ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САПАСЫ МЕН СӘУЛЕТІ КЕЛІСКЕН ҒИМАРАТТАР ҚАТАРЫ АРТАДЫ

0
60

Облысқа қарасты аудан, қалаларда бой көтеріп жатқан нысандардың сапасымен қатар, сәулеті де назарға алынған. Жиын барысында Келес, Сауран және Сарыағаш аудандырында салынатын Мәдениет үйлерінің жобалары да пысықталды. Сонымен қатар Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Сарыағаш, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы ғимараттар мен жалға берілетін тұрғын үйлер жобасына ұсыныстар айтылды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен сәулеттік жобалар талқыланған жиын өтті. Онда Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы елді мекендерде қолға алынатын сәулеттік жобалар сараланды. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында салынатын имандылық асхана сарайы мен балабақша жобасы қаралып, осы аумақтағы тұрғын үй кешендерінің және коммерциялық нысандардың қасбеттерін әрлеу үлгілері көрсетілді. Мәдениет үйі мен жаңа саябақ үлгісі, «Күлтөбе қалашығы» және «Ұлы Жібек жолы» жобалары пысықталды.

Жобалардың сәулеттік кейіпі бойынша ұсыныстарды тыңдаған облыс басшысы сапаға аса мән беруді, кейбір жобаларға өзгеріс енгізуді тапсырды.

– Сәулеті, құрылысы талапқа сай жүргізілетін, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін нысандарды салуға жер, инфрақұрылым тарапынан қолдау болады. Бірақ кәсіпкерлер бізге жол картасын ұсынып, жұмысты уақтылы бастауы тиіс. Егер құрылыс кешеуілдесе, жер мемлекетке қайтарылады, – деді Дархан Сатыбалды.

Leave a reply