Понедельник, 9 июня

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫН ТОЛЫҚ «КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН» ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

0
11

Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту, газбен қамту жұмысы қарқынды. Өңір тұрғындарының назарына облыс халқын газбен қамту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша мәлімет ұсынамыз. Жалпы Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 % -ға жетеді. Облыс елді мекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» облыс әкімдігімен бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық)   2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізеді. Жалпы, елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғасатын болады.

Өткен жылдың қорытындысымен республика халқының орташа газбен қамтылу көрсеткіші 62,4% құраған. Оның ішінде, Түркістан облысы халқының 85,5% немесе 563 елді мекеннің 69,7%-ы табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші бойынша республикада 8-орынға жайғасқан. Өткен жылы бюджеттен 27,3 млрд теңге бөлініп, 115 нысан құрылысы іске асырылды. Оның ішінде, 70 нысан құрылысы аяқталса, 45-і 2025 жылға өтпелі. Биылғы жоспарға сәйкес, 64 нысанға 9,7 млрд теңге қаралып, 34 елді мекендегі 38 нысан құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ, 2026 жылға өтпелі 26 нысанға 23,5 млрд теңге қаржы қарастыру жұмыстары жүргізілуде. Энергетика министрлігі арқылы «Самұрық-Қазына» қоры есебінен облысқа 9,4 млрд теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Қажетті қаржы бөлінген жағдайда, жыл қорытындысымен 45 елді мекендегі, яғни 84 мың халық табиғи газға қосылады. Нәтижесінде 89,4% облыс тұрғыны табиғи көгілдір отынмен қамтылмақ. Сонымен қатар құны 25,7 млрд теңгені құрайтын 45 нысан республикалық бюджеттің кезекті нақтылауына ұсынылған.

Сондай-ақ, Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекені тұрғындарына «көгілдір отын» берілді. Аудан әкімі Азат Оралбаев және «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Ақылбек Абилдиев арнайы барып, ауылдағы тұрғындардың қуанышымен ортақтасып, ізгі лебіздерін жеткізіп, газ құбырын салтанатты түрде ашты. Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Жәкей және ауыл ақсақалдары да сөз кезегін алып, ауылға табиғи газ келуі – жайлылық пен қолайлылық екенін атап өтіп, ел қамы жолында еңбектеніп жүрген азаматтарға ризашылықтарын жеткізді.

Аталған бағытта Түркістан облысына қарасты шалғай елді мекендерге табиғи газ беру жұмыстары жүйелі жалғасуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Сарыағаш ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін ауданға қарасты Жылға ауылдық округіндегі Шеңгелді елді мекені табиғи газға қосылды. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Шеңгелді елді мекеніне арнайы барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Халықты қуанышты сәтпен құттықтап, шалғай ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Ауыл тұрғындары аудан басшысына өз ризашылығын білдірді. Аталған елді мекендегі тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу үшін бюджеттен қаржы қаралған. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, газ құбырлары тартылды. Бүгінде елді мекендегі 300-ден астам отбасы және әлеуметтік нысандар «көгілдір отынмен» қамтылды.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданына қарасты елді мекендерді ауыз сумен, табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Қазіргі таңда аудандағы 63 елді мекеннің 52 елді мекені табиғи газбен, 49 елді мекені ауыз сумен қамтылған.

Ал Ордабасы ауданына қарасты үш елді мекен табиғи газға қосылды. Ордабасы ауданында тұрғындарды газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бүгін Шұбар ауылдық округіне қарасты Тоқсансай, Береке, Сарытоғай ауылдарында «көгілдір отын» беру рәсімі өтті. Ауыл жұртын қуантқан салтанатты рәсімге аудан әкімі Азат Оралбаев пен облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш арнайы барып тұрғындарды құттықтады.

Аудан басшысы жұртшылықты құттықтай отырып, осы нәтижелі жұмыстың жүзеге асуына облыс басшылығы мен облыстық мәслихат депутаттарының үлкен қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті. Облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш бұл игілікті істің Мемлекет басшысының тапсырмасымен атқарылып отырғанын айтып, ауыл халқына ақжарма лебізін арнады. Өз кезегінде ауыл жұрты бұл игілікке зор ризашылығын білдіріп, ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді.

Айта кетсек, аудан бойынша 25 елді-мекенді газбен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен 2021 жылы тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталған. Соңғы 2 жыл ішінде аудан әкімінің үйлестіруі мен бақылауының нәтижесінде аудан тұрғындарын толық табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде қазіргі таңда аудан бойынша 57 елді-мекеннің 36-сы табиғи газға қосылып, жалпы көрсеткіш 2 жылдың ішінде 15,7 пайыздан 63,1 пайызға өсіп отыр. Келесі кезекте Шұбарсу ауылын газбен қамту міндеті тұр. Биыл ауылға газ жеткізуші құбырдың құрылысына бастапқы қаржы қаралып, жұмыстар басталады. Одан бөлек, басқа да елді-мекендерде тиісті жұмыстар атқарылып, 2 жыл көлемінде ауданымыз толық газбен қамтылады деп күтілуде. Ендігі кезекте, табиғи газ қосылған ауыл тұрғындары өз үйлеріне газ қосу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Аудан басшысы ауыл оркругтерінің әкімдіктеріне бұл жұмыстарға тиісті қолдау көрсетуді тапсырды.

Тұрақты жұмыс нәтижесінде биыл Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 %-ға жетеді деп күтіліп отыр. Облыс елді мекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізілмек. Елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғасады. Өткен жылы облыста 2 газ тарату станциясы пайдалануға берілді. Биыл дәл осындай газ тарату станциялары Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында ел игілігіне пайдалануға берілді. Ал, жыл соңына дейін тағы да 3 газ тарату станциясын іске қосу жоспарланған.

 

 

Leave a reply