ол кісі «Хикеметте» былай дейді:

Сегізімде сегіз жақтан жол ашылды,

«Хикмет айт!»- деп басыма нұр шашылды.

Шүкір Алла, Пір мұған мәй ішкізді,

Сол себептен, алпыс үште кірдім жерге.

 

Пір Мұған-Хақ Мұстафа шәксіз білгін,

Қайда жүрсең сипаттап, тағзым еткін.

Салауат айтып, Мұсттафаға үмбет болғын,

Сол себептен, алпыс үште кірдім жерге.

 

Тоғызымда бел байладым тура жолға,

Тәбәрік деп алып жүрді қолдан-қолға.

Қуанбадым бұл сөздерге қаштым шөлге,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге. (2-хикмет)

Осы «Хикмет» жолдарында баяндалған ол кісінің өміріне қатысты деректер Йасауи бабамыздың балалық кезеңі мүлде болмағандығын, бірден қоғам ісіне араласып кеткендігін баяндайды. Ол кісі есін біле салысымен мақсаты рухани әлеммен байланысу болғандығын, осы жолда өзінің бар болмысымен қызмет қылғандығын көреміз. Ол туралы «Хикметтерінде» мынадай жолдар бар:

Әр таң сайын хабар келді құлағыма,

«Зікірін айт»-зікірін айтып жүрдім, міне.

Ишықсыздарды көріп жүрдім жолда қалған,

Сол себептен ‘ишық дүкенін құрдым, міне.

Ол кісі осылай өзінің рухани жетілу жолдарын бастайды. Бұл баяндауларында өзінің кімдермен байланыста болғандығынан хабар береді. Он сегіз жасқа келгенде өзінің рухани кемелдену кезеңіне жеткенін, он тоғыз жасында толығымен жетпіс мақамды толық игергенін баяндайды:

Он тоғызда жетпіс мақам зайыр болды,

Зікірін айтып, іші-тысым таза болды.

Қайда барсам Қызыр бабам дайын болды,

Ғаусул Ғиас мәй ішкізді тойдым, міне.

Осы шумақ Йасауи бабамыздың рухани тұрғыдан толық жетілгенін көрсетеді. Бұдан ары қарай ол кісі қоғамның азғындау себептерін анықтауға ден қояды. Қоғам ішіндегі рухани азғындықты ауыздықтау бағытындағы іс-әрекетін бастайды. «Хикметтерде» баяндалған оқиғалар желісіне талдау жасайтын болсақ, онда ол кісінің халықты түземек болған алғашқы қадамдары оншалықты оң нәтиже бермегенін көруімізге болады. Керісінше, өзі қоғамның теріс ықпалына түсіп, қалайша адасқанын және ол адасулардан қалай құтылып шыққанын баян етеді.

Йасауи бабамыз сол кезеңдегі адамзат қоғамының азғындауының басты себебі – материалдық болмыстың жетегінде кетіп, рухани болмысты мүлде естен шығару болғандығына куә болады. Ол «Хикметінде» былай дейді:

Күмәнсіз білгін, бұл дүние барша халықтан өтер- а,

Сенбегін сен малыңа, бір күн қолдан кетер-а,

Ата-ана, қарындас қайда кетті, пікір қыл,

Төрт аяқта ағаш ат бір күн саған жетер-а. (8-хикмет)

Осы хикмет жолдарында мына дүниенің баянсыз, уақытша дүние екендігі, бүгін бар кез-келген адамның, ертеңгі күні ағаш атқа мінетіні, мына жалған дүниеден көшетіні анық көрсетіліп тұр. Өзіңе жақын деген ата-ана, бауырларың да, әйел, бала-шағаң да, ешкім жолдас бола алмайды. Өйткені, бұл фәни-уақытша дүние – сынақ алаңы. Шын дүние, мәңгілік мекен келесі өмірде. Сондықтан адам баласы мына жалған дүние үшін емес, мәңгілік өмір үшін өмір сүруі, күресуі керек. Ол күрестің басты нысанасы – Рухани әлем. Рухани әлеммен байланысқа түскен адам ғана мәңгілік өмірге қол жеткізе алады. Рухани әлемге жетудің басты шарты – Аллаға ғашықтық. Ол туралы «Хикметінде» былай дейді:

Ей, достар, пәк ‘ишықты қолға алдым,

Бұл дүниені дұшпан тұтып, жүрдім, міне,

Жағамды ұстап, Хұзырына сыйынып келдім,

‘Ишық жолында Мансұр сипат болдым, міне.

