Еліміздегі мол көлемде банан өндіретін кәсіпорын Сайрам ауданында
Түркі жұртының рухани астанасы атанған Түркістан қаласының қайта түлеп, қасиетті шаһардың келбеті мен тарихи құндылықтары келген туристерді тамсандырса, өңірдің тыныс-тіршілігімен үндесіп жатқан ауылдардағы шаруашылықтар мен кәсіпкерлік саланың жұмысы жанданып жатыр. Бұл туралы жақында өңір басшысы Дархан Сатыбалдының облыстағы барлық аудан-қала тұрғындарымен кездесіп, есеп беру барысында көзіміз жеткен болатын. Әрине, алда атқарар шаруа шаш етектен. Мемлекет басшысының әсіресе Жолдауынан бастау алатын түрлі бағыттағы тапсырмаларын орындау мақсатында жергілікті билік еңбек етуде. Мақсат – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, өңірдің дамуына үлес қосу. Облысқа республикалық бюджеттен бөлінген және ішкі өнім өндіру бойынша өңірлік табыстардан түскен қаржыны тиімді жұмсау облыс басшылығының қатаң бақылауында тұр.
Жақында ғана аудан-қалалардың жұртшылығымен кездесу жасаған облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы тағыда өңірді аралап, өткендегі кездесу барысындағы айтылғандарды назардан тыс қалдырмай және жоспарлар бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтап, аймақтың жұмысымен танысып жүр.
Осы тұрғыда Сайрам ауданына іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды алдымен аудандағы кәсіпорындар мен өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Айталық, еліміздегі мол көлемде банан өндіретін алғашқы кәсіпорын Сайрам ауданында орналасқан. Түріктің Gen group Qazaqstan компаниясы 5,3 гектар жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Өсірілетін банан сорты арнайы Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген. Алғашқы өнімді 6 айдан кейін жинау жоспарлануда.
Кәсіпорын басшысы Тимур Утешовтың мәліметінше, алдағы уақытта манго, авокадо сынды жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Экзотикалық жемістерден басқа, жылыжайда қызанақ пен құлпынай өсіріледі. Жобаның бірінші кезеңдегі құны 4 млн АҚШ долларды құрайды. Құрылыс сапасы жоғары, жылыжайлар климаттық бақылау мен бейімделгіш қоректендіру жүйесімен жабдықталған.
Қазақстанда баламасы жоқ кәсіпорын жақын арада жылыжай жерін 5 гектарға кеңейтпек. Қайнарбұлақ ауылдық округінде орналасқан жылыжай жылына шамамен 1 000 тонна банан өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін 1 пайызға қамтамасыз етіп отыр.
Облыс әкімі келесі кезекте «Қасымбек Датқа» елді мекеніндегі «Шымыр-Медет» лимон жылыжайына барды. Жалпы көлемі 1 гектар жерде 2000 түп лимон көшеті отырғызылған. Жылына 80 млн лимон өнім береді. Бұл лимонарий облыс аумағындағы ең үлкен жылыжай болып саналады.
Облыс басшысы егістікті әртараптандырудың маңыздылығын атап өтті.
– Егістікті әртараптандыру, баланс ұстау аса маңызды. Біз жыл сайын тек бір дақылдарды екпеуіміз керек. Нарыққа назар аударып, жоғары сұранысқа ие дүниелерді бақылаған жөн. Өзімізді барлық қажетті өніммен қамтамасыз ету және сол арқылы бағаны тұрақтандыру үшін аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі саласына барынша қамқорлық таныту қажет, – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Егістікті суармалы сумен қамту мәселесіне көңіл бөлген аймақ басшысы барлық қолда бар мүмкіндікті пайдалануды және жерасты суларының қорларын зерттеу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ барлық су ресурсының теңгерімін зерделеуді тапсырды.
Бұдан соң облыс басшылығы жобалық құны 2,1 млрд теңгені құрайтын Mangystau Oil Refeining мұнай өнімдерін өңдеу зауытына табан тіреді. Зауытта сұйылтылған көмірсутек газы, бензин еріткіші, көмірсутек еріткіші, уайт-спирит (нефрас), автокөлік бензины, техникалық керосин, дизель отыны, қазандық отындары өндіріледі. Зауыт жылына 250 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы кәсіпорында 60 адам жұмыспен қамтылған.
