ТҮРКІСТАН: МАҚТА ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТАРИХЫ МУЗЕЙІНІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

0
98

Түркістан облысы республикадағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылығында 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Облыста жыл сайын 120 мың гектар мақта егіліп, 300 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады.

Елде тоқыма және тігін өнеркәсібі дұрыс дамымағандықтан, шикі мақтаны сату бағасы Ливерпуль мақта биржасындағы мақта талшығының индексіне тікелей тәуелді. Сондықтан өңірде тоқыма, тігін өнеркәсібін дамыту, мақта кластерін қалыптастыру мақсатында арнайы жоспар әзірленді. Сондай-ақ, Өзбекстандық инвесторлармен бірлесе отырып, 2023-2025 жылдары Мақтаарал ауданында 21 млрд. теңгеге мақта-тоқыма кешені және логистикалық хабты құру инвестициялық жобасы жүзеге асырылмақ. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна. Ал, жоба толық іске асқанда 3000 жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, ең алдымен мақта тұқымының сапасын жақсарту мәселесіне мән беріледі.

Осы жұмыстар нәтижесінде облыста өндірілетін шитті мақтаның 70% терең қайта өңдеуден өткізіліп, баға нарығына тәуелділік жойылады. Бұдан бөлек, Түркия мемлекетімен элиталық мақта тұқымын елімізге импортауға келісімшарттар түзіліп отыр. 2027 жылға дейін ішкі нарық толығымен сапалы элиталық тұқымдармен қамтамасыз етіледі.

Осыған орай Мақтаарал ауданында облыстық Мақта шаруашылығы тарихы музейінің 80 жылдығы аталып өтті. Шараға облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев, аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешенқұлова және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мерейлі күнге орай «Мақта – ел байлығы» атты семинар өтті. Семинар барысында музей қызметкерлері «Мырзашөл тарихы сыр шертеді», «Мақта шаруашылығы тарихы» музейінің тарихы» және «Мектеп музейлерінің рөлі мен қызметі» тақырыптарында баяндама оқылып, таныстырылды.
Мерейлі күнге орай ұйымдастырылған шарада аудан өнерпаздары ән-күй орындап, кеш сәнін кіргізді. Сондай-ақ семинар қонақтары музейдің экскурсия залымен танысып, Жетісай аудандық музейінің көшпелі көрмесін тамашалады.

Атакент кенті «Достық» мәдениет үйінде өткен шара соңында музей директоры Асқар Тажибекеев құттықтау сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдірді. Сонымен қатар «Музей педагогикасы» кітабының тұсауын кесті.

Айта кетейік, Мақта шаруашылығы тарихы музейі 1944 жылы құрылған. Музей орналасқан ғимарат 1930 жылы салынған. Кейінгі экспозициясы 1946 жылдан басталып, қазіргі уақыт аралығын қамтиды. Мақтаны өлшеу құралдары, мақтадан алынатын өнімдер, ауданда қызмет атқарған адамдардың өмірінен мәлімет алуға болады. Әскери-патриоттық жұмыс музей ұжымының басты бағыты болып келеді. Қазіргі таңда музейде 10500 жәдігер сақталып, 15 қызметкер жұмыс атқарады.

Leave a reply