 

‘Ишық жолында ғашық болып, Мансұр өтті.

Белін байлап. Хақ ‘ишқын мықты тұтты.

Жәбірлеуді, меламетті көп есітті,

Ей, муминдер, мен де Мансұр болдым, міне. (9-хикмет)

Осы шумақтарда баяндалатын басты мәселе – Аллаға ғашықтық. Аллаға ғашық болған жан ғана мына дүниенің қызылды-жасылды шырмауынан құтылып, Рухани әлеммен байланыса алады. Ал, адам баласы нәпсінің соңына ергенде өзінің кім екенін ұмытып, дүние қуып, әуреге түседі. Адам өзін жаратқан Ұлы Құдіретті ұмытқан кезеңде ол адами болмысынан ажырап, хайуани болмыстың жетегінде кетеді. Ол туралы «Хикметте» мынадай жолдар бар:

Ей, бейхабар, Хаққа көңіл жүгіртпедің,

Дүние арам, одан көңіл суытпадың,

Нәпсіден кешіп, Алла жаққа ұмтылмадың,

Бұл нәпсі үшін зарлап қайран болдым, міне. (9-хикмет)

Адамзат қоғамының сол кезеңдегі азғындауының басты себебі – адамның өзінің кім екендігін, қайдан келгенін, қайда баратынын ұмытумен байланысты екендігін, соның салдарынан имансыз тобырға айналғандығын Йасауи бабамыз жақсы түсінді және бұл мәселені халықтың есіне салуды жөн көрді. Ол хикметінде былай дейді:

Ол хикметімен (адамды) жоқтан бар етті,

Он сегіз мың бүкіл әлем қайран болар.

«Қалу бәлә» деген құлдар үлес алды.

Кідіріп қалған құлдар діні ойран болар.

 

Хақ Тағала иман сыйлық етті бізге,

Оны Хақ расулы айтты бізге.

Салауат айтсақ қуат берер дінімізге,

Жоқ болса, қылғандарым жалған болар. (62-хикмет)

Суреті адам бірақ өзі иманынан ажырап хайуни болмыс жетегінде кеткен тобырды мына тығырықтан алып шығудың жалғыз жолы – адам жүрегіне қайта иман ұялату екендігін сезінді. Ол өзінің осы мақсатын іске асыру жолында қолынан келгенінің бәрін істеді. Бұл мақсатты іске асыру жолында адам рухын тәрбилеудің барлық сатысын қолданды. Біз оны мына Хикмет шумағынан көре аламыз:

Құл Қожа Ахмет Хақтың сөзін сөйлеп өтті,

«’Айн ал-йақин» тариқатта боздап өтті,

«’Илм ал-йақин» шариғаттан көздеп өтті,

«Хаққ-ул йақин» хақиқаттан айттым, міне. (9-хикмет)

Адам баласын нәпсі шеңгелінен құтқарып, тура жолға салу мақсатында Йасауи бабамыз түрлі тәсілдер қолданғанын осы шумақтан көруге болады. «’Айн ал-йақин» тариқатта боздап өтті,» демектің мағынасы адамның рухани деңгейін көтеру арқылы нәпсі шеңгелінен құтқару жолындағы әрекеті баяндалып отыр. Егерде адам рухы нәпсінің жетегінен құтылып, тариқат жолына қадам қойса, онда ол жанның рухани әлемге өтуге бір саты жақындайды. Сондықтан адам шамасы келгенше рухани болмысынан ажырамауға күш салуы керек. Сонда ғана Рухани әлеммен байланысуға мүмкіндік алады.