Құрама жем шығаратын зауыттың жұмысымен танысқан облыс әкіміне өндіріс орны жылына 60 мың тонна мал азығын өндіретіні және бүгінде зауыт өнімін ішкі нарыққа және Өзбекстан Республикасына экспортқа жіберілетіні туралы баяндалды. Жалпы, бұл нысанның жобалық құны – 600 млн теңге. Бұл жерде жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.
Облыс басшысына ауданда орналасатын индустриалды аймақ таныстырылды. 80 гектар жерде ауданның инвестициялық жобалары жүзеге асырылады.
Бұдан соң облыс басшысы Сайрам ауданының кәсіпкерлерімен және инвесторларымен бизнес саласын талқылау бойынша кездесу өткізді. Кездесу барысында бизнес саласындағы мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, қоғамдық әл-ауқатты арттыру секілді мәселелерді шешу бойынша берген тапсырмаларын тыңғылықты орындау қажет екенін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі кәсіпкерлік белсенділікті және инвестициялық тартымдылықты күшейту туралы тапсырма берген болатын. Аудан басшылығы тарапынан сол тапсырмалардың жүзеге асу барысы баяндалды.
Атап айтқанда, мал қалдықтарын ашық жерге төкпеу үшін қалдықтарды қабылдайтын орын ашылды. Алда жергілікті кәсіпкерлер оны өңдейтін кәсіпорын салуды көздеп отыр. Алда автоматты газдалған бетон шығаратын зауыт ашылмақ. Инвесторлар көмегімен жылына 20 мың тонна тонна өнім шығаратын құс фабрикасын салуды қолға алмақ.
Басқосуға 50-ге жуық ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер қатысты. Кездесу еркін қарым-қатынас форматында өтті. Онда бизнесті қолдау бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары кеңінен талқыланды. Бизнес қордаланған мәселелері мен ұсынысын айтты. Сонымен қатар шараға мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сайрам ауданының кәсіпкерлері тәжірибе жинау үшін Қытай еліне баруды жоспарлауда. Ондағы зауыт, фабрикалардың жұмысымен таныспақ.
– Кәсіпкерлердің жеке бастамасына барынша қолдау көрсету қажет. Бұл бағытта жұмыстарға күш саламыз. Сайрам ауданында кәсіпкерліктің даму қарқыны жақсы. Осыны дамыту керек. Оған ауданда ашылатын индустриалдық аймақтың үлесі мол болмақ. Біз мемлекет пен бизнес арасында жаңа қарым-қатынас орнатуымыз керек. Бүгінгі басты міндетіміз – бизнес пен мемлекеттік аппараттың толық өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. Сіздердің бастамаларыңыз туралы үнемі хабардармын. Қытай сапарынан кейін өздеріңізден жақсы бастамалар күтеміз. Ел дамуындағы оң өзгерістер бизнеспен тікелей байланысты болғандықтан, саяси реформаларды бірлесе жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастырып, кәсіпкерлер қоғамға, халыққа қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіндігі сөзсіз. Осыған орай бизнес өкілдерін жаңа жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Кәсіп иелері электрэнергия тапшылығы жайлы сөз қозғады. Мәселені шешу жолдары қарастырылады. Кәсібін кеңейтуді көздегендер жер қарастыру жайлы сұраныс берді. Сондай-ақ маман тапшылығы мәселесін көтерген кәсіпкерлер зауыттарда инженер-механик мамандығы жетіспейтінін жеткізді. Ол үшін арнайы оқу орындарымен байланыс орнату қолға алынатын болды.
Айта кетейік, Сайрам – шағын және орта кәсіпкерлік саласы дамыған аудан. Кәсіпкерліктің басым бөлігі ауыл шаруашылығы бағытында болса, одан бөлек сауда және қызмет көрсету салаларын қамтиды.
Сайрам ауданы әкімі Арман Сәбитов облыс басшысының өткенде ғана аудан халқымен кездесуі барысында көтерілген мәселелердің оң шешімін тауып жатқанын жеткізе отырып, аудандағы атқарылып жатқан өзге де жұмыстар мен жоспарлары туралы баяндады.
