САЙРАМ: ҚҰРЛЫҚТАРДЫҢ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРІ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

0
156
Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Құрлық ауылына барып, ауыз су, электр жарығы, қоғамдық тасымалдау қызметін ұйымдастыру, құрылысы жүргізілетін нысандарды қадағалауға алу секілді бірнеше мәселемен танысты.
Жақын күндері облыс әкімінің Сайрам ауданының тұрғындарымен өткен кездесуінде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді зерделеп, түсіндіру мақсатында нысандарды аралады.
Аралауға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсембаев, «Сайрам тазалық» ЖШС-нің басшысы Ж.Матов, аудандық құрылыс және сәулет қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ұ.Мамутов, Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі Е.Дүйсебаев және жергілікті тұрғындар қатысты.
Ауыл тұрғыны Б.Құлжабаевтың қоғамдық көлік жүргізу мәселесіне жергілікті жерде автобус аялдайтын автобекет салу үшін топотүсірілім дайындалып, құжаттары рәсімделетін болады.
Аудандағы коммуналдық-
шаруашылық саласына жауапты басшы Б.Бейсембаев Шымкент қаласы мен Құрлық ауылы бағытында жүретін қоғамдық көлік облысаралық бағыт болып есептелетіндіктен, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесе шешім табатынын жеткізді.
Ал, келесі ретте ауыз судың жетіспеушілігі туралы айтылған сынға жаңа су ұңғымасын қазып, су мұнарасын салу үшін сметалық құжаттары дайындалған. Ендігі кезекте, аудандық мәслихаттың алдағы сессиясында қаржы қарастыруға ұсыныс енгізіледі.
Мұнан бөлек, ауылдың аумағына мәдениет және спорт кешені ғимараттарының құрылысын тезарада аяқтау, сапасын қадағалауды қажет ететінін назарға салып өтті.
Тозығы жеткен электр бағаналары мен трансформатордың жағдайы зерделеніп, 2023 жылы аудандық бюджеттен Байдеуов және Асанбаев көшелеріне 25 млн. теңге қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде. Мердігер анықталған соң, электр бағаналары, трансформатор және СИП кабельдер жаңартылады.
Қазіргі таңда нысан құрылысына 2,1323 га жер қарастырылған «Qazak-Saulet-1» ЖШС-і өз тарапынан жобалау жұмыстары өз қаржы есебінен жүргізілуде. Жобалау жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айында аяқталған соң, нысанның құрылыс жұмыстарын іске асыру үшін ұсыныс енгізіледі.
Сонымен қатар, ауыл биі Қ.Қожамбердиев Құрлық ауылына «Батыс Еурова – Батыс Қытай» автожолынан кіретін және шығатын, автожолдарды салу, осы жол бөлігіне арнайы жол белгілерін орнатуды сұранған болатын. Көпшіліктің жол жүруіне ыңғайлы жағдай жасау үшін аталған жолға сметалық құжаттарды дайындау қолға алынды. Ауылдың кіре-беріс жеріндегі жолын асфальттеу үшін үш жақтан кіретін жолдардың екеуін заңдастыру мәселесі қаралып, талқыланды. Аудандық бюджет есебінен жолдарды асфальттеу мәселесі алдағы уақытта бюджетті қалыптастыру кезінде қаралады.
Аралау соңында Мадияр Мұхтарұлы ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін бақылауына алып, тиісті бөлім мен ауылдық округінің әкіміне нақты жұмыстарды атқаруды тапсырды.

Leave a reply