Ал, «’Илм ал-йақин» шариғаттан көздеп өтті,» демектің мағынасы ол кісінің адам рухын адами болмыс шеңберінде сақтап қалу жолында да әрекет еткенін көреміз. Өйткені, бұл «илм ал-йақин» адамды жаратқан Құдіреттің адам баласына Өзінің рухын үрлеу арқылы хайуандар арасынан бөліп, саналы жаратылыс деңгейіне көтергенін білдіреді. Адам нәпсінің жетегінде кеткенде сол шариғат деңгейінен де төмендеп, хайуани болмыс дейгейіне қайта түсетінін де ескертіп отырғанына куә боламыз. «Хаққ-ул йақин» хақиқаттан айттым, міне.» демектің мағынасы Рухани әлеммен байланысып, Ақиқатқа жету. Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың мақсаты халықты рухани дағдарыстан алып шығу болғандықтан ол кісі өзінің мүмкіндігі жеткенінше халықтың рухани деңгейін көтеріп, Рухани әлеммен байланыстыру болғандығына көзіміз жетеді. Сонда ғана адам баласы қоғамды жайлаған азғындықтан құтылып, адами болмысын қайта табады. Ол үшін дінді шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеру керектігін Йасауи бабамыз жақсы түсінді. Және тариқат жолының өзіндік ерекшелігі, қиындығы барлығын да ескертеді. Алайда, адам санасын жаңа деңгейге-тариқат деңгейіне көтермей, қоғам санасын жөнге салу мүмкін еместігін жақсы түсінді. Ол туралы Хикметтерінде былай дейді:

Тариқаттың жолдарының тосығы көп,

Пәк ‘ишықты қолға алмай болмас жүріп,

Дидарын көріп болмас, күн-түн ұйып,

Еш ұйықтамай дидарын көрдім, міне.

Демек, тариқат жолының қиындығы көп, ең бастысы Аллаға ғашық болу. Сол бағытта тынбай еңбектенумен ғана Аллаға жетуге мүмкіндік бар. Сонда ғана Рухани әлеммен байланысып, өзінің рухани деңгейін көтере алады. Ол кісі өз Хикметінде Рухани әлеммен байланысқа түскен дәруіш пен дүние соңында жүрген пенденің арасындағы айырмашылықты былайша баяндайды:

Хақ құлдары дәруіштер ақиқатты біледі.

Хаққа ғашық болғандар Хақ жолына кіреді.

 

Көңіл бөлмей дүниеге, еліктемей арамға,

Хақты сүйген ғашықтар халайықтан кешеді.

 

Дүние менің дегендер, жаһан малын жиғандар,

Құзғын құстай арамға белшесінен батады.

 

Молда, мүфти болғандар, жалған дағуа қылғандар,

Ақты қара қылғандар, тақмұққа олар кіреді.

 

Қазы, имам болғандар, жалған пәтуа қылғандар,

Сорлы есек сияқты жүк астында қалады.

 

Арам жеген әкімдер, пара алып жегендер,

Бармақтарын шайнасып, қорқып тұрып қалады.

 

Тәтті-тәтті жегендер, түрлі-түсті кигендер,

Алтын таққа мінгендер топырақ асты қалады. (54-хикмет)

Йасауи бабамыз осылай рухани деңгейі әртүрлі жандардың болашағының қалай болатынын салыстыра отырып көрсетеді. Руханиатты жоғары қойып, Хақтың дегенімен жүрген жандардың мәңгілік өмірге ие болатынын, ал арам, залым жандардың бар ғұмыры осы фәни-өткінші дүниемен аяқталатынын мысал етіп көрсеткеніне куә боламыз. Демек, адам баласының әрбір басқан қадамы өлшеулі. Адалдық пен арамдықтың ара қатынасы адам болмысының болашағын айқындайтын таразысы. Олай болса, адам баласының мәңгілік өмірге қарай ұмтылуы, рухани болмысының дегенімен жүруі саналы адам үшін бұлжымайтын заңдылық болуға тиіс. Бұл бізге қазақтың «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы» деген ұстанымының түп негізі қайдан шыққанын сезінуге мүмкіндік береді. Өзінің ар-иманын жанынан да артық көрген қазақ Йасауи жолын ғасырлар бойына өзінің рухани болмысының өзегі ретінде ұстанып келді.

Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың халықтың руханиатын ояту барысындағы іс-әрекеті үнемі қарсылыққа тап болып, бар саналы өмірі сол қарсыластарымен арпалыста өтті. Бар мақсат-мұраты хайуани болмыс қажеті болған замандастарының көпшілігі ол кісінің руханиатқа қатысты, Рухани әлеммен байланыс туралы ой-пікірлері қарсыластарының ашу-ызасын тудырып отырды. Йасауи бабамыздың Хикметтерінде бұл туралы мынадай жолдар бар:

Ей, достар, наданменен үлпат болып,

Бауырым күйіп, жаннан тойып, өлдім,міне.

Тура айтсам, қисық жолға мойнын бұрып,

Қан жұтып, қайғы зәріне тойдым,міне.

 

Наданмен өткен өмір тозақ қатар,

Надан барса, тозақ та болар азар.

Наданменен тозаққа қылма сапар,

Надандармен қазан ұрып солдым, міне.

 

Дұға қылғын надандардың жүзін көрмен,

Хақ Тағала жар болса, бір сәт тұрман,

Беймар болса, надандардың халін сұраман,

Надандардан жүз мың жапа көрдім, міне. (13-хикмет)

Бұл Хикмет жолдары Йасауи бабамыздың өз замандастарынан қаншалықты зорлық-зомбылық көргенінен хабар береді. Бұл шумақтардың мазмұнын таратып айтудың да қажеті жоқ. Тек, бір ғана «Надан барса, тозақ та болар азар» деген сөздің мағынасы ол надандардың пейіш түгіл тозаққа ылайық еместігін көрсетеді. Біз тарихи деректерден замандастарының Йасауи бабамызды ұлын өлтіргенін, Ахман, Қараман атты бектердің жала жауып, ұры атандырмақ болғанынана хабардармыз. Мұндай қысым ол кісіге күнделікті жасалғанын жоғарыдағы Хикмет жолдары айғақтайды.

Қожа Ахмет Йасауи бабамыз өз заманындағы білімсіздік негізіндегі надандықпен күресіп қойған жоқ. Сол дәуірдегі діни таным негіздеріне қарсы күресуге мәжбүр болды. Ол Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыстың болуы мүмкін емес деп есептейтін діндарлармен арпалысуына тура келді. Ол кісі өз дәуіріндегі діндарлардың қандай бағытта екендігін мына хикмет жолдары арқылы суреттеп береді:

Үш жүз молда жиылып үкім айтты,

Шариғат қой жазайын мен де жайтты.

Тариқатта, хақиқатта Хақ қолдауы,

Басым беріп, Хақтың сырын білдім, міне.

 

«Ана ал-Хақтың» мағынасын білмес надан,

Дана керек бұл жолдарда пәки мардан,

Есті құлдар Хақ жадын дейді – Жанан,

Жаннан кешіп Жананды сүйдім, міне. (9-хикмет)

Бұл Хикмет жолдарында Йасауи бабамыз сол дәуірдегі діндар-молдалардың руханиаттан мүлде хабарсыз екендігін, олардың дін деп, араб дәстүрлері негізінде қалыптасқан шариғатты түсінетінін меңзеп отыр. Ол кісі сол кезеңнің діни танымдарының деңгейін танығаннан кейін оларға өз хикметінде мынадай баға береді:

Ғылым екеу – тән мен жанға басшы болар,

Жан ғылымы Хұзырына жақын тұрар,

Махаббат шарабынан ішіп тұрар,

Ондай ғалым нағыз ғалым болар, достар.

 

Тән ғалымы залымдарға ұқсас болар,

«Барәат» аятында хабар берер,

Тозақ ішінде тынбай-ылғи күйер болар,

У мен зәрді ішіп ылғи достар.

