ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МҰҢ-МҰҚТАЖЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

0
44

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы халықпен тікелей байланысты күшейту мақсатында кезекті қоғамдық қабылдау өткізді. «Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылған жиынға қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Талғат Балтабаев қатысып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Кездесу барысында азаматтар тарапынан түрлі шағымдар мен өтініштер түсті. Олардың қатарында медициналық қызмет сапасына қатысты ұсыныстар, әлеуметтік қолдау сұрақтары және заңнамалық мәселелер де болды. Әрбір азаматтың айтқан уәжі ескерусіз қалған жоқ.

Мәселен, қала тұрғыны анасына операция жасалғанын, қазір ем-домына көмек қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, отбасының баспанасыз қалғанын айтып, қиын жағдайын баяндады. Депутат бұл өтінішке бейжай қарамай, нақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
— «Анаңызға тиісті ем жасалуын дәрігерлерге қатаң түрде ескертемін. Ал баспана мәселесі шешілгенше қолдан келген көмегімді аямаймын. Ең бастысы – қиындыққа берілмей, алға қарай ұмтылыңыз», – деді Талғат Балтабаев.

Сондай-ақ, Ынтымақ-2 шағынауданының тұрғыны алаяқтардың алдауына түсіп, үйінен айырылып қалу қаупі бар екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, кейбір құқық қорғау органдарының өкілдері тарапынан қысым көрсетіліп, қорқыту әрекеттері де болған. Бұл мәселе бойынша депутат шұғыл түрде учаскелік полиция қызметкерімен байланысып, жағдайды түсіндіруді талап етті. Әрі заңды өкілеттігін асыра пайдаланбауды ескертіп, істің Жер комиссиясының қатысуымен толық зерделенетінін айтты.

Қабылдау барысында әрбір мәселе жеке қаралып, тиісті шешім қабылданды. Бірқатар өтініштерге сол жерде жедел көмек көрсетілсе, күрделі мәселелер арнайы хаттамаға енгізіліп, партия бақылауына алынды.

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының өкілдері мұндай кездесулерді жүйелі түрде өткізіп тұратынын атап өтті. Өйткені халықтың үнін тыңдап, нақты көмек беру – партия қызметінің басты қағидаты. Тұрғындар өз кезегінде мұндай қабылдаулар олардың мемлекетке деген сенімін нығайтып, әділдікке үмітін арттыратынын жеткізді.

Leave a reply