ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ТЫЛСЫМ АҢЫЗҒА ТОЛЫ ТАРИХИ МҰРА

0
37

…Түркістан қаласының Қаратау маңында өмір сүрген ауылдың бір қазағы тау аралап келе жатып, тау етегінен Үкаша атаның құдығын көріп, су бар ма деп үңіледі, сонда қолыңдағы асатаяғын құдыққа түсіріп алады. Сонымен осы кісі бірнеше айдан кейін Меккеге қажылыққа барып, сол жақтан бір кісінің қолындағы асатаяғына көзі түсіп кетіп, ана кісіге жармаса кетіпті.
«Сен бұл асатаяқты қайдан алдың, бұл асатаяқтың сыртында менің есімім жазылған, бер», дейді. Содан екеуінің арасындағы дау күшейіп, қазыға барыпты. Қазы асатаяқтың иесіне, бұл асатаяқта сенің қандай белгің бар дегеңде, ешқандай белгісі жоқ, бары осы, өзімдікі, – депті. Қазы Қазақстаннан барған даугерге, сенің бұл асада қандай белгің бар, – депті. Сонда бұл асатаяқты ұстаға екі бөлінетін етіп жасатқам, ішінде 3 ділдәм бар депті. Қазы көрсет ендеше белгіңді дегенде ол кісі асаны екі бөліп, үш ділдәсін алып көрсетіпті. Сонда қазы даугердің біріне бұл асаны қалай жоғалттың десе, мен өз елімде жүргенде Қаратаудың етегінде бір шыңырау құдыққа түсіріп алдым, – депті. Екіншісі мен бұл асатаяқты Меккенің зәм-зәм суының касындағы бұлақтың жағасынан тауып алдым», депті. Қазы сонда артынан дау болмасын, тындаңыздар, деп мына әңгімені бастапты. – Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) халқына сөз арнап айтыпты: «Уа, халайық, мен сіздермен қоштасқалы тіл катып тұрмын, мен өзімді елші етіп жіберген Жаратушыға қайта ораламын. Араларыңда менің қолым тиіп кеткен адамдар болса, міне, менің арқам – ұрыңдар. Егер мен біреулеріңді балағаттасам – қазір оның да есесін қайтарыңдар. Егер мен біреуден бірдеңені әділсіз алған болсам – қазір айтып ақысын алсын» депті. Сонда ортаға Үкаша сахаба шығып: «Менің сізден алар алашағым бар» депті. Пайғамбарымыз «Мұхаммед (с.а.у.): «Айт, алашағыңды берейін» дегенде, Үкаша айтыпты: «Сіз малдүниеңізбен кұтыла алмайсыз, қаныңызбен қайтарасыз. Мен сіздің қаныңызды төгуім керек» дегенде, төрт шадияр – Хазіреті Әбубәкір Сыздық, Хазіреті Омар, Хазіреті Оспан, Хазіреті Әлилер Укаша сахабаға қылыштарын көтеріп тұра ұмтылыпты. «Сен не айтып тұрсың, Алланың елшісі Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у.) қанын төккенің – біздің де қанымызды төккенің», деп қылыштарымен шаппақшы болған төрт шадиярды Пайғамбарымыз тоқтатыпты. Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) төрт шадиярға айтыпты: «Сахабам Үкашаның адал екенін өзім ғана білемін, Үкашаның басын кесіп тастасаңдар, о дүние ақыретке қарыз арқалап кетпеймін бе» депті. Сонда Үкаша сахаба Мұхаммедке (с.а.у.): – Ей, Мұхаммед (с.а.у.), мен сізге өмір бойы адал қызмет еттім, сізге қандай қатер төнсе де, жан-тәніммен қорған болдым, дұшпанның сізге атқан оғына кеудемді тостым. Мен де көңілімдегі арман еткен ойымды айтқалы тұрмын. Сіз алашақтарыңды алып қалыңдар дедіңіз. Осыдан қаншама жылдар бұрын кәпірлермен соғысып жатқанымызда бізге қарай шауып, мен сіздің түйеңізді бұрамын дегенше, сіз қамшыңызды асығып сілтеп жіберіп, түйеңіз бұрылып кетіп, қамшыңыз менің екі жауырыныма тиіп, қаным судай аққан болатын. Көзімнен аққан жасым о дүниеге барғаныңызда алдыңыздан шығып, мойныңыздан қыспасын деп алашақ ретінде алғалы тұрмын, депті. Мұхаммед (с.а.у.) қызы Бибі Фатимаға айтыпты: «Алып келші үйдегі түйе айдайтын қамшымды, Үкаша сахабам қарыз алашағын алып қалсын, қарызымнан құтылайын» деп. Сонда Мұхаммедтің (с.а.у.) қызы Бибі Фатима жаны күйзеліп, үйіне дейін жылап барыпты: «Үкаша сахаба не деген қатыгез жан еді, менің өлім халінде тұрған бейкүнә әкеме қамшы ұруға қалай дәті барады екен, күнәсін кешіре салса болмас па» депті де, әкесінің түйе ұратын қамшысын әкеліп беріпті. Сонда Мұхаммед (с.а.у.) қамшысын Үкаша сахабаға ұсынып: «Мә, ала ғой, мені қарызымнан құтқар, алашағыңды ал» депті. Үкаша Мұхаммедті (с.а.у.) биік тастың үстіне шығарғанда, Пайғамбарымыздың екі жауырыны Үкаша сахабаның тура жүзіне бетпе-бет келіпті. Сол сәтте Мұхаммед касиетті жүзін төмен түсіріп: «Ұр арқамнан» дегенде, Үкаша сахаба айтыпты: «Ей, Мұхаммед (с.а.у.) сіз мені ұрғаныңызда мен жалаңаш едім ғой, көйлегіңізді көтеріңіз» депті. Сонда Мұхаммед Мұстафанын (с.а.