 

Құл Қожа Ахмет ғалымдарға қызмет қылғын,

Ғалымдардың сөзін есітіп, амал қылғын,

Амал қылып, Хақ жолында жаның бергін,

Амалсыздар дидарын көрмес достар. (20-хикмет)

Осы Хикмет жолдары Йасауи бабамыздың өз дәуірінің «діндарларын» қалай бағалағанын көруімізге болады. Рухани әлем мен адамның рухани болмысының арасындағы болуға тиіс байланысты қамтамасыз ете алмаған молдалар дін атынан сөйлеуге қақысы жоқтығын Құран аятына сүйене отырып, дәлелдеп отыр. Ол кісінің дін мен шариғатты бөліп қарағандығына, Абу Ханифа Нұғман ибн Сәбит сияқты дін біреу, шариғаттар көп деген ұстанымда болғандығына куә боламыз. Абу Ханифа Құран Кәрімнің «Маида» сүресіндегі «Ей, мұсылмандар, әр біріңе бір шариғат, бір жол бердік. Алла қаласа, барлығыңды бір үмбет жасар еді» деген 48 аятын және «Шура» сүресіндегі «Діндеріңе бекем болыңдар. Нухқа берген дінді саған да уахи еткенімізді, Ибрахимге, Мұсаға, Исаға бергендерімізді Алла саған да дін етіп берді.» деген 13 аятын негізге ала отырып, әр халықтың өзінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтап қалуға құқылы екендігін дәлелдеп берген болатын. Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың бұл ұстанымы бір жағынан түркі халықтарының дәстүрі мен мәденитетінің қайта жандануына мүмкіндік берсе, екінші жағынан Абу Ханифа мазхабының бар мұсылман халықтарының ортақ жолына айналуына жол ашты. Әр халық Йасауи үлгісімен дінді тариқат деңгейіне көтере отырып, өздерінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрі мен мәдениетін қайта жаңғыртуға мүмкіндік алды.

Қожа Ахмет Йасауи бабамыз өзінің ұзақ жылдарға созылған күресінің арқасында дін феноменінің Алла мен адам арасын байланыстырып тұратын рухани желі екендігін және оның Алланың өзі адам баласына аманат етіп берген рухына арналған рухани қуат көзі екендігін дәлелдеді. Ең бастысы Алла мен адамзат арасындағы байланысты қайта қалпына келтірді. Ол кісі өзінің басты шығармасы «Диуани Хикметті» «дафтари сани» деп атады. Бірінші дәптер – шариғат. Шариғат адамның физикалық болмысының қажетін өтейтін қағидалар жүйесі. «Дафтари сани» – тариқат. Тариқат – адамның рухын Алламен байланыстыратын ғылым жолы. Йасауи бабамыз тариқат жолына басымдық беріп, бұл жолды адами болмысты сақтап қалудың басты тетігі деп түсінді. Егерде адам баласы өзінің хайуани болмысының жетегінде кетіп, Рухани әлеммен байланысты үзетін болса, онда адамзаттың жер бетінен жойылатынын сезіне білді.

Оның осындай жанқиярлық еңбегінің арқасында адамзат баласы сол дәуірде басына келіп тұрған ақырзаман апатынан аман қалды. Ислам тарихындағы Әулиелер кезеңі деп аталған дәуір басталды. Осылай адамзат пен Рухани әлем арасындағы рухани байланысты қайта қалпына келтірген ұлы тұлғаны анаған шәкірт болды, мынаған шәкірт болды деп жалған тарихты дүниеге келтірген авторлардың мақсаты халық санасына шындықты жеткізу емес, керісінше, Қожа Ахмет Йасауидің, ол негізін салған йасауийа тариқатының ролін төмендетіп көрсету болды. Сөйтіп, Қожа Ахмет Йасауидің жалған тарихы жасалды. Ол абсолюттік билікке ұмтылған билеушілердің саяси мүдделеріне сай келіп, Йасауи жолына жан-жақты шабуыл басталды. Соған қарамастан, Йасауи жолы өкілдерінің – әулиелердің рухани ықпалы кешегі ⅩⅤⅢ-ⅩⅠⅩ ғасырларға дейін жалғасып келді. Жекелеген әулиелердің ықпалы күні кешеге дейін жалғасты. Солардың рухани қуатының арқасында Алла мен адам арасындағы байланыс үзілген жоқ.

