САУРАН: ТУРИЗМ – САРҚЫЛМАС ТАБЫС КӨЗІ

0
24


Қазіргі туризм – бұл әлемдік экономиканың құлдырауды білмейтін саласы. Мамандардың есебі бойынша, орташа есеппен, бір шетелдік туристің беретін табысын алу үшін оған бара бар, шамамен 9 тонна тас көмір немесе 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сортты бидайды әлемдік рынокқа шығару керек. Бұл ретте, шикізат сату елдің энергия көздерін азайтады, ал туристік өндіріс – таусылмайтын ресурс. Шетелдік экономистердің есебі бойынша, 100 мың турист қалада орташа есеппен екі сағат болған кезде кемінде 350 мың доллар немесе адам басына бір сағатта 17,5 доллар жұмсайды. Сөйтіп, шикізат сату өзіндік экономикалық тығырыққа тірелу болса, ал туризмді дамыту – ұзақ мерзімді, экономикалық тиімді болашақ. Туризм жалпы алғанда, мемлекеттің экономикасына үш оң нәтиже береді: шетел валютасының құйылуын қамтамасыз етеді және төлем теңгерімі мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткіштерге оң ықпал жасайды; халықтың жұмыспен қамтылуын көбейтуге көмектеседі.
Пайдасы көл-көсір саланы дамытуға бүгінде Қазақстан барын салуда. Ұлан-ғайыр даламызда туристер қызығатын орындар көп-ақ. Елдегі туризм саласын дамытуда оңтүстік аймағы стратегиялық маңызға ие. Бұл өлкенің ауа райы да, табиғи қолайлылығы да туризм бағытында тамаша орталықтар ашуға мүмкіндік береді. Ал отандық, ішкі туризмнің дамуы экономикалық өсіммен қатар, шағын және орта бизнестің, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюіне ықпал ететіні анық.
Соның ішінде Түркістан өңірі тарихи, діни туризмді дамытуға таптырмас өңір. Себебі киелі өлкеде әулие-әмбиелердің кесенелері мен тарихи орындар көп. Мұндай тарихи туристік нысандар Сауран ауданында да бар. Қазіргі таңда аудан әкімдігі туризм саласын жан-жақты дамытуда. Аудандағы туристік жобалардың бірі ретінде «Сапар» мұражай кешенін атауымызға болады. Жобаның құны 320,0 миллион теңге. Кешеннің құрылысы 2021 жылы басталып, пайдалануға берілген. Сапар орталығы аймақтың ажарын кіргізетін айтулыжобаның бірі. Иқан ауылындағы «Сапар» кешені құрылысында екі мұражай залы, әкімшілік бөлме, келген қонақтардың демалыс бөлмесі, жуыну бөлмесі, демалыс аллеясы бар. Автотұрақ та қарастырылған. «Сапар орталығында кітаптар мен ауыл тарихын көрсететін мәліметтер, суреттер қоры жиналуда. Осы құрылыс және абаттандыру жұмыстары кәсіпкерлер қолдауымен жасалынған. Бұл кешен «Ғашық Жүсіп ата» зиярат орнына келетін саяхатшылар үшін сервистік қызмет ету мақсатында салынып отыр. Бұл кешенде Көне Иқан тарихы, Ғашық Жүсіп ата өмірі мен мұрасы, Иқани ғалым-ғұламалардың тарихы мен мұрасы, қазақ даласының қасиетті Түркістанның, көне Иқан өлкесі тарихы туралы ақпарат алуға мүмкіншілік бар.
