Понедельник, 19 мая

ҚАЗЫНАЛЫ СОЗАҚ – ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТІРЕГІ

0
14
Созақ ауданы, Созақ ауылында «Қазыналы Созақ – ұлт руханиятының негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Тағылымды жиында еліміздің тарихында өзіндік орны бар өңір – Созақтың өткен тарихы мен бүгінгі келбеті, мәдениеті және тарихи орындарының ғылыми негізі кеңінен талқыланды.
Басқосуға отандық және шетелдік белгілі тарихшылар, археологтар, өнертанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Өзбекстан, Қырғызстан секілді бауырлас елдердің ғалымдары да рухани байланыстың тамырын сөз етті.
Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі модераторлық етті.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет» деген сөздеріне ерекше тоқталып, Созақтың көне және орта ғасырлардағы, Қазақ хандығы тұсындағы тарихы жайында ғалымдардың ой-тұжырымдарына негізделу керектігін атап өтті. Сондай-ақ Созақтың сан ғасырлық тарихы бар, қазақ халқының тағдырында ерекше орын алатын қасиетті мекен екенін айтып, басқосудың ғылыми тұрғыдағы мән-маңызына тоқталды.
Сондай-ақ аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков алғаш рет өткен ғылыми-практикалық конференцияның аудан үшін үлкен мәртебе екенін жеткізіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Жанар Темірбекова, Созақ ауданының Құрметті азаматы Созақбай Әбдіқұлов және өзге де зиялы қауым өкілдері конференцияның ғылыми тұрғыдағы бағыттарына тоқталып, ақжарма тілектерін білдірді.
Конференция қарарымен қатысушыларды Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Көпжасар Жетібаев таныстырды.
Маңызды шарада Созақтың киелі орындарын Түркістан облысының туризм картасына енгізу, инфрақұрылымын қалыптастыру, Созақтағы мәдени мұраларды ЮНЕСКО тізіміне енгізу жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Leave a reply