ТҮРКІСТАН: ДАНАЛЫҚ САРДАРЛАРЫ
Қашанда ел әлеуетінің артуына ғалымдардың қосатын үлесі қомақты. Ғылымсыз ілгерілеу мүмкін емес. Салыстырмалы түрде, ғалымдарды «даналықтың сардарлары» деп атасақ, ақиқаттың ауылынан алыс кете қоймаспыз. Сондай жандардың бірі, ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «ҚР Жаратылыстану ғалым академиясының академигі» — Базарбек Керімбеков. Б.Керімбеков 1938 жылы Түркістан облысының(бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) Сауран ауданына(бұрынғы Түркістан ауданы) қарасты Құмтүйін(бұрынғы Бозбұтақ ауылы) ауылында өмірге келген.
Мектепті үздік бітіріп, 1955 жылы Өзбекстан астанасындағы «Ташкент мемлекеттік медицина институтына» түседі де, оның толық бағдарламасын 1961 жылы «Алматы мемлекеттік дәрігерлік институтын» бітіріп шығады. Мұның себебі ғалым өмір сүрген кезең Кеңес Одағы болғаннан кейін, оқуды одақтас бір республикада бастап, екіншісінде бітіру мүмкін болып тұр. 1962 жылдан бастап, «Алматы өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында» педиатор, лаборант, аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, 1967-1973 жылдары «КСРО медицина академиясының Алматы бөлімінде» лаборатория меңгерушісі қызметтерін атқарған. Аталған қызметтерді атқара жүріп, Б.Керімбеков кандидаттық және докторлық диссертация қорғаған. Жоғарыдағы «партология» сөзі – «саяси партияларды зерттеумен айналысатын ғылым» деген ұғымды білдіреді. Осы аралықта, нақтырақ айтсақ 1984-1988 жылдары Б.Керімбеков «Алматы өкілеттік партология институтында» директордың орынбасары және оның директоры болып та қызмет еткен. Одан соң 1991 жылға дейін «Алматы медицина институтының» «Гигиена кафедрасында» профессор және «Шымкент фарминститутында» кафедра меңгерушісі болған. 1991-2002 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де ректордың тәрбие ісі бойынша орынбасары, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қоғамдық-ғылыми жұмыстары жоғары бағаланып, «Өзбекстан Жоғарғы Кеңесі Президиумы» тарапынан «Құрмет» грамотасымен(1955 ж.), еліміз тарапынан «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен(1972 ж.) марапатталған және тәрбие мен ғылыми жетістіктері номинациясы бойынша «Жыл адамы»(2001 ж.) атанған. Ғылыми мамандар дайындауда да жасаған еңбегі зор. Ол 15 медицина-биология ғылым кандидаттарына жетекшілік жасап, еңбектерін абыроймен қорғатқан.
Ал Түркістандық ғалым Омар Сыздықов 1936 жылы Түркістан облысының(бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) Түркістан қаласында туған. Мектептен соң Өзбекстан республикасының астанасы Ташкент қаласындағы «Ташкент политехникалық институтына» түсіп, оны 1963 жылы бітіреді. Бұдан кейінгі жылдары «Кентау Экскаватор зауытында» цех бастығы, «Ащысай түсті металл комбинатында» инженер, «Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде» оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, «Алматы металл өңдеу зауытының» директоры қызметтерін атқарған. 1987 жылы «Мәскеу болат және қорытпалар институтының» Ғылыми Кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғайды. 2002 жылы «Абай атындағы АлМУ-дың» Ғылыми Кеңесінде өзінің докторлық диссертация қорғап, 2003 жылдан бастап сол Докторлық Кеңес мүшесі болып қызмет етеді. О.Сыздықов 150-ге жуық ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 20-дан астамы оқулық пен оқу құралдары.
2005 жылы «Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың» шақыруы бойынша Түркістан қаласына көшіп келіп, «Кәсіптік оқыту технологиясы» кафедрасының меңгерушісі болған О.Сыздықов – кәсіптік педагогика саласының негізін қалаушылардың бірі болды. Ғалымның авторлық куәліктері мен рационализаторлық жаңалықтары бұрынғы КСРО-ның көптеген зауыттарында өндіріске енген еді. Мұндағы «рационализация» дегеніміз – кез-келген бір ұйымның қызметін, ондағы адамдардың еңбегін егжей-тегжейлі ойластырылған қайта құрулар арқылы, жұмыс тиімділігін арттыру процесі. Бұл тұрғыда – «Кентау экскаватор зауыты» мен «Ащысай түсті металл комбинаты»(«Ачполиметалл») цехтарында, Ресей мемлекетінің «Долгопрудный химия зауыты» мен Татарстан республикасының «Стерлитамак химия зауыттарында», сондай-ақ «Алматы металл өңдеу зауыты» мен «Өскемен металл бұйымдары зауыттарындағы» пайдаға асқан еңбектерін атауға болады.
О.Сыздықовтың ғылыми-педагогикалық еңбектері жоғары бағаланып, 1970 жылы бұрынғы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен «Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген рационализаторы» құрметті атағымен марапатталса, 2008 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған.
Осы арада О.Сыздықов және оның отбасы С.Қожановтың жанұясымен достық қарым-қатынаста болғанын атап өткен жөн, ол өз алдына бөлек тақырыпқа арқау болар әңгіме. Әзірге ғалымның еңбектері туралы деректермен сөзімізді қорытындылаймыз.
О.Сыздықовтың күрделі еңбектерінің ішінде «Конструкциялық материалдар технологиясы», мектеп оқушыларына арналған «Технология» және «Токарь ісінің негіздері» атты оқулықтары, қазақша-орысша, орысша-қазақша көп томдық терминологиялық сөздіктерінің 7-томы және «Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі», сонымен бірге «Машина жасау»(Алматы «Мектеп» 2007) атты кітаптары бар. Осындағы «Машина жасау» атты еңбегі үлкен таралыммен басылып, шетел тілдеріне аударылған. Ғалымдардың елі үшін атқарған қыруар істерін салмақтай отырып, сөзіміздің басында айтқанымыздай, олардың — «Даналық сардарларынан» бір де бір кем емес, «жауынгер жұрт» екенін аңғарамыз…
Айгүл БАҚЫТҚЫЗЫ,
С.Ерубаев музейінің меңгерушісі.