Жүсіп ата кесенесінің тарихына аз-кем тоқталып өтсек. Бұл кесене Түркістан қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткіш. Кесенеде бұрындары ешкандай археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек 2005 жылы кесене іргесіне зерттеулер жүргізіліп, құрылыстың іргесі ХV ғасырда қаланғандығы анықталды. Кесененің бастапқыда Қабірхана мен Жамағатхана бөлмелері ғана болған, кейіннен ХХ ғасырдың басында жергілікті тұрғындар Асхана бөлмесін тұрғызған. Жамағатхана бөлмесінің күмбезі де төбе жабыны да біздің күнімізге түпнұсқа күйінде жетпеген. Тек Қабірхана бөлмесі ғана бүтін жеткен. Кесененің негізгі өлшемдері толық сақталған және іргетас ретінде пайдаланылған алты қатар кірпіш қаландысы да жақсы жағдайда. Жүсіп ата кесенесі қабірхана , жамағатхана бөлмелерінен тұрады және екі бөлме де күмбезделіп жабылған. Құрылыстың жалпы ұзындығы 14,2 м, ені 12,8 м, биіктігі 13,5 м. 2008-2010 жылдары «Қазқайтажаңарту» РМК тарапынан Жүсіп ата кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Тарихи деректерге сүйенсек, Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Иқан ауылының жергілікті тұрғыны Иулдаш Нұршиддинұлының жеке мұрағатынан Жүсіп ата туралы бірқатар деректер табылған. Бұл деректерге сүйенсек Қожа Ахмет Ясауи сол заманда Яссы қаласының әкімі қызметін атқарған екен. Әкімнің бұйрығымен Жүсіп ата Иқан ауылына өкіл болып жіберіліпті. Ол кезде Иқан ауылы өзінің жүзімдерімен барлық елге танымал болған. Ахмет Ясауи Иқанға келгенде оған жүзімнің он екі түрінен жегізіпті. Сол кезден бастап Жүсіп ата сопылық ілімді толығымен меңгеріп, жоғарғы кемел дәрежесіне жетіп, әулие атанған екен.Халық арасында Жүсіп ата туралы аңыз әңгімелер жетерлік. Сондай аңыздардың бірінде: Намазға әзірлік жасап жатқан Қожа Ахмет Ясауидің суын оның шәкірті Хакім ата рұқсатсыз алып жуынып қояды. Бұған ұстазы үндемейді. Келесі күні Ахмет Ясауи Хакім атаны түйеге отырғызып, «Түйе қай жерде тоқтаса, сол жерге түсесің» деп бұйырады. Түйе Хакім атаның айқайына да қарамай, тоқтамай Әмурадария, Сырдарияны өтіп Хорезмнен бір-ақ тоқтайды. Ахмет Ясауи барлық шәкірттерін шақырып Хакім атаны кім Хорезмнен алып келе алады деп сұрағанда ешқайсысы үндемейді. Сонда Жүсіп ата тұрып Хакім атаны әкелуге келісімін береді. Сонда Ахмет Ясауи Жүсіп атаға «шатырға шық» деп бұйрық береді. Жүсіп ата шатырға шыққанда, шатыр әппақ түйеге айналады. Жолға шығар алдында Ахмет Ясауи шарт қояды. Хакім атаны әкелер кезде «қолын байлап әкелесің» дейді. Жүсіп ата жол бойы Хакім атаның қолын бос қойып, Түркістанға жақындағанда ғана қолын байлап әкеледі. Хазіреті Сұлтанның алдына келгенде ол Жүсіптің бұл ісі дұрыс емес екендігін айтады. Жаза ретінде Жүсіп атаны үш рет қамшымен ұрады. Жүсіп ата көзі ақ тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен екен. Аңыздардың бірінде Қожа Ахмет Ясауи Жүсіп атаның үйінде болып «Сенің төртінші ұрпағың Камалиддин шайық керемет зор әулиелікке жетеді», — дейді. Сол Жүсіп атадан тараған ұрпақтары Камалиддин, Сүлеймен, одан Омар, Жиен, Сыддық деген ұрпақ қалады. Жиеннен Иқан Қожа, одан Ата қожа, одан Шарафуддин тарайды. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, 1930 жылдары Жүсіп ата кесенесінде діни кітаптар өте көп болған екен. Өкінішке орай, Кеңес үкіметі орнағаннан соң біршама кітаптар өртеніп кеткен. Бірақ кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз ата құлпытастары. Кесене ішіндегі жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы», — мүмкін деген тұжырымдар бар.
