Шеберліктің үлгісі – жас маманға жол

0
30

Өндіріс – табандылықты, дәлдікті және үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Бұл жолда тәжірибелі мамандардың орны ерекше. Олар тек өз ісін мінсіз атқарып қана қоймай, болашақ мамандарды тәрбиелеу арқылы ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Осындай шебер мамандардың бірі – «Кентау трансформатор» АҚ зауытының 1-цехындағы аргон дәнекерлеушісі Алтынбеков Жандос.

Жандос бүгінде тек өз жұмысын атқарып қана қоймай, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, білгенін үйретіп жүр. Ол – білікті маман ғана емес, тәлімгерлік жолды ұстанған ұстаз. Әсіресе, «Жастар практикасы» жобасы аясында зауытқа келген жас мамандар үшін Жандос – өнегелі еңбек иесі, үлгі тұтар аға.

Жас әріптестеріне өндірістің қыр-сырын меңгерту, дәнекерлеу ісінің нәзік тұстарын түсіндіру, қауіпсіздік ережелері мен технологиялық тәртіпті сақтауға баулу – Жандос күнделікті айналысып жүрген маңызды істердің бірі. Ол тек кәсіби біліммен бөліспей, еңбекқорлық пен тәртіпке деген жауапкершілікті де жастар бойына сіңіруге тырысады.

Өз ісіне адал, шеберлігімен танылған маманның осындай тәлімгерлігі – жас кадрлардың кәсіби дамуына үлкен серпін береді. Бұл өз кезегінде еліміздің өндіріс саласының сапалы кадрлармен нығаюына жол ашады.

Жандос Алтынбеков сынды мамандар – бүгінгі еңбек нарығының темірқазығы. Олар өндіріске тек тәжірибесімен емес, адами болмысымен де үлес қосуда. Осындай жандардың арқасында жастар өз жолын тауып, сенімді түрде болашаққа қадам басып келеді.

Leave a reply