ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ СУ СПОРТЫН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ТҮРЛІ ШАРАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысында су спорты түрлерінен ауқымды жарыстар ұйымдастырылып келеді. Мәселен биыл Астанада 2009 жылы және одан кейін туған спортшылар арасында жүзуден Қазақстан чемпионаты өтті. Жарысқа 20 команда құрамында 440 спортшы қатысты. Жалпы өңірде спорт саласындағы жетістіктер жайында облыс тұрғындарының назарына ақпарат ұсынамыз. Түркістан өңірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы тапсырмаларға сәйкес, бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, ауқымды жобалар іске асырылып келеді.
Спорт саласындағы өзекті мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың жіті қадағалауында. Бүгінде облыс жастарының арасында түрлі сайыстар ұйымдастырылып, нәтижесінде дарынды спортсүйер жастардың қатары артып келеді. Бүгінгі таңда облыс аумағында 3540 спорт нысаны тіркелген. Оның 2577-сі білім беру мекемелерінде болса, әкімдік теңгерімінде 543 нысан бар. 270 нысан жеке меншікте, ал 150 нысан спорт мекемелерінің меншігінде. Басқармаға бағынысты және қала, аудан әкімдіктеріне қарасты 100 спорттық ұйым қызмет атқаруда. Жөндеуді қажет ететін спорт нысандарына да жыл сайын кезең-кезеңімен қаржы бөлінуде. Дәлірек айтқанда, биыл 14 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Спорт нысандарына қажеттілікті азайту мақсатында 2025 жылы 51 спорт нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Түркістан қаласындағы «Орталық су спорт кешенінде» Жеңістің 80 жылдығына орай жүзуден жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат ұйымдастырылды. Спорттық сайыс спортшылардың жүзуге деген қызығушылығын арттырып, үздіктерді анықтауға бағытталған. Жарысқа өңірдегі аудан-қалалардан іріктеліп келген спортшылар қатысты. Спортшылар 50 және 100 метрге еркін жүзу, брасс, шалқалай, баттерфляй әдісімен жүзуден жарысты. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға тиісті деңгейдегі кубок, медаль және дипломдар табысталды.
Су спорты түрлерінен Түркістан облысының олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің өкілдері жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, 4 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Облыс қоржынына медаль салған спортшыларды атап өтсек, Дария Тоқтобаева 200 метрге шалқалай жүзуде бірінші орын алып, 400 метрге еркін әдіспен жүзуде алтын жүлдеге ие болды. Ал Ерсайын Әлижан 400 метрге жекелей жүзуде және 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде екі алтын медаль еншіледі. Жүзуден Түркістан облысының аға жаттықтырушысы Нұртілек Убайдулаевтың айтуынша, бұл жарыстарға еліміздің ең мықты спортшылары қатысқан. Жүлде бойынша жоспар орындалған. Бүгінде рухани шаһарда бірқатар заманауи спорт кешендері бой көтерді. Нақтырақ айтсақ, «Түркістан Арена» стадионы, «Олимпик центр», «Мұз сарайы», «Теннис орталығы» салынды. Одан бөлек, әлемдік талаптарға сай ескек есу каналы мен Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешендерінің құрлысы жүріп жатыр.
Облыста 77 спорт мекемесі спорттың 62 түрі бойынша шәкірттер дайындауда. Әлем чемпионаттары мен кубоктарында өңір спортшылары 74 алтын, 36 күміс және 20 қола медальға қол жеткізді. Азия чемпионаттары мен кубоктарында 111 алтын, 69 күміс және 36 қола медальға ие болды. Ал ел чемпионаттарында 420 алтын, 299 күміс, 308 қола медальді еншіледі. Облыста 16 халықаралық дәрежедегі спорт шебері дайындалса, 38 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері атанды.
Өткен жылдың басты додасы – Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында еліміздің құрамасы сапында түркістандық 27 сайыпқыран спорттың 13 түрінен жарыс жолына шықты. Нәтижесінде, спортшылар 2 күміс, 2 қола медальға қол жеткізді. Атап айтсақ, байдарка мен каноэда есуден Ольга Шмелева мен Ульяна Кисилева күміс медальді иеленсе, боксшы Сағындық Тоғамбай мен каратэші Әсел Қанай қола медальді облыс қоржынына салды. Ханчжоуда өткен Пара Азия ойындарында спорттың 3 түрінен 5 спортшы ел намысын қорғады. Түркістандық спортшылар еншісінде 3 күміс және 1 қола медаль бар. Параканоэші Бибарыс Спатай мен Жалғас Тайкенов күміс медаль иегерлері атанса, Жаңыл Балтабаева қола жүлдені місе тұтты. Бибарыс Спатай қос күміске қол жеткізіп, Паралимпиада ойындарына лицензия жеңіп алды.
Ал қол күрестен әлемді мойындатқан Түркістан облысының тумасы Қыдырғали Оңғарбаев, Параканоэші Бибарыс Спатай, жеңіл атлет Мұқан Айтмырзаев ҚР Президенті Жарлығымен мемлекеттік наградамен марапатталды.Астана қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивалінде облыс спортшылары жалпыкомандалық есепте І орынды иеленді. Бұқаралық спорты дамыту бойынша мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық спартакиадада Түркістан облысының командасына тең келер команда табылмады.
Биыл өтетін Париж Олимпиадасының іріктеу додаларына облыстан 11 спортшы үміткерлер қатарына еніп отыр. Паралимпиада ойындарына 5 спортшы қатысады деп күтілуде.