ОТЫРАРДА БИЫЛ ЕКІ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

0
82

Отырар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сейтжанов Жансұлтан Әділжанұлы Отырар, Талапты ауыл округтерінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесуде өткен жылдың қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, алдағы уақытта ауылдарды дамыту бағытында атқарылатын жұмыстар туралы айтып өтті.

Өткен жылы іске асқан ауқымды жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын табады деп күтілуде. Атап айтқанда, аудандағы Ақтөбе, М.Шойманов елді мекендерінде 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүруде. Аталған нысандар 2024 жылы пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, ұлттық қор қаражаты есебінен Талапты елді мекеніндегі жаңа тұрғын үй алабына инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысы жүргізілетін болады.
Мұнан бөлек жергілікті бюджет қаражаты есебінен Отырар ауыл округі, Арыс елді мекеніндегі «Парасат», Қ.Толбасиев, К.Қарабеков, Қорқыт ата, Талапты ауыл округі, Көкмардан елді мекеніндегі «Бейбітшілік», Шытты елді мекеніндегі «Ынтымақ» көшелерін жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Халық денсаулығын жақсарту мақсатында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 2024 жылға аудан бойынша емдеу мекемелеріне жаңа құрылыс қажет ететін 2 нысан енгізіліп отыр. 2023 жылы облыстық құрылыс басқармасы тарапынан «Аққұм» дәрігерлік амбулаториясы мен «Шытты» фельдшерлік – акушерлік тіректің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылыстарын жүргізу үшін бюджетке ұсынылған. Аталған жобалар іске асқан жағдайда аудан орталығынан қашықта орналасқан елді мекендердегі 3175 адам сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етіліп, халықтың қолайлы өмір сүру сапасы артпақ.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары ішкі жолдарды жөндеу, аяқжол салу, жарықтандыру мәселелері бойынша көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауапты мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды.
Жиыннан соң Жансұлтан Әділжанұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, қабылдауда көтерілген мәселелерге заң аясында нақты жауаптар берді.

Leave a reply