ТҮРКІСТАН: СПОРТ САЛАСЫНДА ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАЙҚАЛАДЫ

Түркістан облысында аяқдопшылар сайысы қарқынды даму үстінде. Өңірде спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында мәлімет ұсынамыз. Бүгінде Түркістан облысы әкімдігінде футболды дамыту мәселелері талқыланған алқалы мәжілістер өткізіліп келеді. Аймақ басшысы футболды дамыту, жас таланттарды іздеу, инфрақұрылымды жақсарту, кәсіби клубтарды демеушілер арқылы қаржыландыру мәселелерін көтеріп, жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.
Бұл мәселені Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда талқылап, футболды дамыту жолдарын жан-жақты қарастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын.
Облыс әкімі өз сөзінде кәсіби клубтарды жеке меншікке өткізу керектігін айтты. Нақты қай аудан, қалада футболға лайықталған спорт нысандары жеткілікті, қай жерде жеткіліксіз екені туралы зерделеуді айтып, кәсіби футбол клубтарына бөлінген қаржы, олардың көрсеткіштерін жіті қадағалауды тапсырды.
3 жылға арналған зерделеу жұмыстарының нәтижесінде, бүгінгі таңда облыс тұрғындарының футболмен шұғылдануына мүмкіндік беретін 1249 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың ішінде 21 стадион, 141 жабық манежі, 208 алаң, 879 алаңша бар. Оның 635-і білім беру ұйымдарының меншігінде. 2023 жылмен салыстырғанда 107 нысанға артқан. 2023-2024 жылдары 4,8 млрд. теңгеге 107 футбол нысаны (1 футбол академиясы, 14 футбол манежі, 92 алаңша) салынып, пайдалануға берілді Оның ішінде жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңгеге 46 нысан, жеке инвестиция есебінен 3,4 млрд теңгеге 43 нысан салынған. Биыл 7 футбол манежі мен 51 футбол алаңшасының құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар облыс көлемінде түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жас таланттарды спортқа баулу бағытында ауқымды шаралар өткізіліп жүр. Атап айтсақ Түркістан қаласында өнер және медиа саласында жүрген танымал азаматтардың қатысуымен футболдан «Show match» атты жолдастық кездесу өтті. Аталған іс-шара лудомания мен есірткіге қарсы күрес идеясын қолдауға, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Ойын «Лудомания және есірткіге қарсымыз!» ұранымен өтті. «Turkistan Arena» алаңында өткен кездесуде «Turkistan» және Қазақстан құрамалары өзара бақ сынап, кім мықтыны анықтады. Ойын тартысты өтіп, көрермендер 10 голдың куәсі болды. Тартысты ойын 5:5 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Нәтижесінде «Turkistan» командасының жігіттері жеңіс тұғырынан көрініп, 5:4 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ, жуықта Түркістан гарнизонында алғаш рет гарнизон бастығының кубогы үшін кіші футболдан жарыс өтті. Жарысқа аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері, жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, Ұлттық ұлан, әскери кафедралар, сондай-ақ Түркістан қаласындағы құқық қорғау, арнаулы және күштік құрылымдардың қызметкерлерінен құралған 11 команда қатысты.
Турнир Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мен Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 101 жыл толуына арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.
Турнирді гарнизон бастығы, подполковник Талғат Мажімбеков ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Осындай спорттық жарыстардың әскери рухты нығайтуда, дене шынықтыру дайындығын арттыруда және әскери қызметшілер мен күштік құрылым қызметкерлерінің бойында патриоттық сананы күшейтуде маңызды екенін атап өтті.
Тартысты сайыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін, бірлескен әрекет үйлесімділігін және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Жарыстың қорытындысымен І орынды Полиция департаментінің командасы жеңіп алса, ІІ орын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің командасына бұйырды. Аумақтық қорғаныс бригадасының командасы ІІІ орынды місе тұтты. Сонымен қатар жекелеген номинациялар бойынша үздік ойыншылар анықталды. «Үздік шабуылдаушы» номинациясын Нұрсұлтан Дарашов (ҰҚК командасы), «Үздік қорғаушы» номинациясын Мардан Жақыпбек (Қорғаныс істері жөніндегі департаменті) иеленсе, Әбділда Бақытжанұлы (Полиция департаменті) «Үздік қақпашы» атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге гарнизон басшылығы атынан кубоктар, дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Айта кетерлігі, облыста футбол 88 ұйымда дамытылып, 13 650 бала жаттығып жүр. Аймақта футболды дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірленеді деп жоспарланып отыр. Бұл бағыта жұмыстар жалғасын тауып, жүйелі шаралар атқарылады.