ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ОРНЫ ТАЛҚЫЛАНҒАН МӘЖІЛІСТЕР ЛЕГІ ЖАЛҒАСУДА

0
38

Соңғы жылдары өңірде әйелдердің қоғамдағы орны мен беделін арттыруға бағытталған кешенді бағдарламалар қабылданып, оң нәтижелер байқалуда. Бұл өзгерістер саясатта, бизнесте, білім мен денсаулық саласында, мәдениетте және ауылдық өмірде айқын көрініп жатыр. Мәселен, әйелдердің әлеуметтік-саяси өмірдегі рөліне тоқталсақ. 2025 жылдың басында Түркістан облыстық мәслихатында депутат әйелдердің үлесі 32%-ға жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есе өскен. Әйел депутаттар негізінен әлеуметтік салаға, отбасы және балалар мәселелеріне қатысты бастамаларды қолдап жүр.

Өткен жылы Түркістан қаласында өткен “Әйел – қоғам тірегі” республикалық форумында облыс әкімі Дархан Сатыбалды әйелдердің мемлекеттік басқаруға қатысу үлесін арттыруға ерекше назар аударылатынын атап өтті. Форумға Қазақстанның барлық аймақтарынан келген саясаткер, кәсіпкер және қоғам белсендісі әйелдер қатысты. Сондай-ақ, 2025 жылдың наурызында өткен “AMANAT” партиясы филиалының әйелдер қанатының кеңейтілген отырысында Түркістан облысынан 150-ден астам белсенді әйел партиялық жұмыстың жаңа бағыттарына ұсыныстар жасады.

Ауданда Әлеуметтік бағдарламалар аясында әйелдерге арналған тренингтер, кәсіби семинарлар, жанұяларды қолдау бағытындағы жұмыстар ұйымдастырылып отырды. Мұнда әсіресе аз қамтылған, көпбалалы және тұрмыстық қиындық көріп отырған аналарға әлеуметтік көмек көрсетілуі – әйелдердің азаматтық және әлеуметтік рөліне назар аударудың көрінісі. Қазіргі таңда қоғамда әйелдер қауымы білім беру, мәдениет, этномәдени іс-шаралар секторларында белсенділік танытуда. Сонымен нәзік жандыларды әлеуметтік қолдау үшін «Отбасын қолдау орталығы» — әйелдерге бағытталған әлеуметтік қолдау орталығы қызмет көрсетеді.

Биыл Сайрам ауданында «Отбасын қолдау орталығы» ашылып, тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Негізгі қызметтері көпбалалы, аз қамтылған, тұрмыстық қиындыққа тап болған отбасыларға — құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау, тұрмыс қиындықтарын еңсеруге бағытталған кәсіби курстар (тігін, шаштараз, аспаздық, кішкентай балалар үшін ойын бөлмелері, психолог, логопед, социолог мамандардың қабылдауы жатады. Ал Түркістан облысында, оның ішінде Сайрам ауданында да отбасын қолдауға арналған секторлар іске қосылған. Бұл – Отбасы, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жанындағы әлеуметтік қызмет көрсету тараулары. Оның қызметіне:

Аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға — психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі; Психологиялық сүйемелдеу, кеңес беру, бағдарлау қызметтері ұсынылады; Тұрмыстық зорлық‑зомбылық құрбандарын қабылдап, оларға бір айға дейін уақытша тұру мүмкіндігі беріледі; Үкіметтік емес ұйымдардың («Сенім-ай», «Жігерлі жүрек» сияқты) көмегімен арнайы әлеуметтік қолдау көрсетіледі; 2024 жылдың басынан бері 348 іс-шара өткізіліп, 2 658 адам қызметпен қамтылған (оның ішінде 565 адам – тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты); Секторларға жүгінген 50 адамның сыйымдылығы бар орталықтарда қызмет көрсетіледі.

Министрлік өкілдері отбасылық және әлеуметтік мәселелермен айналысатын мобильдік топ мүшелеріне арналған кезең-кезеңімен оқыту-семинарлар ұйымдастырып, теориялық және практикалық бағытта салааралық өзара іс-қимылды тиімді жетілдіру жолдарын қарастырмақ. Оқыту-семинарына жалпы саны 300-ге жуық маман қатысады деп жоспарланған. Олардың әрқайсысы өз салаларында отбасын қолдау қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған тәжірибелермен алмасып, кәсіби құзыреттерін жетілдіруге мүмкіндік алады. Айта кетейік, Түркістан қаласында Отбасын қолдау орталығы қала тұрғындарына әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсететін арнайы орталықтар жұмыс атқарады.

Әйелдердің қоғамдағы рөлі – бұл тек отбасы мен үй шаруасымен шектелмейтін, сондай-ақ саяси, экономикалық және мәдени өмірде белсенді қатысатын маңызды әлеуметтік феномен. Әйелдер ғасырлар бойы қоғамның дамуына үлкен әсер етіп, өзінің жауапкершілігі мен қабілеттері арқылы түрлі тарихи дәуірлерде маңызды өзгерістердің куәсі болды. Әлеуметтік құрылымдардың, еңбек нарығының және отбасылық қатынастардың өзгеруіне байланысты әйелдердің қоғамдағы орны дамып, өзгеріп отыр. Қазіргі қоғамда әйелдер құқықтарының кеңеюі мен теңдікке жету жолындағы күрес үлкен маңызға ие. Жалпы қоғамдағы әйелдердің рөлін талқылау және жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу мақсатында түрлі форумдар ұйымдастырылып келеді. Әлеуметтік-демографиялық прогрессті қамтамасыз етудегі әйелдердің жаңаша рөлі талқыланды. Экономикалық өсудің жаңа үлгілеріне көшуге, денсаулық сақтау мен білім беруді дамытуға, әйелдер арасында қаржылық сауаттылық проблемаларын шешуге және өзін-өзі бағалауды, жеке өзін-өзі дамытуды арттыруға арналған шаралар жүзеге асып келеді. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Leave a reply