Суббота, 17 октября

Тәлімгерлік – еңбекке бейімделудің берік көпірі

0
85

Үлкен өндіріс орнында еңбек жолын бастау – жас маман үшін үлкен сынақ әрі мүмкіндік. Әсіресе, тәжірибесі аз, жұмыс ортасына енді бейімделіп жатқан жастар үшін алғашқы қадамдар жауапкершілікпен қатар қобалжуды да ала келеді. Осындай сәтте жас маманның қасынан табылып, бағыт-бағдар беретін, кәсіби жолда сенімді серік бола білетін адам – тәлімгер.

Техник-электрик мамандығы бойынша білім алған Нұрдаулет Кенжебекұлы 2024 жылдың 2 қазанында «Жастар практикасы» жобасы аясында «Кентау трансформатор» АҚ зауытына жолданды. Қарқынды өндіріс орнында жұмысқа кірісу – ол үшін алғашқы тәжірибе ғана емес, үлкен өмір мектебі болды. Осы жолда оның сенімді арқа сүйер тұлғасы – тәжірибелі тәлімгері.

Нұрдаулет жаңа ортаға тез бейімделіп, жұмыс тәртібін, қауіпсіздік ережелерін, техникалық процестерді жылдам меңгеріп келеді. Бұл – тек өзінің ынта-жігерінің ғана емес, тәлімгерінің жан-жақты қолдауының нәтижесі.

«Тәлімгер – шәкіртке тек білім емес, өмірлік тәжірибе, еңбекке деген сүйіспеншілік пен сенімділік сыйлайтын нағыз ұстаз» деген сөз осы орайда өз мәнін толық ашады. Өйткені кәсіби білім мен біліктілікті іс жүзінде меңгеру – тек теориямен шектелмейді. Ол – күнделікті еңбекте шыңдалатын, тәлімгерден тәлім алатын процесс.

«Кентау трансформатор» АҚ секілді ірі өндіріс орындарында «Жастар практикасы» жобасы бойынша жұмысқа орналасқан жастар үшін осындай қолдау – үлкен маңызға ие. Бұл жоба арқылы жас мамандар нақты тәжірибе жинап қана қоймай, еңбек нарығында өз жолын сенімді бастауға мүмкіндік алады.

Нұрдаулет Кенжебекұлы сынды жастардың тәжірибелі мамандардан үйреніп, болашақта өздері де өзгелерге тәлім беретін тұлғаға айналары сөзсіз.

Leave a reply