ТҮРКІСТАНДЫ ТҮРЛЕНДІРГЕН БЕС ЖЫЛ

0
132

Биыл Түркістан қаласы облыс орталығы болғанына 5 жыл толып отыр. Аз уақыттың ішінде рухани шаһарымыз адам танымастай өзгерді. Шығыстық үлгіде ғимараттар бой түзеп, қала ажарлана түсті. Осы орайда тұрғындармен тілдесіп қайта түлеген қарт қала жайында пікірлерін білдік.

Қаладағы абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Жаз айларында оңтүстік өңірде аптап ыстық болады. Жел мен аптап ыстықты азайтуға абаттандырудың тигізер әсері мол. Жол жиегі мен арнайы орындарға көшеттер егіліп, бүгінде нәтиже беріп келеді. Сонымен қатар, ұсынысым жер үйлердің арасында ағаштар көптеп өсірілсе, көлеңкелі орындар көп болушы еді. Себебі біздің қалада ауа құрғақ, жел соғуы көп орын алады. Әлі де қала ішінде абаттандыру жұмыстарын жандандыра түсу керек.

Е.ТӨЛБАСИЕВ.

 

Мен осы киелі мекенде туып-өстім. Бұл қаланың әрбір бұрышы мен үшін ыстық. Соңғы бес жылдықта рухани қаламыз айтарлықтай өзгеріп сала берді. Жан-жақтан келуші туристер саны артты. Түркістан туристерге жаңа деңгейде танылып жатыр. Сонымен қатар, түрлі концерттер ұйымдастырылып келеді, осылайша рухани мекеніміз гүлденіп келеді. Қазіргі таңда қалада түрлі ғимараттар бой көтеріп жатыр. Яғни қала мәдениеті даму үстінде. Жаңа театр, жаңа концерт залдар, кітапханалар бәрі қаламыздың шырайын келтіріп тұр. Бір қуантатыны мереке сайын қалада іс-шаралар міндетті түрде ұйымдастырылады.

С.АБДУЛЛАЕВ.

 

Осы қаланың тұрғыны ретінде жарықтандыру жұмыстарына көңілім 100% толады. Себебі қаламыз қашанда жап-жарық. Әсіресе отбасымызбен кешкі серуенге шыққанда «Керуен Сарай», «Жібек жолы» саябағы, Қ.А.Ясауи мешіті ерекше көзге түседі. Яғни, серуендеп жүре бергің келеді. Сонымен қатар, жаңа қала, «Отырар» ықшам ауданының да көшелері жарықпен толық қамтылған. Қалаға кіріп келе жатқан жолаушыларға жап-жарық қаламыз тамаша көңіл-күй сыйлайтыны анық. Осы тұрғыда қала басшылығына айтар алғысымыз көп.

Ж.ӘЛМАХАН.

 

Қалада байланыс жүйелерінен ешқандай мәселе жоқ. Қала маңындағы елді мекендерді айта алмаймын. Сонымен бірге, электр жүйесі де жақсы жолға қойылған. Үлкен қалалардан кем түспейді. Барлық желілер мен электрлік жүйелердің жұмысы ауа-райына да байланысты, қатты дауыл, жел соқса жарық өшіп жатады. Алайда, сонан соң дер кезінде қайта қосылып жатады.

С.НАУРЫЗБАЙ.

 

Сауалнаманы жүргізген:

Назым САУРБАЕВА.

Leave a reply