
Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық өнімдердің сауда орындарындағы қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты, ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрығымен бекітілген Ішкі сауда қағидалары талаптарына сәйкес, сауда объектілерінде отандық тауар өндірушілерді қолдау және қазақстандық өнімдердің қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар міндеттер көзделген. Атап айтқанда, ішкі сауда субъектілері «Қазақстанда жасалған» деген арнайы маңдайшалар мен белгіленген сөрелер арқылы отандық өнімдерді ерекшелеуге міндетті. Сонымен қатар қазақстандық өндірістегі тауарлар сатып алушыларға көрнекі әрі қолжетімді орындарға, яғни көз деңгейіндегі сөрелерге орналастырылуы тиіс. Қағида талаптарына сәйкес, сауда объектілеріндегі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға арналған жалпы сауда алаңы мен сөре кеңістігінің кемінде 30 пайызы отандық өнімдерге бөлінуі қажет.