Бүгінгі күні әлемді жайлаған түрлі апаттардың қазақ жерін айналып өтуі – Қожа Ахмет Йасауи бастаған руханиат өкілдері-әулиелердің әлі де болса, толығымен кете қоймаған рухани ықпалы десе болады. Өкінішке орай, соңғы 15-20 жыл көлемінде жаһандану үдерісінің ықпалымен қазақ халқының өзінің дәстүрлі діни танымы мен дәстүрлі мәдениетінен ажырап қалған жайы бар. Сырттан келген түрлі діни ағымдар мен адамды рухани тұрғыдан азғындататын попкультураның ықпалы халықтың рухани тұтастығын тас-талқан етті. Қазіргі күні халық өзін қазақ деп атағанымен біртұтас қазақ халқы жоқ. Рухани тұрғыдан түрлі діни таным мен мәдениеттердің ықпалында. Кезінде қазақтың өңі түгіл түсіне кірмеген, адам шошырлық азғындық қазақ қоғамын жаулап алды.

Олардың атын атап, түсін түстеудің өзі бір арбаға жүк. Халықтың рухани тұтастығын қалыптастыруға тиіс дін болса, қазақтың дәстүрлі діни танымымен арпалысып, рух-әруақты «Аллаға серік қосу» деген сылтаумен халық санасынан айдап шықты. Нәтижесінде рухани болмыстан жұрдай, суреті адам, биороботтар дүниеге келді. Соның салдарынан бүгінгі күні Алла мен адамзат баласы арасындағы байланыс толығымен үзілді. Нәтижесінде адамзат баласы тағы да жолайрыққа тірелді. Ертеңгі күні адамзат өркениеті өзінің өмір сүруін жалғастыра алады ма? Жоқ па? Әлде Нух пайғамбардың заманындағыдай жер бетінен адамзат баласы жойылады ма? – деген сұрақ күн тәртібіне қойылып отыр. Мұндай жағдайда бұл тығырықтан шығар жол қайсы? Не істеуге болады? – деген сұрақтың бұл жерде қойылуы заңды. Ең бастысы бұл тығырықтан шығудың басты жолы – Алла мен адамзат арасындағы байланысты қайтадан қалпына келтіру. Ол үшін Йасауи жолына қайтадан бет бұру керек. Йасауи жолы-йасауийа тариқаты кейбіреулер айтып жүргендей жойылып кеткен жоқ. Рас, Тәуке хан кезінде Йасауи жолы өкілдерін Ферғанаға дейін қуып барып өлтірткені рас.

Тариқат ретінде содан бері өмір сүруін тоқтатқанымен халық жүрегінде күні бүгінге дейін сақталып келді. Ал, 2015 жылдың көктемінде Йасауи бабамыздың киелі рухы қайта оянды. Заманында Йасауи бабамыз Анадолы түріктеріне өзінің алғашқы шәкірті, әрі немере інісі Мансұр Атаны жіберген болатын. Сол кісінің ұрпағы Саййид Мұстафа Авнуллах Хазіретке йасауийа тариқатын қайта қалпына келтіруге Рухани әлемнен пәрмен келді. Ол кісі 2018 жылы бізге арнайы кісі жіберіп, батасын берген болатын. Біз содан бері сол кісінің шәкірті болып саналамыз. 2019 жылы ол кісі дүниеден өткен соң тариқат басшылығы Саййид Мұстафа Авнуллах Хазіреттің ұлы Саййид Мұстафа Өзмансұр Хазіреттің қолына өтті. Сондықтан қазіргі күні йасауийа тариқаты-Йасауи жолы бар және өзінің рухани бағыттағы қызметін жалғастыруда.

Leave a reply