САУРАН: ҚАРАШЫҚ ФУТБОЛ КОМАНДАСЫ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Сауран ауданында алғаш рет кіші футболдан әуесқойлар арасында аудан әкімдігі кубогының басталғаны туралы бұған дейін жариялаған болатынбыз. Жарысқа 12 ауылдық округтен жасақталған 22 командадан 300-ден аса спортшы қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Екі жарым айға созылған доп додасы өз мәресіне жетті.
Айтулы жарыстың қорытындысымен марапаттау рәсіміне аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, кіші футбол көркін қыздырған барлық командаларға өз алғысын білдірді. Сонымен қатар, жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттады.
«Ауданға қарасты барлық ауылдық округтерден командалар қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Аудандық деңгейде өткізіліп жатқан мұндай спорттық шаралардың жастар арасында бұқаралық спортты дамытуда берері көп. Еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп, Қазақстанның абыройын асқақтатуда Сауран ауданының спортшыларының де елеулі үлесі бар. Сондықтан жарыста жеңімпаз болған Қарашық футбол командасы республикалық чемпионатқа жолдама алып отыр. Жерлестерімізге республикалық чемпионатта да жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектестік білдіремін», – деді Мақсат Асылбекұлы.
Спорттық шараға арнайы келген спорт ардагерлері Таубай Балтабайұлы, Абсалам Орынбасаров, мәслихат депутаттары Ержан Мұстапаев, Нұрсұлтан Абдуллаев, Азизбек Азимов сөз сөйлеп, жеңімпаз бен жүлделі орыннан көрінген командаларды құттықтап, аталған спорттық шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған аудан әкімі Мақсат Таңғатаровқа өз алғыстарын білдірді.
Сонымен екі жарым айға созылған доп додасында жүлделі 3-ші орынды Иқан командасы иеленсе, 2-ші орынды Жүйнек командасы еншіледі. Ал, Қарашық командасы жеңімпаз болып танылып, әуесқойлар арасындағы республикалық чемпионатқа жолдама алды.