Шымкенттік тұрғындардың өтініштері орындалды

Мемлекетті басқарудың жаңа парадигмасы – ашықтық пен есеп беруге негізделген тыңдаушы мемлекет құру. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – осы мақсаттағы басты бағдар.
Шымкент қаласында бұл қағидатты іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Әсіресе, тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайтуда «AMANAT» партиясы қоғамдық қабылдау бөлмелерінің рөлі айрықша. Мұндай қабылдаулар арқылы азаматтар өздерінің өзекті мәселелерін тікелей құзырлы органдарға жеткізіп, нақты шешім алу мүмкіндігіне ие болуда.
Жуырда «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Ынтымақ шағын ауданы тұрғындары Темірлан тас жолының бойындағы Ынтымақ каналына жиналған лас сулар мен тұрмыстық қалдықтарды тазарту жөнінде өтініш білдірді.
Бұл өтінішке орай партия филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы мәселені назарға алып, Абай ауданы әкімдігіне ресми хабарланатынын айтты. Арада көп уақыт өтпей-ақ, аудан әкімдігі тұрғындар тілегіне үн қатып, Ынтымақ каналының бойына тазалық жұмыстарын жүргізіп, орын алған кемшіліктерді ретке келтірді.
Бұл оқиға – азаматтар тарапынан көтерілген экологиялық мәселенің тек тыңдалғанын ғана емес, нақты шешімге ие болғанын көрсетті. Мұндай жедел әрекет – билік пен халық арасындағы сенімді нығайтудың тиімді жолы екені сөзсіз.
2025 жылдың 10 шілдесінде, «AMANAT» партиясының Тұран аудандық филиалына тағы бір маңызды өтініш келіп түсті. Қала тұрғыны Қалдыбек Тұрбаев Тұран шағынауданындағы №28 үй ауласындағы балалар ойын алаңшасының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, ойын элементтерінің жарамсыз екенін атап өтті.
Бұл өтінішке дереу үн қатып, Тұран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Е.Бертаев Тұран КММ мобильді бөліміне хабарласып, мәселені егжей-тегжейлі түсіндірді. Артынша, аталған мекенжайға мамандар жіберіліп, балалар алаңшасындағы сынған ойын құрылғылары ретке келтірілді.
Нәтижесінде, тұрғын Қамбар Ақылбектің де өтініші қанағаттандырылып, жергілікті әкімдік пен коммуналдық мекеме өз міндетін абыроймен атқарды. Бұл – қарапайым азаматтың өтініші ескерусіз қалмай, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты қадам жасалғанының көрінісі.
Мұндай мысалдар Шымкент қаласында қоғам белсенділігінің артып келе жатқанын, тұрғындардың енді өз ортасындағы мәселеге бейжай қарамайтынын дәлелдейді. Олар шешімді сырттан күтпей, мәселені көтеріп, билікке жеткізуді азаматтық парыз деп түсінеді. Бұл – нағыз белсенді азаматтық ұстаным.
Бүгінгі таңда халық тарапынан көтерілетін мәселелердің дені – инфрақұрылым, экология, тұрғын үй, балалар қауіпсіздігі сияқты әлеуметтік маңызы жоғары салаларға қатысты. Бұл азаматтардың өмір сүру сапасына ерекше мән беріп отырғанын көрсетеді.
Ең маңыздысы – әрбір шағымның артында нақты адамның тағдыры, қауіпсіздігі немесе жайлы өмір сүру құқығы тұрғанын билік өкілдері жақсы түсіне бастады.













