ШАҺАРДЫ АБАТТАНДЫРУ БАСТЫ НАЗАРДА
Бүгінде туризм бүкіл әлемде қарқынды дамып келе жатқан салаға айналды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та туризмді дамыту – инфрақұрылымды дамытумен тікелей байланысты екенедігін жиі айтады. Елімізде миллиондаған адам демалыстарында отандық және шетелдік демалыс орындарына барады.
Туристік инфрақұрылым туризмді дамытуға мүмкіндік береді, сондықтан қалаға келетін туристер өздерін жайлы сезінетіндей жағдай жасау керек. Осы бағытта қаламыздың көркеюі, гүлденуі шаһардың абаттануы үшін жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Түркістан қаласын еліміздің ірі туристік орталығына айналдыру мақсаты белгіленгені анық. Қаланы абаттандыру мақсатында бірнеше кезеңдік жұмыстар жүріп жатыр. Қалалық инфрақұрылым және коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, абаттандыру мақсатында 32 парк пен аллеялар бар. Биылғы жылы жалпы 42 нысанға абаттандыру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде 3 нысан - саябақ, 25 нысан ойын алаңшалары, 12 нысан жалпы абаттандыру, 2 нысан бойынша ирргигациялық жұмыстардың құрылысы жүруде. Сонымен қатар, электр-жарықтандыру бағытында біршама жұмыстар жасалған.
«Қала көлемінде1 446,7 шақырым электр желісі бар. Түркістан қаласы тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамту деңгейі 84,9%, болашақта 98,5%-ға жеткізу көзделіп отыр. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Жалпы шаһар аумағында 42014 абонент электр жүйесімен қамтылған, оның ішінде 35669 абонент сапалы электр қуатымен қамтылған. Яғни, орташа тұтыну деңгейі 36 МВт/сағ.
Қаладағы Электр желілерінің басым бөлігі ескі, ашық, алюмин сымдарман жабдықталған. Қолайсыз ауа райында қатты жел болғанда бір-бірімен айқасып, жиі үзіліп, әрі шығын (потеря) көп болатын тиімсіз жүйе. Қазір оны изоляцияланған жабық типтігі СИП (самонесущий изолированный провод) кабельге алмастырып жатырмыз. Ол біріншіден тиімді, электр тогының жоғалуын тежейді, екіншіден апатты жағдайда қауіпсіз. Әрі қаланың сәулетіне нұқсан келмесі үшін, жер асты кабельдеріне де алмастырып жатырмыз. Сонымен қатар, жекеменшік трансформаторларды жойып, стандартқа сай жаңа трансформаторлар орнаттық. Бір трансформаторға 100 үйге арналған болса, 150 үй «мінгесіп» алған жағдайлар болды. Оларды нормативке лайықтап, тиісінше бөліп жатырмыз, жаңа жабық типтегі қауіпсіз трнасформаторлар қойылуда.
Электр энергиясын жаңғырту бағдарламасы аясында, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан соңғы 3 жылда 39 дана трансформатор, 32,33 шақырым электр желісі мен 1002 дана электр бағанасы орнатылған»,- дейді мекеме басшысы бізбен әңгімесінде.
Міне, біз атап өткен дүниелердің барлығы инженерлік-инфрақұрылым саласына қатысты болғанымен халықтың тұрмысына ыңғайлы жағдай жасау келген туристердің еркін жүріп-тұруына аталмыш жобалар маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Осы ретте Түркістан қаласының аумағында әлі де қолға алынып, атқарылатын жұмыстар легі аз емес. Ол жөнінде алдағы уақытта оқырман назарына ақпараттарымызды ұсынып отыратын боламыз.
Ә.ТӘШІМ.