«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ДЕР КЕЗІНДЕ БАСТАЛДЫ
Еліміздің мұғалімдерімен ақжолтай жаңалығымен ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қуантты. Оның хабарлауынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш жыл ішінде 504 мектеп салынбақ. Бұл көлем елдегі демографиялық өсімді ескеріп жасалып отыр.
Түркістан қалалық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің мәліметіне қарағанда биылғы жылы Төле би №19 және М.Пошанов №21 мектептері күрделі жөндеуден өтті. «Бірлік» шағын ауданында бір жеке мектеп салынуда. Келесі жылы алты мемлекеттік мектеп салу жоспарланып отыр. Әкімшілік іскерлік орталығында 3200 орындық екі мектеп, «Яссы» шағын ауданында 2100 орындық екі мектеп, «Шауғар» шағын ауданында 600 орындық бір мектеп, «Бекзат» мөлтек ауданында заманауи үлгідегі бір мектеп салу жоспарлануда.
Ал, 2024 жылға жоспарда үш мемлекеттік мектеп салынады. Оның ішінде «Яссы» мөлтек ауданында 1200 орындық бір мектеп, «Шауғар» шағын ауданында 600 орындық бір мектеп, әкімшілік-іскерлік орталығында бір екі мың орындық мектеп салу жоспарлануда.
Жалпы, биылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы жариялаған «Жайлы мектеп» бағдарламасы туралы біраз сөз болды. Бірақ егжей-тегжейі айтылмаған. «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы ұлттық жобасының бүге-шігесі енді белгілі болып отыр.
Әдетте, ең озық білім ордалары мегаполистерімізде ғана ашылатыны мәлім. Бірақ ұлттық жобада жаңа сипаттағы жайлы мектептердің ауылда да бой көтеретіні жазылған. Тек ауыл тұрғындарының саны қарқынды өскен, «белсенді дамып келе жатқан, перспективті елді мекен» болуы шарт. Ол білім ошақтарының бәрі заманауи оқу жабдықтарымен жарақтандырылады, зертханаларына дейін болады, оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалады.
Жоба аясында қазір 300, 600, 900, 1200, 1500, 2 мың, 2,5 мың білім алушыға арналған орта мектеп құрылысының типтік эскиздік жобалары әзірленеді. Ал, мектептердің құрылысы жаңа жылда басталады.
Оқу-ағарту министрлігі ұлттық жобаның ғаламат ауқымын паш ететін бір көрсеткішті атады: егер бұған дейін мектеп салуға мемлекет 100 млрд теңге қаржыдан бөліп келсе, енді бірден бірнеше триллион теңге бөледі. Яғни, «Samruk-Kazyna Construction» мол ақшаның астында қалғалы тұр. Демек, ақша талан-таражға түсіп, ұстаған жемқордың қолында, тістеген алаяқтың аузында кетпеуі үшін құзырлы органдар, Парламент, қоғам бақылауда ұстағаны маңызды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын дайындадық. Осы жобада біз барлық тәуекелдерді ескердік. Бұл ұлттық жобаның өз ерекшеліктері бар. Атап айтсақ, біріншіден, ұлттық жоба қаржымен толық қамтамасыз етілді. Бұған дейін республикалық бюджеттен жылына 100 миллиардқа жуық қаражат бөлінсе, енді Мемлекет басшысының қолдауымен бұл ұлттық жобаға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге қарастырылып отыр. Екіншіден, мектеп салуда біркелкі құрылыс нормативтері сақталады, ол үшін жаңа құрылыс нормативтері қабылданды. Мектеп салуда бірізділікті сақтау үшін ол жұмысты ортақ оператор атқаратын болады. Бұл өте маңызды», – деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов.
Үшіншіден, оның айтуынша, мемлекеттік мектептерді салғанда тек оның ғимаратын тұрғызумен шектелмей, «ішкі контентіне» баса назар аударылады. Мысалы, ондағы шәкірттер ең озық әдістемелермен оқиды. Оларды су жаңа мектеп автобустары тасуға тиіс.
«Ол мектептердің әрқайсысына баратын жолдар төселеді. Жанында автобус аялдамалары ашылады. Барлық инженерлік инфрақұрылымды да қамтимыз. Себебі, мұның бәрі жайлылық ұғымына кіреді, тиісінше ол мәселелердің бәрі қарастырылады. Бір сөзбен айтсақ, ұлттық жоба 800 мың балаға арнап, жоғары стандарттарға сәйкес заманауи, жайлы мектеп салынады дегенді білдіреді. Оған өте сапалы құрылыс материалдары қолданылады. Балалар үшін тиісті жағдайлар жасалады. Қауіпсіздік жүйелері де енгізілетін болады», – деді министр.
Жаңа мектептерді салуға кем дегенде 2 трлн 606,6 млрд теңге талап етіледі. Оның 1 трлн 960 миллиарды – республикалық бюджеттен алынады. Тағы 646 млрд 535 млн теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Өйткені ондағы мұнай түсімдері болашақ ұрпаққа арналған, ал мектептер дәл сол ұрпаққа қызмет етеді.
Бұл жоба келесі жылы басталады. 2023 жылы – 499 млрд 999,7 млн теңге, 2024 жылы – 1 трлн 38,3 млрд теңге, ал 2025 жылы – 1 трлн 68,2 млрд теңге бөлінеді.