ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІ – ЖАҢА ҚҰРАМ, ЖАҢА СЕРПІН

Халық пен билік арасындағы алтын көпір жаңа құраммен жұмысын бастады
Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің IV шақырылымы 2025 жылдың 12 наурызында ресми түрде бекітілді. Қалалық мәслихат төрағасының өкімімен мақұлданған жаңа құрамға түрлі салада еңбек етіп жүрген 29 қоғам белсендісі енді.
Бұл – азаматтық қоғам өкілдері, мәдениет пен білім саласының майталмандары, медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер, заңгерлер және журналистер. Кеңестің басты мақсаты – халықтың мүддесін қорғап, билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ету.
Құрамы әр алуан, өкілдік ауқымды
Жаңа құрам мынадай санаттардан тұрады:
Азаматтық қоғам өкілдері – 12 адам;
Кәсіпкерлер – 7 адам;
Мәдениет, білім, медицина саласы – 6 адам;
Заңгерлер мен журналистер – әрқайсысы 2 адамнан.
Бұрынғы шақырылымнан 9 адам қайта сайланды. Кеңесте гендерлік және этностық тепе-теңдік сақталған: 5 әйел, 24 ер адам. Жас жағынан да алуан түрлі: 18-35 жас аралығында – 4, орта жаста – 12, одан жоғары – 13 адам.
Кеңес мүшесі Гүлмира Тәжібаева бұл туралы:
– Әр саладан өкілдердің болуы – шешім қабылдау кезінде пікірдің жан-жақтылығын қамтамасыз етеді. Біз тек сын айтып қана қоймай, нақты ұсыныстар әзірлейміз, – дейд
Төрт тұрақты комиссия – нақты бағыттар
Кеңес өз жұмысын төрт тұрақты комиссия арқылы жүргізеді:
Бюджет, экономика және инвестиция мәселелері;
Азаматтық қоғаммен байланыс және әлеуметтік сала;
Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және коммуналдық шаруашылық;
Сыбайлас жемқорлықпен күрес, заңдылық және жергілікті өзін-өзі басқару.
Әр комиссия өз бағыты бойынша қаладағы өзекті проблемаларды зерттеп, ұсыныстар әзірлейді. Құжаттар мен нормативтік актілер талқыланып, қоғамдық пікір ескеріледі.
Алғашқы нәтижелер
Құрылғалы бері кеңес 5 жоспарлы отырыс өткізіп, сенат депутаттарымен, жастар ұйымдарымен кездесулер ұйымдастырды. Апта сайын ішкі жиындарда қордаланған мәселелер талқыланады.
Есепті кезеңде:
Қала әкімдігіне қарасты 8 басқарма, 1 аудан әкімдігі, 1 департамент басшысының есептері тыңдалды;
15 мәселе қаралып, 5 хаттама рәсімделді;
Мемлекеттік органдарға 50-ге жуық ұсыныс жолданды;
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің қалалық департаментінің есебі қанағаттанарлықсыз деп танылып, қайта қарауға жіберілді;
Кеңес жиындарында 30-ға жуық нормативтік құқықтық акт жобасы талқыланды.
Халық үнін есту – басты міндет
Кеңеске 15 өтініш түскен: оның 14-і жеке тұлғалардан, 1-еуі заңды тұлғадан. Барлық өтініш заңға сай қаралып, тиісті органдарға жолданды. Өтініш иелеріне мерзімінде жауап берілді.
Кеңес мүшесі Ержан Маханов:
– Біз үшін әр өтініш – жай қағаз емес, адамның тағдыры мен өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселе. Сол себепті әрбірін жіті қарауға тырысамыз, – дейді.
Ашықтық пен жариялылық – жұмыс өзегі
Кеңестің барлық қызметі ашық форматта өтеді. Жиындар туралы ақпарат ресми сайтта және әлеуметтік желілерде жарияланады. Бұл – халықтың сенімін арттыратын басты фактор.
Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесі жаңа құраммен жұмысын белсенді бастап, ашық басқару принциптерін дамытуды көздеп отыр. Халықтың үні билікке жетіп, шешім қабылдауда ескерілетіндей жағдай жасау – олардың негізгі миссиясы.