Аудан әкімінің мәліметінше, ауданда ағымдағы жылдың 8 айында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты. Жалпы, өңірлік өнім көлемі 137,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға немесе 2,0 млрд теңгеге артты. Оның ішінде өнеркәсіп саласында 29,4 млрд теңгенің өнімі, ауыл шаруашылығы саласында 72,3 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, құрылыс жұмыстарының көлемі 7,2 млрд теңгені, ауданға тартылған инвестиция көлемі 32,9 млрд теңге болды.
Ал өнеркәсіп саласында жыл басынан 68 кәсіпорынмен 29,4 млрд теңгенің өнімі өндірілген болса, оның ішінде 23,7 млрд теңгесі немесе 80 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 3 жылда 1,7 есеге артқан.
Ауданның негізгі тіршілігі болып саналатын ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан 72,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, облыстағы өнім көлемінің 14,3 пайызын құрады. Ауданда 75,5 гектар жерге жылыжай орналасқан болса, ағымдағы жылы 17,5 гектар жылыжай іске қосылды.
Бүгінде ауданда жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны былтырғы жылмен салыстыр-
ғанда 28,4 пайызға артып, 22 мың бірлікті құрады. Оның 12 мыңы немесе 55 пайызы жеке кәсіпкерлер. Олар аудан экономикасының дамуына үлес қосуда.
Жергілікті бюджетке жыл басынан 9,3 млрд теңге салық түсімдері түссе, оның ішінде 4,3 млрд теңгесі немесе 46 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері есебінен түсіп отыр. Бұл өз кезегінде аудандағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуда.
Биыл 8 ай көлемінде ауданға 32,6 млрд теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылдың 8 айымен салыстырғанда өсім 44,3 пайызға немесе 10,0 млрд теңгеге артты. Аудандағы жыл басынан тартылған инвестицияның 93,3 пайызы жеке инвестиция. Осылайша, соңғы 3 жылда тартылған жеке инвестиция көлемі 2 есеге артқан.
2023-2024 жылдарға ауданда 75 млрд теңгеге 19 жобаны іске асырып, 886 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Жыл басынан 11 млрд теңгеге 9 жоба іске қосылып, 279 жұмыс орны ашылды (күнбағыс майын шығаратын цех, газоблок және темірбетон зауыты, алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт, жылыжай құрылысы).
Аудан әкімі жиын барысында жоғарда айтылғандай, республикада баламасы жоқ банан өсіруге арналған жылыжай кешені туралы айтып берді. Ол сондай-ақ жыл соңына дейін құны 2,6 млрд теңгеге 5 жоба іске қосылса, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарлануда.
Оның ішінде «Тұран Агро ет-сүт» өндірістік кооперативі сүт өнімдерін өндіреді, құны – 450 млн теңге, 20 жұмыс орны ашылады.
Meat magnat ЖШС 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр, құны – 800 млн теңге, 10 адам жұмыспен қамтылады.
Samid Master ЖШС ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін зауыт құрылысы, жобаның құны – 650,0 млн теңге, 20 адам жұмыспен қамтылады.
Одан өзге, 2024-2025 жылдары Nurum Grup ЖШС тарапынан жалпы құны 5 600,0 млн теңгені құрайтын, 2 ірі жоба жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, сағатына 20 тонна өңдейтін құрама жем зауыты (құны 2 500,0 млн теңге, жұмысшы саны – 12) және тәулігіне 1 500 ірі қара мал ет өнімдерін және жануарлардың қалдықтарын тереңдеп өңдеу цехының құрылысы (құны 3 100,0 млн теңге, жұмысшы саны – 40) жоспарлануда.
Сонымен қатар бүгінде «Агроөнеркәсіптік индустриалды аймағын құру үшін жер учаскесін (90 гектар) резервте қалдыру туралы» аудан әкімдігінің қаулысы қабылданып, тұжырымдама жобасы (концепция) әзірленуде.
«Алдағы уақытта осы жер учаскесіне инфрақұрылым жүйелерін жүргізу мәселесі өзіңіздің тікелей қолдауыңызбен жүзеге асатын болады», – деген аудан әкімі А. Сәбитов іске асқан жобалар ауданның өндірістік әлеуетін арттыру және кәсіпкерліктің дамуына септігін тигізері сөзсіз және аудан экономикасының қарқынды дамуына белсенді кәсіпкерлердің үлесі орасан екенін жеткізді.
Тельман БЕЙСЕН,