0
111
4-ші маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай, Қазығұрт ауданында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көкке көтеру рәсімі өткізілді. Аталған іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық мәслихат төрағасы Тайбек Қалымбетов, аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, аудандық Ардагерлер кеңесі мен Әжелер алқасы мүшелері және басқа да мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Шара барысында аудан әкімі Азизхан Азимханұлы баршаны мерейлі мерекемен құттықтай отырып, «Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе берілген. Сондықтан, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу барша республика азаматтарының қасиетті парызы» деп атап өтті.
Одан бөлек, Рәміздер күніне орай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жылдағы дәстүрге сай арнайы автошеру жүргізілді. Аудандық полиция бөлімінің бастауымен жүрген көліктер шеруі мемлекеттік Туды биік көтеріп, ауданның орталық көшелерін жүріп өтті. Бұл шараның басты мақсаты, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті көрсету, Көк туды биікке көтеру, барша халық арасында патриоттық сезімді ояту мен Рәміздерімізге деген сүйіспеншілікті күшейту болды.
“Сіздерді 4-ші маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл мемлекеттік рәміздерімізге 31 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 1992 жылғы 4 маусымда бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер, азаматтарына сасқанда сабыр, жол таппай қиналғанда ақыл қосатын қасиетті де құдіретті күштер.
Бүкіл халықтық сипатқа ие болған бұл мереке барлығымызды біріктіре түседі, ұлттық сананы қалыптастырады, патриоттық сезімді оятады. Патриоттық сезім әрбір қазақстандықтың жүрегінде сақталып, Отанына деген махаббатымен қатар тіліне, тарихына деген ықыласы жоғары болуы қажет.
Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе берілген. Сондықтан, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу барша республика азаматтарының қасиетті парызы.
Қадірлі жерлестер! Сіздерді, айтулы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, сарқылмас бақыт тілеймін. Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздердің мәртебесі биік болсын! Еліміздегі тыныштығымыз бен бірлігіміз бекем болсын!”, деді аудан әкімі.
Мәдени мерекеге орай, аудандық  “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “Менің Туым, Менің Отаным” атты тақырыпта  Қазығұрт тауының ең биік шыңына көк туы тігілді. Қазығұрт – Шымкенттен оңтүстікке қарай 22 шақырымға созылып жатқан ұзын тау сілемі. Оның ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 1768 метр биіктікте орналасқан. Тау деген атауына аласа болып болып көрінуі мүмкін, бірақ оның Қазақстанның рухани әлеміндегі маңызы өте зор. Аңыз бойынша Нұхтың кемесі Қазығұртқа тоқтаған. Осы жерден әлемнің жаңа тарихы басталады. Сонымен қатар, Қазығұрт аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Тесіктөбе ауылдық кітапханасында 4 маусым – ҚР-ның Мемлекеттік Рәміздер күніне орай “Ел рәміздері – ел рухы” атты танымдық сағат болып өтті. Шара оқырмандарға мемлекеттік рәміздердің аса маңызды екенін, оны құрметпен мақтан тұтуға, рәміздерін құрметтеуге үйрету, өз Отанының патриоты етіп тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған. Кешке клуб меңгерушісі Н.Райымқұлов қатысып, оқырмандарға әрбір адам өз халқын, өз Отанын, өз мемлекетін құрметтеуге, мақтаныш тұтуға міндетті, ал азаматтарға өздерінің бірлігі мен біртұтастығын сезінуде мемлекеттік рәміздер көмектеседі. Рәміздер бір мемлекетті басқа мемлекетпен айырып тұратын белгілер екенін айтып өтті.
Бұдан бөлек, Қазығұрт аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Сынтас ауылдық кітапханасында  Рәміздер күніне орай “Ел рәміздері – ел рухы” атты тақырыбында танымдық сағат өткізілді.
Мақсаты оқушылардың Елтаңба, Ту, Әнұран туралы түсініктерін нығайту. Отансүйгіштікке, халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу. Рәміздердің пайда болуы және тарихтағы маңызы жайлы түсініктерін дамыту.
Кешке кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Кеш ҚР-ның Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, оқырмандар рәміздер жайлы өлеңдер мәнерлеп жатқа оқыды. Сондай-ақ,  Қазығұрт аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Шарбұлақ ауылдық кітапханасында “Рәміздерім – Тәуелсіздік белгісі” атты ақпарат сағаты өткізілді. Согымен қатар, Қазығұрт аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Қарабау ауылдық кітапханасында 4 маусым ҚР-ның Мемлекеттік Рәміздер күніне орай “Мемлекеттік Рәміздер – тәуелсіздіктің нышаны” атты патриоттық кеш ұйымдастырылды.
Мақсаты Қасиетті Рәміздердің болмысы – бітімін, мән мағынасын жақсы білу баршамыздын, әсіресе өскелең ұрпақтың білу парызы екенін ұғындыру. Кешке А.Оразбаева мектебінің ұстаздары мен оқушылары және пробация қызметі есебінде тұратын азаматтар қатысты. Кеш барысында кітапханашы Рәміздерімізді тереңінен тарихын паш ететін мағлұматтар берсе, оқушылар патриоттық өлеңдер мен жыр шумақтарын жатқа айтып берді.
Одан бөлек, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Жігерген ауылдық кітапханасында, Қақпақ ауылдық кітапханасында, Қосағаш ауылдық кітапханасында  4-маусым ҚР-ның Мемлекеттік рәміздер күніне орай “Рәміздер – ел мақтанышы” атты танымдық сағат өтті. Кешке кітапхана оқырмандары мен пробация қызметі есебінде тұратын азаматтар қатысты.

Leave a reply