АУЫЗ СУ ҮНЕМДІЛІКТІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

0
285

Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеп, тіпті «қайғысыз қара суға да семіреді», «судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген. Тіршілік тізбегіне терең үңіліп қарайтын болсақ, бір жұтым судың да қаншалықты қадірлі екенін аңғару қиын емес. Сөзімізге дәлел өзге елдерде болып жатқан су тапшылығы туралы ауқымды мәселелер. Ал өз елімізде қара судың қадірі ауыл аймақтардан бөлек қалалықтар үшін де маңызды. Әсіресе көпқабатты үйде тұратындар тіршілік көзінің тоқтамауын тілейді. Дегенмен, тұрғындардың да қара суға бейжай қарап, үнемді қолданбайтынын айта кеткен жөн. Осы тұста ауыз су мәселесінде ауыз толтырып айтар жаңалықтар бар-жоғын білу үшін «Түркістан-Су» МКК – нің директорының орынбасары Сейілбек Дайрабай Иманбердіұлымен сұхбат құрған болатынбыз.

– Инфрақұрылымның тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні анық. Осы тұста, шаһарымызда қысқы маусымға дайындықтар жүргізілді ме?

– Қысқы мерзімге дайындық жұмыстарын толығымен дерлік жүргізіп қойдық. Тарқатып айтар болсам, бізде қала аумағы бойынша жиырма жеті КНС бар. Сол КНС-тің қайта өңдеуді талап етіп тұрған үшеуіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп қойдық. Одан бөлек біздің қаламызда 1738 шақырымды құрайтын су жүйеміз және 10600-ге жуық құдықтарымыз бар. Аталмыш құдықтарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, су тамшылап тұрған құбырларды қайта өңдеуден өткізіп, жөндеу жұмыстарын жасап қойдық. Сондай-ақ, қаламыздың негізгі көшелерінің бірі Тәуке хан көшесіндегі 132 мен 144-ке дейінгі су жүйелері жарамсыз үйлердің құбырларын ауыстырып, қысқы маусымға сақадай сай қылып дайын еттік. Одан бөлек айта кетер тағы бір шешімін тапқан мәселе Бірлік елді мекеніне қарасты Нұр ата және Балабүргенов көшелеріне су құбырларын жүргізіп, үйлерге су кіргізген болатынбыз. Міне, өздеріңіз байқағандарыңыздай, қысқы маусымға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Оның тағы бір дәлелі алдағы аптадан бастап қала тұрғындарына, оның ішінде жер үйде тұратын тұрғындарға су құбырын қатырып алмау керектігі туралы хабарландыру беріліп, басынан аяғына дейін қысқы маусымға дайындықты жоғарлататын боламыз. Аталмыш хабарландырулардың барлығы жергілікті БАҚ өкілдерінің қолдауымен қала тұрғындарына жолданатын болады.

 

– Жолдауда айтылған тариф саясаты, ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды енгізу бойынша айта кетсеңіз.

– Мемлекет басшысы осы тұста өте дұрыс әрі керек дүниені сөз қылды. Яғни, тарифті инвистицияға айырбастау. Мұндағы мақсат қолданыстағы отырған су жүйелерінің тозығын азайту, яғни, пайызын азайту. Мысалы, бізде 2019 жылдары 101 шақырымды тұрғындардың өздері жүргізген су құбырлары болған болатын. Міне осындай дүниелерді азайту мақсатында және халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында келер жылдан бастап тарифтерді көтеру ұсынылуда.

 

– Ағымдағы жылдың аяғына да келіп қалдық. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан айтылған наразылықтардың қанша пайызы өз шешімін тапты және алдағы жылға жоспарланып отырған ауқымды мәселелер туралы бөліссеңіз.

– Қала тұрғындарының тарапынан кейде теріс пікірлер де айтылып жатады. Дегенмен, қолымыздан келгенінше тұрғындардың тілегін орындауға барымызды саламыз. Жоғарыда айтып өткендей бір емес, бірнеше көшелерде жөндеу талап етіп тұрған құбырларды қайта жөндеп халық игілігіне берілген болатын. Сондай-ақ, осы жылдың есебін тапсырып болғаннан кейін алдағы жылдың үлкен мәселелерін ауыздықтауға инвестиция тартып, шешетін боламыз. Солардың бірі де бірегейі, 4-5 көшенің су жүйелерін ауыстыруды басты жоспарға алып отырмыз. 1970-1980 жылдардан бері жөндеу көрмеген бұл көшелердің қазіргі мәселелеріне шамамен 60 миллион теңгедей қаражат керек етеді.

 

– Бүгінде шаһарымызда көпқабатты тұрғынүйлер жарыса бой көтеруде. Бұл дегеніміз тұрғындарымыздың да саны артып жатқанының белгісі. Осы тұста қаламыздағы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі қалай?

– Иә, қазіргі Түркістанды бұрынғымен мүлдем салыстыруға келмейді. Шүкір, қаламыз күн өте түрлі-түрлі жақсы жаңалықтарымен тек алға жылжып жатыр. Соның бір дәлелі, жарыса бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлер. Қазір шаһарымыздың «Жаңа қала» аймағында 99 көпқабатты үйлер және 77 көпқабатты мекемелер бар болса, «Отырар» мөлтек ауданында 91 көп қабатты үйлер бар. Міне, осы үйлердің бәрі, тіпті аталмай қалған мөлтек аудандар да Кентау – Түркістан топтамалы су құбыры арқылы толық қамтамасыз етіліп отыр. 2015 жылы Республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, Түркістан мен Кентау қалаларының жер қойнауындағы судың қай уақытқа дейін жететінін есептеген болатын. Сондағы есеп көрсеткіші бойынша 27 жылға жетеді деп топшылаған.

