ТҮРКІСТАНДА МӘУЛІТ КЕШІНДЕ 6 ОТБАСЫҒА БАСПАНА КІЛТІ ТАБЫСТАЛДЫ

0
121

Түркістан қаласында Мәуліт мерекесіне орай «Шапағатшым бір өзіңсің, Мұхаммед с.а.у» атты салтанатты іс-шара өтті. Іс-шарада ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 6 мұқтаж отбасына баспана кілті табысталды.

Рухани кеш Пайғамбар (с.а.у) рухына Құран бағыштаудан басталып, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков мерекеге орай арнау айтып, еліміздің эстрада жұлдыздары Айдар Тұрғанбекұлы, Бақытжан Мұстафаев әннен шашу шашты. Сондай-ақ қаладағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрының әртістері сахабалар дәуірі мен олардың өнегелі өмірінен және ата-ананың қадірі турасында қойылым сахналап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Түркістан қаласы имамдарының ұйымдастыруымен өткен рухани кешке қаланың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы, қалалық мәслихат депутаттары Ғалымжан Батырханұлы мен Ардақ Үсенұлы, Аналар алқасының төрайымы Ұлжан Әбенқызы, қалалық саяси кеңестің мүшесі Бақдәулет Тұрманов және қала тұрғындары қатысты. Шараға қатысушылар Мәуліт мерекесімен құттықтап, игі іске мұрындық болып отырған жандарға алғыстарын жеткізді. Кештің басты ұйымдастырушысы Түркістан қаласының бас имамы Мухамеджан Ергешбайұлы алдағы уақытта мұндай игі бастамалар өз жалғасын табатынын жеткізді.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 4 мұқтаж отбасы баспаналы болған. Жыл соңына дейін тағы бір отбасына пәтер кілтін табыстау жоспарлануда.

Leave a reply