САЙРАМ: АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУДА МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕЛЕР КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

0
32

«Ел болам десең, бесігіңді түзе, оны түзеймін десең әйелдің хәлін түзе» деген Мұхтар Әуезовтың қанатты сөзі бар. Ана мен бала жағдайын жақсартпай, халықтың өсімі көбеймейді. Бұл тұрғыда Сайрам ауданында жан-жақты, яғни әлеуметтік мәселелер шешімі, құқықтық-профилактикалық, медициналық қолдау жұмыстары жүргізілуде.  Атап айтқанда, Сайрам ауданындағы орталық аудандық аурухана ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Бұл жоба «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында іске асырылып жатыр. Құрылыс жұмыстарын «КазЭвро» ЖШС жүргізуде. Бүгінгі таңда 100-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Күрделі жөндеу жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарланған.

Аудан тұрғындары осыған дейін күрделі тексерулер мен жоғары технологиялық ем-дом алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болса, енді бұл қажеттілік жойылады. Аурухана ауданаралық көпбейінді медициналық орталық ретінде қайта жасақталып, заманауи МРТ, КТ сынды жоғары технологиялық құралдармен жабдықталады. Денсаулық сақтау мекемесі магнитті-резонанстық томография (МРТ), компьютерлі томография (КТ) сияқты заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, өңір тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсететін болады.

Күрделі жөндеуден өтіп жатқан екінші нысан – Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауруханасы. Аталмыш ғимараттың тозығы жетуіне байланысты, мұнда да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаны «Алтын Констракшн» ЖШС қолға алған. Қазіргі таңда мұнда 60-қа жуық құрылысшы жұмыс атқарып жатыр. Жөндеу жұмыстары бұл нысанда да 2026 жылға дейін жалғасады.

Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан облысында медициналық нысандарды жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мердігер компанияларға нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау, жобалық-сметалық талаптарды мүлтіксіз орындау, нысандарды белгіленген мерзімде аяқтау, сондай-ақ мүмкіндігінше жергілікті жұмысшыларды тарту мәселелері баса айтылды.

Аталған жобалардың жүзеге асуы аудан тұрғындарының ем-шараларды дер кезінде, сапалы әрі қолжетімді алуына жағдай жасайды. Сонымен қатар аудандық денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасы нығайып, медициналық қызмет көрсету сапасы артады деп күтілуде.

Қазақстанның өзге аймақтарымен салыстырғанда Түркістан облысында туу деңгейі ең жоғары. 2024 жылы мұнда 57 мыңнан астам бала дүниеге келген, ал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 23 391 бала болды. Қайтыс болғандар саны – небәрі 4 930 адам, нәтижесінде табиғи өсім 18 461 адамды құрады.

Leave a reply