Понедельник, 9 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖОСПАРЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

0
11

Биыл Түркістан облысында туризм саласына қатысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласында жаңа мәдени және туристік нысандар көбейіп, келушілер саны да арта түскен. Аталған тақырып аясында өңір тұрғындарының назарына ақпарат ұсынамыз.

Туризм саласына 69 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осы арқылы 19 туристік инвестициялық жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл 35 млрд. теңгеге 10 жобаның іске қосылады деп күтілуде. 2021 жылдың 9 айында 1247,2 мың турист келсе, ағымдағы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 1310,5 мың адамға жетті. Оның ішінде 2021 жылы шетелден 4,4 мың адам келетін болса, 2022 жылы 4,8 мың адамға арту динамикасы байқалуда. 2021 жылы жалпы шаһарымызға 1417 мың адам келген. Орналастыру орындарының саны 2021 жыл 9 айында 45 болса, 2022 жыл 9 айында 57-ге жетті. Нөмірлер саны (бірлік) 2021 жыл 9 айында 951 болса, 2022 жыл 9 айында 1191-ді құрап отыр. Ал төсек-орын саны (бірлік) 2021 жыл 9 айында 1944 болса, 2022 жыл 9 айында 2467-ге жеткен.

Жалпы бұл бағытта Түркістан облысында түрлі іскерлік келіссөздер жүріп жатыр. Мәселен Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында ITB China 2025 халықаралық туризм көрмесі өтіп жатыр. Шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бастаған делегация арнайы жұмыс сапарымен барды. Іс-шарада облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын, табиғи көрікті жерлері және заманауи туристік инфрақұрылымын кеңінен таныстырды.

Сапар аясында делегация Қытайдың бірқатар туристік компанияларымен және ірі туроператорларымен келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады. Нәтижесінде, алдағы уақытта Түркістан мен Қытай арасындағы туристік ағынды арттыруға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ, делегация өкілдері Қытайдың Beijing Fine Tour İnternational Travel Service Co Ltd, CYTS Xinjiang Culture and Tourism Development Co.,Ltd басшылықтарымен Түркiстанда қытай туристерiн арттыру бойынша келiссөз жүргізді.

Жалпы Түркістан облысында туризмді дамытуда жаңа идеялар мен тәсілдер қолданылады. Өңірде туризм саласын дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған іс-шара жоспары әзірленді. Аталған бағыттағы жұмыстар мен жоспарлар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде арнайы қаралды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аймақтың туристік мүмкіндігі толық қолданылмай тұрғанын айтып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

– Туризм саласы бойынша бекітілген идикаторлар орындалуы тиіс. Жұмысты ширатыңыздар. Облыстағы туристік нысандарды ретке келтіруді, туризм саласын дамыту мақсатында нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын тез арада бекітуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, 2029 жылға дейін аймақтағы туристер санын 1 млн. адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделуде. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарлануда.

Өңірдің туристік инфрақұрылымын жақсарту бойынша туризм саласына инвестициялар тартылып, жаңа туристік бағыттар мен қызметтерді іске асыру, Түркістан облысының табиғи, мәдени және тарихи байлықтарын тиімді пайдалану арқылы аймақтың туристік тартымдылығын арттыру жоспарланып отыр. Екіншіден, өңірдің туристік кластерін дамыту көзделуде. Жоспар үш негізгі кластерді қамтиды: этнокластер, экокластер және курорттық кластер. Үшіншіден, облыстың туризм саласында жаңа қызметтердің түрлерін кеңейту міндеті қойылған. Оның ішінде агротуризм, спелеотуризм, белсенді экстримальді туризм, сафари туризмі және жаңа мұражайлардың қызметтерін жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Халықаралық туристік дестинацияларда туристерге ұсынылатын бірыңғай қызмет түрде қарқынды дамыған. Соның ішінде City Pass туристік картасы үлкен сұранысқа ие. Бұл ретте өңірдегі мұражайлар, қонақүйлер, ресторандар, такси қызметтері және туристерге көрсетілетін басқа да қызметтерді біріктіре отырып, жеңілдетілген бағада туристік бағдарламаларды сату арқылы экономикалық табысқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Turkistan City Pass электрондық туристік карта жүйесі іске қосылады.

Өткен жылы Италияның «Alpin Tour», «Tomiris Travel» компаниялары мен серіктестеріне Түркістан облысының туристік бағдарламалары таныстырылып, Италия нарығында сатылымға шығарылған болатын. 2025 жылы Италия нарығынан 24 топ (әр топта орташа есеппен 20-25 турист) Түркістан облысына 2 күндік бағдарламамен келеді деп күтіліп отыр. Аймақта туризмді дамыту жұмыстары жалғасады.

Негізі туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан, ауқымы кең сала. Әлемде туризм саласымен ғана дамып, байып, елдің ішкі және сыртқы экономикасын қалыптастырып отырған мемлекеттер көп. Атап айтқанда, Еуропа елдері, Оңтүстік Америка, Шығыс Азия және теңіз, мұхиттармен жалғасып жатқан аралтектес мемлекеттер. Қазақстандағы туризмі дамып жатқан, енді қарқын алып келе жатқан сала. Соған қарамастан, отыз жылдан астам уақыт ішінде бүгінгі күнге жету үлкен жетістік. Бұған септігін тигізіп отырған туризм саласы десек, артық айтқанымыз емес. Еліміздегі туризм саласын қалыптастыруға және дамытуға оның географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Арысы мұнаймен, құмды даламен шектесетін елдің орталығы да, солтүстігі де керемет байлықтармен байып жатыр. Ата-бабамыздан қалған ен байлығымыздың бірі – жер десек, жеріміз кең, әрі бай, таулы аймағымыз мол, орманды алқабымыз жеткілікті. Қазақстанға туристердің келу үрдісі жалғасуда. Елімізге келетін туристердің, жиһанкездердің айтуынша, Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтау және қаншама мың жылдық тарихы бар Түркістан – Қазақстандағы ең керемет туристік қалалар қатарына жатады.

Leave a reply