ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСУ – НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚ

Шымкент қаласында азаматтардың күнделікті тұрмыстық мәселелерін шешу, әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсету мақсатында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Соның айғағы ретінде Қаратау ауданына қарасты Тұран тұрғын алабында «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді.
Бұл шараға партияның Шымкент қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова, қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев, сондай-ақ Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, аудан әкімдігінің өкілдері мен құқық қорғау органдарының мамандары қатысты. Кездесу барысында тұрғындар өздерінің жеке өтініштері мен ұсыныстарын ашық жеткізіп, инфрақұрылым, қоғамдық көлік, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды.
Тұрғындар көтерген сұрақтар хаттамаға енгізіліп, әрбір өтінішке жауапты сала мамандары бекітілді. Бірқатар түйткілдер сол сәтте шешімін тапса, күрделі мәселелер тұрақты бақылауға алынды. Бұл – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі, себебі билік өкілдері халықтың жанайқайына құлақ асып қана қоймай, оны шешудің тетігін бірге қарастыруға ұмтылып отыр.
Жыл басынан бері Шымкент қаласында 249 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, 1973 азаматтың өтініші қаралған. Оның ішінде 69 пайызы оң шешімін тапса, қалған өтініштер бойынша заң аясында толық түсініктемелер берілген. Сондай-ақ, жалпы қала және аудандық филиалдарға 7830 шағым түсіп, олардың 81 пайызы қанағаттандырылды. Бұл көрсеткіштер партияның тек сайлауалды бағдарламамен шектелмей, күнделікті өмірде халықпен тығыз байланыста екенін дәлелдейді.
Айта кету керек, партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде қалалық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Алина Дубинина да тұрғындармен жеке кездесу өткізді. Ол негізінен денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау бағытындағы өтініштерді қарастырып, нақты ұсыныстар берді. Мұндай кездесулер халықтың саяси шешім қабылдауға қатысуына жол ашады. Себебі, азаматтар өздерінің ұсыныстарын тікелей депутаттарға жеткізу арқылы қоғамдық саясатты қалыптастыруға атсалысып отыр.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да мұндай көшпелі қабылдауларды жиі өткізіп, тұрғындармен ашық диалогты жалғастыруды жоспарлауда. Бұл – қоғамның әрбір мүшесіне тең мүмкіндік беру, азаматтық белсенділікті арттыру және халықтың сенімін нығайту жолындағы жүйелі жұмыс.












