Тұрғындар үнін билікке жеткізетін сенімді көпір

0
69

Шымкент – миллион тұрғыны бар, қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Қаланың әр түкпірінде жаңа құрылыстар бой көтеріп, инфрақұрылым жаңарып жатқанымен, шешімін күтетін мәселелер де аз емес. Міне, осы түйткілдердің дер кезінде анықталуы мен шешілуіне Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің рөлі зор.

Қоғамдық кеңестің IV шақырылымы жұмысын тек ресми жиындармен шектемейді. Кеңес мүшелері қаладағы жағдайды өз көздерімен көріп, тұрғындармен тілдесіп, нысандарға барып, мониторинг жүргізеді. Бұл – халықтың үні билікке тура жететін ең қысқа жолдардың бірі.

Мониторинг аясында

Шымкенттің жүрегінде орналасқан Цитадель аумағындағы мәдени-тарихи нысандардың сақталуы;

Қалалық абаттандыру – Металлург саябағындағы жаңарту жұмыстарының сапасы;

Жасыл аймақты қорғау – ағаштарды суару, күтіп-баптау шаралары және дендросаябақтағы көгалдандыру;

Экология мәселелері – Бозарық шағын ауданындағы бейберекет қоқыс үйінділерін жою жолдары;

Табиғи ресурстардың заңсыз пайдаланылуы – Бадам өзені бойындағы шағал тастарының рұқсатсыз алынуы тексерілді.

Бұл бағыттар бойынша жауапты басқарма басшыларына және мекеме директорларына нақты ұсыныстар берілді, орындалу мерзімдері белгіленіп, жұмыстардың сапасына бақылау қойылды.

ҮЕҰ және еріктілермен бірлескен жұмыс
Қоғамдық кеңес – тек мемлекеттік құрылым ғана емес, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдармен серіктесіп, ортақ жобаларды жүзеге асыратын алаң. Мысалы, Мемлекет басшысының бастамасымен өткен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында кеңес мүшелері, қала белсенділері және «Сити Строй» ЖШС демеушілігімен Д.Қонаев көшесіне 1300 түп ағаш отырғызылды. Бұл – қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, тұрғындар арасында табиғатқа қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосқан маңызды шара.

Кеңес мүшесі Айдос Сәрсенбаев бұл туралы былай дейді:
– Қаладағы әрбір өзгеріс халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Біз үшін басты мақсат – тұрғындардың пікірін есту, сол мәселені билікке жеткізу және орындалуын қадағалау. Ашықтық – біздің негізгі қағидамыз, – дейді ол.

Қоғамдық кеңестің жұмысы толық ашық форматта өтеді. Атқарылған істер мен қабылданған шешімдер Шымкент қаласы мәслихатының ресми сайтындағы арнайы бөлімде тұрақты жарияланады. Кеңес мүшелері «Kazkenes» республикалық платформасында да тіркелген, бұл – тұрғындардың сұрақтарына онлайн жауап беруге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік желілер де белсенді қолданылады. Әрбір мүше өз парақшасында атқарылған жұмыс туралы хабарлап, пікірлерге жауап береді. Бұл – халықпен тікелей байланыс орнатып, сенімді арттыратын маңызды қадам.

Тұрғындардың айтуынша, Қоғамдық кеңестің араласуы арқасында кейбір ұзақ уақыт шешілмеген мәселелер оң шешімін тауып келеді. Мәселен, қоқыс мәселесі, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жеделдетілген.

Қалалық белсенді Баян Қасымова өз пікірінде:

– Бұрын мұндай бақылау болмағандықтан, көп мәселе ұзаққа созылатын. Енді кеңес мүшелері өздері келіп көріп, фото-видео түсіріп, бірден тиісті орындарға жеткізеді. Бұл халыққа үлкен сенім ұялатады, – дейді.

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесі – тек кеңесші орган емес, халық пен билік арасындағы ашық диалогтың нақты алаңы. Мұнда үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер мен белсенді азаматтар бірлесе отырып, қаланың дамуына үлес қосуда. Ашықтық, жариялылық және нақты нәтижеге бағытталған жұмыс – шаһардың өркендеуіне серпін беретін басты факторлардың бірі.

Leave a reply