«МӨЛДІР БҰЛАҚ» ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 100 АСТАМ БҰЛАҚ КӨЗДЕРІ ТАЗАЛАНДЫ

0
97

«Су анасы – бұлақ»-дейді, дана халқымыз. Өзендердің өзі бастауын бұлақтан алады. Бұлақ көрсең – көзін ашудың өзектілігі де осында.
Осы орайда, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Таза Қазақстан науқаны аясында аудан аумағындағы бұлақ көздерін ашу және айналасын күл-қоқыстан тазарту мақсатында сенбіліктер өтуде.
Сауапты шара барысында елді мекен маңдарындағы 100-ден аса бұлақ көздері аудан және ауыл әкімдіктерінің қызметкерлері және арнайы техника күшімен тазаланды.
Дәл осындай игі шара Кемербастау ауылының үстіндегі аудан орталығын ауыз сумен қамтып отырған бұлақ басында да жүргізілді. Ол жерде «Тұраркент-су» мекемесі және жергілікті әкімдік қызметкерлері сенбілік ұйымдастырып,бастау айналасын тазалады.
«Тамшыдан теңіз құралады» демекші, Арыс және басқа да өзендерге қосылатын ауданымыздағы бұлақ көздері егіндікке қажетті су мөлшерінің артуына тікелей септігін тигізбек.

Сәуірдің 13-іне дейін өтетін алғашқы апталықтың атауы – «Таза өлке».

Апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.

20 сәуірге дейінгі апталық «Киелі мекен» деп аталады. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.

Сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.

4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.

«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады.

Акцияға еліміздің барлық өңірлері қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өтеді.

Айта кетерлік, жалпы аудан аумағында 200-ге жуық бұлақ көзі бар. Аймақтағы 59 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған болса, соның 46 бұлақ көздерінен су алады. Қалғаны ұнғыма арқылы қамтылған.
Игі шара бұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта “Мөлдір бұлақ” апталығы аясында жалғасын таппақ.

Leave a reply