Кесене, Қабірхана және Зияратхана бөлмелерінен тұрады. XX ғасырдың бірінші жартысында жергілікті тұрғындар бас порталдың алдынан саз кесектен Асхана бөлмесін тұрғызған.Тұрғындардың айтуынша мұнда жыл сайын аллаға тасаттық беріп, мал сойылып, ас дайындалып ел Алладан көктемнің жаңбырлы болуын тілейтін болған. Аталмыш асхана бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Кесененің негізгі өлшемдері толық сақталған және іргетас ретінде пайдаланылған алты қатар кірпіш қаландысы да жақсы жағдайда. Зерттеу барысында жер деңгейінен 80 см тереңдіктен XII-XIIIғасырға тән бояулы ыдыстын фрагменті табылды.Осыған ұқсас ыдыстар Шойтөбе-Шауғар қаласын зерттеу барысында көптеп табылып, ғасыры дәл анықталған болатын.Бұдан шығатын қорытынды –біздің күнге дейін жартылай жетіп, кейіннен толығымен қайта тұрғызылған Жүсіп Ата кесенесі — XII-XIII ғасырға тән сәулеттік құрылыс. Кесененің ең биік нүктесі зияратхана күмбезінің биіктігі шамамен 15,7 м. Ұзындығы 22,32 м. Ені 12,87 м . Зияратхана бөлмесінің ішкі ұзындығы 12,5 м. Ені 11,5 м. Күмбезінің ішкі диаметрі 7,25 м. Сыртқы диаметрі 9 м. Күмбез ортағасырлық күмбез жасау тәсілі бойынша шаршыдан сегізбұрышты барабанға, одан күмбезге өту бойынша жасалған. Аңызға сүйенсек Жүсіп Ата көзі тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен , жүзімнің 21 түрін өсірген бағбан болған екен. Ахмет Ясауидің өзі оған қонақ болып бір келгенінде төртінші ұрпағының керемет әулие болатынын болжап берген екен.
Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінде жоба құны 2 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын емдік сауықтыру және ойын-сауық қонақ кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл қонақ үй жеке демеушілер тарапынан іске асырылуда. Аталған қонақ үй келер жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Үкаша ата кесенесіне келген туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында инвестор тауып, арнайы жер бөлінген. Кесене аумағында заман талабына сай қонақ үй, автотұрақ, намазхана, тамақтану орындарын салу қолға алынуда. Бұл ішкі туризмнен түсетін кіріс көзін арттыруға себеп болуда.
Ауданның жағажай туризмін және емдік туризм, тарихи туризм, діни туризм, экотуризм мен қысқы және жазғы демалыс орындарын дамытуға мүмкіндігі бар. Осы бағыттар бойынша инвестиция құятын жобалар іздестірілуде. Алдағы уақытта туризм саласын дамытуға және туризмнен түсетін табыс көзін арттыру бағытында тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілетін болады.
Сауран ауданының экономикалық әлеуетін дамытудың негізгі бағыты ретінде туристік кластерді құрып және дамыту көзделуде. Сауран ауданы туристік әлеуеті мен мүмкіндіктерін көпшілікке жеткізу, көне шаһардың тарихи маңызын насихаттау бағытында да кешенді шаралар атқарылуда.
Сауран ауданын туризм орталығына айналдырудағы мақсат- туристік нысандарды көбейту, туризмнің даму деңгейін халықаралық деңгейге жеткізу, туристік саладан түскен табысты көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондықтан, бұл мәселе күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналып отыр. Сол мақсаттарға жету үшін туризммен байланысты салаларын дамыту, инфрақұрылымды дамыту, сервистік қызмет саласын жақсарту, туризм саласындағы білімді жетілдіру міндеттері қойылып отыр.
Түркістан облысы Туризм басқармасының туристік ақпараттық орталықтың тапсырысымен «TOURISM KZ» телеарнасы «Туризм додасы» реалити шоуының халықаралық нұсқасын жүзеге асырды. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты туризм додасына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан мемлекеттерінің өнер майталмандары қатысқан болатын. Жобаға қатысушылар 2022 жылы Ескі Сауран қалашығына зиярат еткен болатын. Туризм саласындағы туристік нысандарды көбейту бойынша да бірқатар істер атқарылуда. Келген туристерді орналастыру орындарымен қамтамасыз ету мақсатында әртүрлі дәрежедегі қонақ үйлер, хостел және тағыда басқа нысандарды көптеп ашу үшін кәсіпкерлерге туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды. Оның ішінде туристік нысандарды салу және реконструкциялау 10, жол бойындағы сервис объектілерін салу 10, туристік кластағы көлік құралдарын сатып алу 25, тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу 25 пайызға көтеріледі.

Leave a reply