Павлодар облысында көпбалалы отбасының үйі өртеніп кетті
Павлодар облысында көпбалалы отбасының үйі өртеніп кетті. Салдарынан бір баланы күйік шалып, екі жасар қыз қайтыс болды, деп хабарлайды Infonews.kz сайты.
Қайғылы оқиға 9 тамызда Павлодар облысының Береговое ауылында болды. Өрт 80 шаршы метрді шарпыған.
“Өрт кезінде 2019 жылы туған бала зардап шекті. Бала 1-2-дәрежелі термиялық күйік алды. 2021 жылы туған сәби қайтыс болды”, – деп хабарлады облыстың Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Шенеуніктердің айтуынша, оқиға кезінде анасы сыртта болған. Күйік алған 4 жасар баланы ата-анасы өздері аман алып қалған.
Жалын жеке үйді толығымен қиратып, сегізінші баласын күтіп отырған көпбалалы отбасы баспанасыз қалды. Өрт 11:45-те оқшауланып, жарты сағатта толығымен жойылды. Өрттің шығу себебі анықталуда.