Saturday, November 23

Соны серпіліс күтеміз

0
34

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы жарқын болсын деген әрбір адам оның жақсы болуы жолында әрдайым тілеулестік танытып жүреді. Яғни басқару ісіндегі берекелі бетбұрыстар мен атқарушы билік тарапынан қолға алынған тың жобаларға бей-жай қарамайды.

Жалпы, қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтарға немкеттілеу қарау – нағыз марғаулықты білдіреді. Санасы сергек, ойы озық, көкірегі ояу, намысы ересен адам өзі өмір сүріп отырған қоғамның олқы тұстарын танып, оның түзелуіне атсалысып жүретін болады. Әсіресе, жалындап тұрған жастар мен айналасына бей-жай қарамайтын зиялы қауым еліміздің ертеңі үшін қолға алынып жатқан әрбір іс-әрекет пен жаңа бастамаларға қызығушылықпен қарап, өзіндік көзқарасын білдіріп отырса керек. Осы тұрғыдан алғанда, ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың қазақстандықтарға арналған биылғы Жолдауы да көптеген іске қозғау салып, жетілмей жатқан тұстарымызды жетілдіріп, көтерілмей жатқан мәселелерге қозғау салып, ел ішінде қызу талқыланып жатуы керек емес пе?! Ендеше, біз жастардан осы тақырыпқа байланысты жалынды сөздер мен берілген тапсырмаға байланысты ілкімді істер күтеміз.
Жолдау көптеген міндеттер жүктеп отыр. Соның ішінде нағыз еңбек адамдарын лайықты бағалап, былайғы елге үлгі ету жолдары да кеңінен айтылды. Өз басым Президенттің еліміздегі несие саясатына байланысты айтқан ұсынысын толық қолдаймын. Қарыздың да сұрауы бар екенін қоғам сезінуі керек. Екінші деңгейлі банктер қарыздың үстеме пайызын төмендетіп, нағыз қайтарымы бар салаларға ғана қаржы салмаса, бүгінде салымшылар ертеңін ойламай қарызға белшесінен батып, кейін одан құтыла алмай, түрлі жағдайлар орын алып жатыр.
Зер салып тыңдаған адам биылғы Жолдаудың қоғамның әрбір мүшесіне жүктеген міндеті жеңіл емес екенін аңғарады. Ендеше, өз ойымызды ортаға салайық, Жолдау жүктеген міндеттердің ертерек жүзеге асуына атсалысайық. Бұл жолы айтылмай, қалыс қалған мәселелер болса, оны да назардан тыс қалдырмайық. Осылайша қалғыған қоғамды оятайық, санаға сергектік сыйлайық. Өз басым әр жылғы Жолдаудан жағымды жаңалық, соны серпіліс күтемін.

Жеңіс БАЙЖАНОВ

Leave a reply