Шымкентте халық үніне құлақ асу – нақты іспен дәлелденуде

Шымкент қаласында азаматтардың арыз-шағымын тыңдап, нақты шешім қабылдауға бағытталған игі бастамалар жалғасып келеді. Соның айқын бір көрінісі – «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ұйымдастырылған кезекті қоғамдық қабылдау. Бұл жолы тұрғындарды Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов әріптестерімен бірге қабылдап, халықтың өтінішіне құлақ асты.
Қабылдау «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өтті. Жобаның басты мақсаты – азаматтардың өзекті мәселелерін жауапты мекемелермен бетпе-бет отырып шешуге мүмкіндік беру. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты іске асырылып жатқандығының бір айғағы.
Қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі инфрақұрылымға қатысты түйткілдерді көтерді. Бұл да қала тұрғындарының күнделікті өмір сапасына бейжай қарамайтынын, билікпен кері байланыс орнатуға бейіл екенін білдіреді. Мәселен, Құрсай елдімекенінің тұрғыны кейбір көшелерге әлі күнге дейін газ тартылмағанын айтып, аталған мәселені назарға алуды сұрады.
Өтінішке нақты жауап берген басқарма басшысы Рзабек Меңдіқұлов қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттаманың әзірленіп жатқанын мәлімдеді:
«Құрсай шағын ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. 2025 жылдың үшінші тоқсанында сараптама қорытындысын алу жоспарланған. Сараптама оң нәтижемен шыққан жағдайда, құрылысқа қажетті қаржыны бөлу үшін тиісті бюджетке ұсыныс жолданады. Қаржы қаралған соң құрылыс жұмыстары басталады», – деді ол.
Сонымен қатар, Азат мөлтек ауданының тұрғыны электр жүйесіне қатысты түйткілді мәселені – ескірген ағаш бағаналарын жаңартуға байланысты өтініш білдірді. Бұл мәселеге де басқарма тарапынан түсіндірме беріліп, қажетті шаралар кезең-кезеңімен атқарылып жатқаны жеткізілді.
Қабылдау барысында барлық азаматтың өтініштері заң аясында қаралып, нақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бірқатар мәселелер сол жерде жедел шешімін тапса, кейбірі қосымша зерделеуді қажет ететіндіктен арнайы хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Бұл тәсіл – тұрғындардың мәселесін кейінге қалдырмай, жауапты органдармен бірлесіп жүйелі шешуге жол ашатыны анық.
Бүгінде Шымкент қаласы азаматтық белсенділігі артқан мегаполиске айналып келеді. Бұл қала тұрғындарының түрлі қоғамдық қабылдауларға келіп, мәселе көтеруімен ғана өлшенбейді. Олар өздері өмір сүріп отырған ортаға жауапкершілікпен қарап, шешім қабылдау процесіне қатысуға ұмтылады.
Соңғы жылдары Шымкентте азаматтық қоғам институттары, қоғамдық кеңестер, волонтерлік ұйымдар және белсенді тұрғындар саны артып келеді. Бұл – демократиялық мәдениеттің дамып келе жатқанының көрсеткіші. Азаматтар енді билікке тек талап қоюмен ғана шектелмей, ұсыныс та айтып, бақылау жүргізуге ұмтылып отыр.
Ең бастысы, бұл бастама – белсенді азаматтық қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Ал белсенді азамат – елдің ертеңіне бейжай қарамайтын тұлға.