 

– Іс-сапармен Кентау қаласына барғанымда бір қариямен әңгіме құрған болатынмын. Сонда қарияның бір айтқан мәселесі есіме түсті. Халық арасында «Бір есек» аталып кеткен таудан келетін ағын су туралы біраз мәліметтер айтты. Сол тау суының алдына бөгет қойып, бағытын Түркістанға қарай өзгертіп, енді Кентау қаласының өзінде су мәселесі бойынша шешімін таппай отырған бір-екі мәселе бар екен. Осы сауал бойынша өзіңіз кеңінен тарқатсаңыз.

– Сұрағыңыз өте орынды. Бұл туралы айтар болсақ 2020 жылға дейін біздер сол «Бір есектен» су алып отырған болатынбыз. Яғни ол тауды жарып шығып тұрған бұлақтың таза суы. Ол су осы уақытқа дейінде Кентау қаласының көше бойларымен ағып немесе шахтадағы жұмысшыларға келіп отырған су болатын. Ал сол аталмыш бұлақ бойында 11 су ұңғымасы бар. Сол 11 су ұңғымасының төртеуінен қосылып Кентау – Түркістан топтамалы су құбырлары арқылы Шобанақтағы су қоймаға жинап, сол су қоймасынан біздің шаһарымызға беріліп отырған. Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан халқының тұрғындарына ауызсу толықтай сол Кентау қаласынан келеді. Өткен 2020-2021 жылдары «Бір есек» бұлағынан қосымша су тартпақшы болған. Бірақ, «Хантағы» елді мекенінің тұрғындары өз наразырықтарын білдіріп, бүгінгі таңда «Мырғалымсай» мекемесіне су жүйелерін тартып, тазарту құрылғыларын орнатып, бүгінгі таңда Түркістан – Кентау тұрғындарына таза ауызсу беріліп отыр. Тағы бір айта кетер жағдай, Шобанақ елді мекеніндегі бұрынғы су қойманың сыйымдылығы 10 мыңнан 20 мыңға дейін ғана еді, ал қазір 40 мыңдық су қойма болып, өз пайдасын халық игілігіне тигізіп отыр. Егер алдыңғы жылдармен салыстырмалы түрде қарасақ, 2021 жылдары сағатына 1300-1400 м³ су келіп отырған болатын. Ал қазір тіпті күз, қыс мезгілдерінде сағатына 1700 м³ су келіп отыр. Ал жаз айларында 2500 м³-қа дейін көтеріліп, тұрғындарды сумен қамтамасыз етіп отырмыз.

 

– «Су – тіршілік көзі» деп жатамыз. Осы тұста өңіріміздегі су қоймалары туралы, ондағы шешімін таппай отырған шаруалар туралы айта кетсеңіз.

– Бізде облыс орталығын құру туралы құрылыс жұмыстары басталғаннан бізге де үлкен жауапкершілік артылды. Облыс орталығы болғаннан кейін қала тұрғындарының саны да күрт өсері анық. Сондықтан қала ішінде су мәселесі белең алмас үшін ерте бастан қамданған болатынбыз. Тарқатып айтар болсам, қала тұрғындарына арналып қажетті су қоймалары мен су жүйелеріне ұсыныс берген болатынбыз. Облыс әкімшілігіне жақын аумақта орналасқан су қойма бар. Аталмыш нысанда 8 мыңнан екі дана су қоймасы бар. Яғни, 16 мыңдық су қоймасы салынған болатын. Одан бөлек, орталық су қоймасы да жұмыс жасап тұр. Ол жерде құрылыс жұмыстары өткеннен кейін 11 мың м³ су қойма салынып, қазіргі таңда халық игілігіне берілді. Сонымен қатар, Тәуке хан мен Ерубаев көшелерінің ортасында орналасқан «Сельмак» су қоймасы бұрын бұзылған болатын. Дегенмен, қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда ел игілігіне қайта берілуге сәл уақыт қалды. Қорыта айтқанда, 77 мың 600 м³ құрайтын су қоймасы бүгінгі таңда өз жұмысын бастаудың алдында тұр.

 

– Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп және тиімді пайдалану керек. Осы тұста қала тұрғындарына айтарыңыз бар ма?

– ТМД елдері бойынша су тапшылығы орын алу алдында тұрған мемлекеттер қатарында біздің ел де бар. Ал сол біздің кең байтақ еліміздің ішінде Қызылорда облысы мен өзіміздің Түркістан облысында қауіп алдында тұр десек те болады. Сондықтан, Түркістандықтарға бір сөз айтар болсам, ол әрине ең әуелі су тіршілігін үнемдеу туралы болар еді. Қандай жағдай болмасын үйге су өлшеу құрылғысын орнатып, суды үнемдеп, ұқыпты пайдалансақ екен деймін. Жер үйде тұратын тұрғындар болса олардың аулаларында міндетті түрде бау-бақша болары анық. Ал сол бақшаны суаруға арнайы құдық қаздырып, сол құдықтың суын пайдаланса деген ұсынысым бар.

 

P.S. «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Дегенмен, осы мақалды халықтың жүз пайызы білгенімен сол суды үнемдеуге атүсті қарап жатады. Сондықтан, біз күнделікті судың қадірін біле бермейтініміз – шындық. Сарқырап су ағып тұрған соң бір тамшы суға зар болған жандарды түсіне бермейміз. Қазіргі кезде өнеркәсіпте көп қажеттіліктерге суды пайдаланғаннан, өндіріс қалдықтары суды ластауда. Сондықтан күн өткен сайын ішуге жарамды таза су азайып барады. Бұл ретте біз қолымыздан келгенше суды үнемдеп, оның басты құндылық екенін естен шығармауымыз керек.

 

Сұхбаттасқан: Ержан СМАҒҰЛ.

Leave a reply