МАҚТААРАЛДА « ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОАКЦИЯСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОЛДАРДЫҢ БОЙЫ ТАЗАЛАНДЫ

0
133

“Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясының “Киелі мекен” апталығы аясында және аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен республикалық А-15 автожолының бойына сенбілік жұмыстары жүргізілді.
А-15 автожолы – Мақтаарал, Жетісай аудандары тұрғындарының Шымкент қаласына қатынайтын бірден бір бағыты. Жүк көліктері, қоғамдық көліктер мен жеңіл көліктер көп жүретіндіктен, жол бойында әсіресе сусындар мен энергетик сусындардың бөтелкелері, темекенің қораптары сияқты ондаған жылдар бойы шірімейтін қалдықтар қаптап кеткен болатын.

Іс-шара барысында автожолдың Сырдария өзенінен ауданға кіреберіс аумағына дейінгі 10 шақырым жері тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартылды.

Іс-шараға аудан әкімі аппараты бастаған ауданның дербес бөлімдері, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдіктері, дербес бөлімдерге қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Сенбілікке 15 техника мен 800-ден астам адам қатысып, ондаған тонна күл-қоқыстар шығарылды.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясының «Жасыл аймақ» апталығы Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте жалғасты. Атап айтсақ, Қожанов, Мадиходжаев, Еркіндік көшелері мен Жаңажол ауылдық округіне қарасты Ақжол елдімекеніндегі Қазыбек би көшесінде жалпы ұзындығы 15 шақырым жолдың сызықтары жаңартылды.

Мырзакент кентінің орталығындағы жаяу жүргінші өткелдеріне, автотұрақтарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың автотұрақтарына жол таңбалау жұмыстары жүргізіліп, толықтай ретке келтірілді.
«Бұған дейін де жол инфрақұрылымы элементтерін жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізуді жоспарлаған болатынбыз. Қысқы және көктемгі жауы-шашынның әсерінен бірте-бірте жол элементтерінің барлығы жарамсыз болып қалады, не болмаса оларды көру қиынға соғады. Сондықтан, зебралар мен жол сызықтарын, белгілерді ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мектептердің жанындағы өткелдер ғана емес, сонымен қатар балалар мектепке барған кезде жиі жүріп өтетін жолдарға да сызылды. Бұл жолдардың барлығы арнайы қадағаланады» – деді, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Қ.Иманүсенов.

Айта кетейік, жол сызықтарын жаңарту жұмыстары басқа да республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға жоспарланып отыр.

Leave a reply