САУРАНДА ЖЫЛЫНА 10 ТОННА ҚҰЛПЫНАЙ ӨНІМІН БЕРЕТІН ЖЫЛЫЖАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

0
110

Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылдық округінде құлпынай өсірумен айналысатын «МУХИТДИНОВ» шаруа қожалығы іске қосылды. Жеке кәсіпкер Алымжан Мұхитдинов жылыжай шаруашылығын дамытуға заманауи технологияны енгізіп, құлпынай өндірісін қолға алып отыр. 2024 жылы жұмысын бастаған жобаның инвестициялық құны 300 млн. теңгені құрайды. Жаңа технологиядағы жабық топырақтағы құлпынай аумағы – 0,7 гектар. Онда 10 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Қожалық иесінің айтуынша, жылыжай 1 жыл ішінде кемінде 10 тонна өнім береді. Жылыжайда құлпынайлар ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен өсірілуде.

«Біз өсіріп отырған құлпынайдың сапасы өте жоғары. Петицидтерді мүлдем қолданбаймыз. Табиғи жолмен өсірілетін құлпынайымыз дәмді әрі адам ағзасына қажетті дәрумендерге толы», — дейді қожалық иесі.

Кәсіпкердің айтуынша, өнім негізінен Түркістан қаласы мен аудан тұрғындарына сатылуда. Сапалы өнімге сұраныс жоғары. Алдағы уақытта шаруашылықты 2 есе кеңейтуді жоспарлап отыр.

Ғылым мен техника дамыған заманда жылыжай өніміне сұраныс еселеп артпақ. Жердің тозуы, топырақтың құнарсыздығы және климаттың өзгеруі – оған басты себеп болмақ. Жылыжай жұмысын жандандырып, егіс көлемін арттыруда, сонымен қатар, шығынды азайтып, өнімді көбейтуде ауыл шаруашылығы мамандары мен Қазақ ғылыми зерттеу институты ғалымдары бірлесіп жұмыс істеуде. Жылыжайдың болашағы зор. Келешекте өңірге көгілдір отын келгенде оған кететін шығын неғұрлым азайып, кәсіпкерге жеңілдік туады. Онда көктемнен бастап, ерте пісетін өсімдіктердің саналуан түрін өсіруге болады. Бұл бір жағынан жергілікті тұрғындарды табиғи отандық өніммен қамтуға септігін тигізсе, екінші жағынан экологиялық таза өнімнің адам денсаулығына тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Төртінші индустриалды-инновациялық даму дәуірінде бұл гендік инженериялық өнімдерден сақтайды. Жылыжай өндірісі – оңтүстік өңірлерде дамыған. Жергілікті кәсіпкерлер тәжірибе жинақтау мақсатында ғылыми зерттеу институттарымен етене байланыста болса, құба-құп. Кез келген кәсіп иесі – арнайы маман емес.

Leave a reply