ТҮРКІСТАН. БЕКЗАТ. КӨК ТУ. ӘНҰРАН

0
121

Ұлттық рух жайында айтылса көп дүние еріксіз еске оралады. Кейде ауыр-ауыр ойға батып, енді бірде осы бір толғақты сөздің иіріміне терең бойлауға тура келеді. Адам ойы, адам қиялы түпсіз терең теңізден аумайды. Ойлаған сайын ойға ерік бересің. Сол ойыңда жанар таудай жарылған рух атаулыдан бойға қуат аласың.

Шындап келгенде, ағымыздан арыла мақтаныш ететін, шүкіршілік айтып шаттанатын істеріміз жетерлік. Солардың ең қымбаттысы тәуелсіздік болса керек. Егеменді ел атанып бөркімізді аспанға атқалы, көгімізде көк байрағымыз желбіреп, төрімізде ән ұранымыз шырқалып, маңдайшамызда елтаңбамыз ілініп су жорғадай тайпала басып, күй тілі болып бебеулей жөнелгеніміз тәңірге аян.

Содан бастап оңымыздан күн туды. Ілгері басып даңқымыз артты. Оза шауып бәйгеден келдік. Жаһандық көшке әлімізше ілестік. Бойымызды тіктеп, бағыт-бағдарымызды айқындап қадам сайын алға бастық. Сол әрбір алға басқан қадамымызда еліміздің аты және көкбайрағымыз жарыса жүрді. Бірін-бірі әлем мінберлерінде, небір аламанда, талай додаларда толықтырып отырды. Бірін-бірі таныта түсті. Талай жыл бодандық уысында булығып, құлдықтың қамытында күн кешкен түркі жұрағатының нағыз мұрагері жас елдің бағы жана түсті. Әлем алдында абыройы тіктеліп, беделі арта берді.

Осындай жарқыраған жұлдызды сәттер мен естемеге толы тарихи оқиғалар әр түрлі бағыттарда орын алып жатты. Соның қай-қайсында да көк туымыз желбірей түсті. Көк аспанға қол созып еркіндік пен дамудың, өрге басудың барлық сәттеріне куә бола берді. Міне, осылайша бізге ұлы рух беріп, бізді асқақ мұратқа жетелеген көк туымыздың өмірге келгеніне де тұп-тура отыз жыл болыпты. Сол отыз жылдан бері қазақстандықтардың жүрегінен мықтап орын алып ұлы мақтанышына, арқа сүйер тірегіне, қуанышына айналды. Келешекке де осы жолмен тарта бермек.

Енді бір сөзбен тілге тиек еткенде 1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері бекітілгеннен бүгінге дейін дара қадірімен қастерленіп келеді. Асқақтаған үстіне асқақтап, лаулаған үстіне лаулауда. Сол күннен бастап ұлттық бірегейліктің тірегі мен мемлекет дамуының ажырамас бөлшегі, жол нұсқаушы бағдаршамына айналды.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні бірегейліктің анық үлгісі болған көк туымыз бен әнұранымыз жайында таңды-таңға ұрып әңгіме ақтаруға, терең-терең сыр шертуге болады. Әлем алдындағы жас мемлекетіміздің танылу парақтарын әңгіме арқауы етуге, небір кемел шешімдердің орындалуы мен іске асуы хақында, саммиттер мен алқалы жиындар, форымдар мен елеулі тарихи оқиғалар немесе дүние жүзі елдеріндегі беделіміз қалай қалыптасты, ондағы рәміздердің рөлі жайында толғануға болады. Бірақ осының барлығы ел сезіне білген, көзімен көре білген, жүрегімен ұғына білген жылдар шежіресі. Өткен күннің ұмыт болмайтын жылы-жылы бейнелері.

Ал, елдің рухын оятып, таңғажайып дем берген тарихи оқиға жайында толғанбай кету, оны айналып өте шығу мүмкін емес. Көгімізде қанаты талмай отыз жыл бойы желбіреп келе жатқан көк туымыз небір тарлан тарихтың куәсі болды десеңізші. Сол бірегей оқиғаның бірі қыршын Бекзаттың (Саттарханов) алаш атын аспанға шығарып, көк туымызды бокс тұғырына қондыруы-тұғын.

Ол кезде енді-енді тәй-тәй басқан баладай күй кешкен еліміздің де, көк байрағымыздың да әлем алдындағы абыройы, тіпті бет-беделі жайында сөз айту қиынның қиыны болатын (тіпті көк байрақта көкке ұмтылудан дәмелі болмаса керек). Сенсеңіз шынашақтай ғана қазақ баласының (анығы Бекзаттың) жеңіс тұғырынан көрінеріне шетелдіктерді қойып, көп қазақтың сенімі болмағаны тағы бар.

Сөздің киесі мен иесі барына сенетін халықпыз. Өскелең үмітпен, ғаламат рухпен айтылған ізгі арман, игі тілектің күндердің бірінде іске асып, шындыққа айналуы ғажап емес екенін ескерсек және ер жігіттің сертінде тұруы ұғымы тұрғысынан талдасақ ақыры ер Бекзат дегеніне жетті. Өйткені Бекзат Саттарханов киелі Түркістаннан Сидней олмпиадасына аттанарда «Мен чемпион болмай қайтпаймын» деп серт етіпті.