у.) екі жауырынының арасындағы дөп-дөңгелек мөрінен әппақ сәуле шашқан айдай бір Нұр шығып, айналасын жарқыратып жіберіпті. Мұны көріп тұрған бүкіл сахабалар және қанша халық есінен адасып кеткендей күйге еніпті. Шамалы уакыттан кейін осы бір көрінген Нұр ғайып болып, халық есін жиыпты. Сол кезде Мұхаммед (с.а.у.) тіл қатыпты халқына: «Мен қанша қалың киінсем де, Үкаша сахабаға Алла тағала осы өмірді және Нұрды көруді жазған екен. Алла тағала мені Миғражға көтергенде, менің екі жауырынымдағы мөрге және Алланың салған Нұрына бір пендем мен өлім хәліне жеткенімде жүзін тигізеді, – деп еді. Міне, ол Укаша сахаба екен. Енді Үкаша сахабаның жүзін көрген адамға тозақ оты арам. Ол шексіз жәннатқа кірер» депті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) Үкаша сахаба батырына айтыпты: «Сіз аяғыңыз жеткен жерге дейін жер-дүниені аралағайсыз. Сізді мұсылмандықты мойындаған халықтар көрсін» дегенде, Укаша сахаба: «Бармаймын, сіздің қасыңызда бола берейін. Менің сізге өмір бойы оққағар қорғаушы болуымның себебі, менің арманым, шәһит өлімімен өліп, қабірім сіздің қасыңызда болса деп едім, ол ойым орындалмады. Алла маған өмір берді, енді сіз мені басқа мемлекеттерге жұмсап тұрсыз, бас сүйегім қайда қалары белгісіз, осыған өкініп қамығып тұрмын» дейді. Сонда Мұхамед Мұстафа (с.а.у.) Аллаға сыйынып, тілегін айтыпты: «Я, Алла, Үкаша сахабама қай күні ажал жібересің, қай уақытта шәһит болса – жердің бетімен болсын, астымен болсын, Үкаша сахабаның басын қасыма жеткере гөр» деп дұға жасап тілепті. Алла тағала Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у.) тілегін қабыл қылып, Үкашаға ақ батасын беріпті. Содан Укаша сахаба бірнеше жыл дінсіздермен күреседі. Алланың кұдіретімен оған оқ та, қылыш та өтпейді. Дінсіздердің патшасы бір жансызын жіберіп, Үкашаның таңғы намазға жығылғанда бүкіл денесі балқитынын, оған қылыш сол кезде ғана өтетінін біліп, таңғы намаз үстінде басын шабады. Сонда Үкаша сахабаның жансыз басы бір аунап қайта құбылаға қарап түседі. Оны көрген кәпірлер шоқпармен ұрмақ болғанда басты періштелер домалатып алып қашып жөнеледі де, екі қыр асып, үшінші қырға көтеріле бергенде жер жарылып, бас жердің жарығына түсіп кетеді. Осыдан Түркістанда жерге түскен Үкаша сахабаның басы жерасты өзенімен ағып барып, Меккеден, зәм-зәм суы шыққан бұлақтың қасынан шығады. Сонда зәм-зәм суының жанында мәслихат құрып, демалып отырған сахабалардың дәл орталарынан жер астынан бұлақ шығыпты да, ұзамай астынан бір бас шығыпты. Отырған сахабалар Үкаша да бұл дүниеден өткен екен дейді. Алланың құдіретімен жерасты өзенімен жеткен Үкашаның басын арулап ақ жауып, Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у.) қасына жерлепті деседі. Мына асатаяқ сол Үкашаның құдығына түсіп, осы Меккеден шығып тұр. Бұл асатаяқ қасиетті Меккеге Алланың құдыретімен жеткен екен, осында қояйық, дейді қазы. Сонда асатаяқты қолдан өзі жасатып, Түркістанда жоғалтқан иесі: «Бұл асатаяққа Алланың құдіретімен сонау Түркістаннан Меккеге келуді бұйыртқан болса, арманым бар ма, қазеке» депті. – Ендеше, бұл Меккеде қалсын, бұл аса таяқтың орны Мекке, деп кесімін айтқан қазыға асатаяқтың екі иесі де ризалығын білдіріп, өз жөндеріне тарасады. Үкашаның басы түскен қасиетті кұдық түбінде Үкашаның денесіндегі Нұр қалған дейді. Кімде-кім осы судан ішсе, ішіне Нұр кіріп, иманды болып, не тілесе тілегі қабыл, бұл дүниеде рахат көріп, о дүниеде жәннатқа барады екен. Үкаша сахабаға зиярат қылған кісіге Алланың нұры жауады. Ата бабалар рухына табынып, олардың сүйегі жатқан жерді аялап, қастерлеп отыру адамзат баласының ежелден келе жатқан игі дестүрі. Бұл дәстүрдің түп-төркіні, сірә, адамдардың мәңгілік өмір жайлы ой-толғаныстары мен арман-қиялында жатса керек. Әйтпесе, бұл дүниеде мәңгілік не бар? «Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек. Басқан із, көрген кызық артта қалмақ, Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек», деп Абай хакім айтқандай, бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Шындық осы. Сонда өзгермейтін, мәңгі өлмейтін нәрсе не? Ол адамның адам үшін жасаған игілікті ісі, ақыл-ойы мен өсиет өнегесі, оның кейінгі ұрпақтарға қалдырып кеткен рухани мұрасы. Ал сол мұраны қастерлеп, қадір тұту, әрқашан құрметпен карау әрине біздің қасиетті борышымыз.
Ләззат САРЫБАЕВА, журналист

Leave a reply