СУ КЕШЕНІНДЕ ҮШ ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ТҰРҒЫН СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНУДА
Облыс орталығындағы су спортының дамуында ерекше орын алған – «Орталық су кешенінде» жыл басынан бері түрлі шаралар ұйымдастырылған.
Кешен директоры Ғалымжан Батырханұлының мәлімдемесіне сәйкес, қазірде орталықта үш жүзге жуық тұрғын жүзумен айналысуда.
Шаршаған денеге энергия, қажыған ағзаға иммунитет сыйлайтын спорт түрін серік еткен мекеменің жас спортшылары байрақты бәсекелерде бой көрсетіп келеді.
Атап айтқанда, жүзуден «Е. Тәңірбергеновты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы турнирде» кешеннің спортшылары бірінші орындарды иемденген.
Олар : 50 метрге еркін жүзуден Абылай Бекетау, Бекташова Диана, Бекебашева Шахзода болса, 100 метрге еркін жүзуден Асқарұлы Алихан, Абылай Каусар, Габайдуллин Салават бірінші орынға шықты.
Одан бөлек, Шымкент қаласында өткен турнирде мекеменің он төрт спортшысы 50 – 200 метр аралығында шалқалай жүзу,брасс, баттерфлияй және еркін жүзуден жүлделі орындарды алған болатын.
Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында жүзуден Қазақстан Республикасының тірек қимылы зақымданған спортшылар арасында чемпионаты мен кубогынде кешенде жаттығушы Сәулет Бауыржанұлы 50 метрге еркін жүзуден І-орын, 100 метрге еркін жүзуден ІІ-орынға, 100 метрге шалқалай жүзуден ІІІ- орынға жайғасып, қуантқан болатын. Және Қасымбек Бекасыл 50 метрге еркін жүзуден,
100 метрге еркін жүзуден, сонымен бірге 50 метрге брасстан І-орынға шығып, қуантты.
Мекемеде ұйымдастырылған Түркістан қаласының құрметті азаматы Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевты еске алуға арналған республикалық турнир де су спортының дамуында игі бастама болды. Шарада Леңгір, Шаян, Сарыағаш аудандары, Кентау, Түркістан, Шымкент қалалары, сонымен бірге, Қызылорда, Тараз қаласынан 150 спортшы бақ сынады.
Және кешен бассейінінде байрақты додаларда Түркістанның атын асқақтатып жүрген спортшылар да жаттығады.
Бүгінде орталық кешенде бес жаттықтырушы жұмыс жасайды. Үш жүзге жүзумен айналысушы тұрғындардың жас аралығы 6 – 80 жас аралығында.
Осы орайда суда жүзудің пайдалы тұстарын тізбектей кетпекпіз.
- Суда жүзу кезінде сіздің барлық бұлшық етіңіз жұмыс жасайды. Суда біресе аяқпен, біресе қолмен жүзе алмайсыз. Бәрі бір уақытта сіздің жүзуіңіз үшін қызмет етуі тиіс. Әр бұлшық ет түрліше күш алады. Сол себепті, денеңіздің бұлшық еті өз формасына қарай қалыптасып, сымбаттылығыңыз арта түседі.
- Суда жүзу омыртқа ауруларының алдын алады. Қозғалыс дене мүшелерінің қызметін арттырып, омыртқа сүйектерінің жанындағы кішкентай бұлшық еттерді «тынықтырады». Омыртқа бағанасына түскен ауырлықты тежейді. Сонымен қатар, остеохондроз ауруының алдын алып, дене бітіміңізді қалыпқа келтіреді.
- Жүрек қан тамырларының жүйесі де сізге «алғыс» білдіреді. Себебі, жүзу жүрек соғысына игі әсер етіп, қан айналымын жүйеге келтіреді.
- Суда жүзуде жақсы нәтиже көрсету үшін дұрыс тыныс алуды үйрену керек. Бұл спорт түрімен машықтанған адамның тыныс алу мүшесі де жақсы қызмет атқаратын болады. Әсіресе, көкірек қуысы кеңейіп, тынысы ашылады.
- Дене температурасы қалыпты жағдайдан шықпай, иммунитетіңіз суық тиюге, тұмауға қарсы тұра алады.
- Сонымен қатар, артық салмақтан арылуға көмектесетіні де бар. Көп қозғалыс пен энергияның жұмсалуының әсерінен ағзадағы калория мөлшері азая түседі. Оған қоса, жүзу кезінде омыртқаға травмотологиялық қауіп төнбейтінін ескеру керек.
- Және де жүзу спорты жүйкені жұқартып, ойды мың бөлген күйзелістен арылтуға сеп болады. Суық су адам денесіндегі жағымсыз эмоция мен негативті көңіл-күйді шайып әкетеді. Бойыңызға қуат беріп, сергітеді.
- Осы ретте, әр іске ниетпен қадам басу керектігін естен шығармаңыз. Яғни, суға жүзуден ләззат, күш ала біліңіз. Себебі, бұл спорт түрінен ажырамас үшін келесі жолы суға жүзуге асығып тұруыңыз керек.
- Егер сіз мүлдем жүзе алмасаңыз, хауыздан бастағаныңыз жөн болар. Өйткені, хауызда тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндігіңіз жоғары болады.
- Суда жүзу адамды еш жалықтырмайды. Және арнайы ережені де қажет етпейді. Достарыңызбен жарысып жүзіңіз, шалқаңыздан жатып жүзіңіз, су түбіне терең сүңгіп жүізіңіз, ең бастысы, шымыр болып, өз саулығыңызды қорғасаңыз болғаны.
Орталық су спорты кешенінің байланыс құралдары назарларыңызға:
Мекен жайы: С.Қожанов 54А
Әлеуметтік желілер: Инстаграм bassein_turkestan