Бала күннен осы бір ұлы арманның жетегіне еріп, талмай еңбектенген табан ет, маңдай терінің ақталар тұсы еді. Жайдан жай болмаса оңайдан оңай жеңісті жұлып ала салған жоқ. Алғашқы кездесудің өзінде-ақ әлемнің үздіктерімен бетпе-бет келді. Алдына қарсы келгендерді ығыстырып, айламен де, күшпен де дегеніне жетті. Финалдық бәсекеде тұтас әлем үміт артып отырған Рикардо Хуаресті қапы қалдырды. Бұл қазақтың бокс тарихындағы тұңғыш олмпиада чемпионы шыққан тарихи сәт болатын. Бокс төрінде небәрі сегіз жылдық тарихы бар көк тудың алғашқы көтерілуі, әнұранымыздың алғашқы шырқалуы болатын.

Сол кездегі сезімді ешбір сөзбен бейнелеп жеткізу де, оны түсіндіре алу да, оны суреттеп айта алу да мүмкін емес еді. Ешқандай да бейнелі көркем сөз атаулы сол сәттің баламасы болып табылмайтындай. Бар болғаны көк байрақтың Сидней төрінде асқақ әнұранның құшағында көтеріліп, осы бір керемет шақты жиырма жастағы қазақтың қара домалақ қайсар оғыланы маңдай терімен елге сыйлағаны санамызда мәңгілік жатталып қалды. Көк тудың бокстағы жолын ашқан Бекзат. Бекзаттың жолын ашқан көк туы көк аспанда желбіреген егеменді еліміз болатын. Міне, осы аксиома көкірегімізде бүр жарып, темірқазықтай жол нұсқайтын бағдарымызға айналды. Содан бері әлемдік сахнадан қазақтың көк туы көтерілуін тоқтатқан емес. Намысты ұлдарымыз бен намысты қыздарымыз қазақ елінің, көк байрақтың жолында күн ұйықтамай, түн күлмей еңбек етуден жалыққан емес. Әрбірі өз ісінің білікті маманына айналып бірегей нәтиже жарату жолында еңбек етуде.

Бізге ұлы рух беріп жол ашқан Сидней төрінде от болып өртенген, тектілігін көрсетіп, жасындай жарқ еткен Бекзат, көгінде желбіреген көк ту, төрінде шырқалған әнұранымыз екені айдан анық. Осы бейне біздің санамызда мәңгілік сақтаулы. Бізге адаспайтын жол нұсқап, шабыт беріп тұр.

Отыз жылдан бері егеменді елдігіміздің асқақ көрінісі болған көк туымыз көкке қол созып, әнұранымыз сол абыройдан, сол даңқтан, сол тұғырдан түспеу жолында тынымсыз тер төгуде. Анығы отыз жылда ел рәміздері телегей-теңіз нәтижелерге қол жеткізді. Әр жетістігінің артында қаншама маңдай тер, өлмес рух жатыр. Ол жетістік қараша жұрттың, сосын тұтас қазақ елінің жетістігі болып қала бермек.

Ұлттық рухтың өлмес бейнесі – Бекзат. Көк ту. Әнұран. Бұл сонау Сидней төрінде бізді шексіз қуанышқа, ұлы мақтанышқа, мызғымас сенімге бөлеген бейне. Сондағы Бекзаттың көз жасы, көк тудың желбірегені, әнұранның әуелегені жадымызда. Сол күнді еске алған сайын рухымызға қамшы басып, жігерлене түсеміз. Төбе көзіміз ашылып, шабытымыз оянғандай күй кешеміз. Осы жолдан, осы сүрлеуден танбау бүгінге серттей, бүгінге аманаттай, сол арқылы ертеңге үлгі болып қала беретіндей.

P.S. Қорыта келгенде, мемлекеттік рәміздердің 30 жылдық мерейтойына орай біз рәміздер тарихындағы осы бір тарихи сәтті ескерсек дегіміз келеді. Атаулы мереке қарсаңында жаңа облыс орталығы ретінде күн сайын түрленіп, өркендеп жатқан киелі шаһарға осы сәтті бейнелейтін «Бекзат. Көк ту. Әнұран» деп аталатын ескерткіш орнатсақ дұрыс болар еді. Онда бокс тарихындағы тұңғыш чемпион бейнесі басты назарда ұсталып, төрт тудың ортасында көкке көтерілген көк туымызды бейнелеп, бүкіл қазақ халқы қосылып әнұранымызды шырқап тұрған сәті бейнеленетін болса құба-құп болар еді. Орнын мүмкін қалаға кіре берістен, болмаса шаһар орталығындағы көрнекі жерлер немесе Бекзатқа арнап салынып жатқан спорт кешені алдынан белгілесе оң болмақ. Осылайша, осы бір ескерткіш мәндік және мағыналық жақтан мемлекеттік рәміздердің 30 жылдағы жеңісті де жемісті нәтижесі болып тарих бетінде қалары ақиқат!

Үмітбек БАҒДАТ.

Leave a reply