Әкім тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады

Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек кезекті жұмыс сапары барысында аудан аумағындағы елдімекендерді аралап, жергілікті халықпен жүздесті. Сапардың басты мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін көзбе-көз тыңдап, оларды шешудің нақты жолдарын қарастыру болды.
Әуелі әкім “Көксай” шағынауданына барып, тозығы жеткен көпқабатты үйлерді сүру жұмыстарының барысын қадағалады. Құрылыс алаңында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, мердігер мекемелерге сапа мен мерзімді қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлер секторында халықтың ауыз су, кәріз жүйесі, жол жөндеу және жарықтандыруға қатысты өтініштерін тыңдады.
Келесі аялдама – Қаратөбе тасжолы бойындағы көпқабатты үй болды. Мұндағы тұрғындар аула аумағын абаттандыру, қоғамдық көліктің қозғалысын жиілату және жол қауіпсіздігін арттыру мәселелерін көтерді. Әкім барлық ұсынысты тіркеп, жауапты бөлімдерге жолдады.
Еламан шағынауданында жаңадан салынған гүлзар мен балалар ойын алаңшалары тексерілді. Әкім нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін қарап, анықталған кемшіліктерді жою үшін тиісті мекемелерге тапсырма берді. Сонымен қатар, тұрғындарға аумақты таза ұстап, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау жөнінде өтініш жасады.
Жалпы сапар барысында аудан басшысы санитарлық тазалық, көшелерді жарықтандыру, жасыл желектердің күтімі және қоғамдық тәртіп мәселелеріне ерекше назар аударды.
— Біздің басты міндетіміз – тұрғындардың үнін естіп, әрбір ұсынысын назардан тыс қалдырмау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында біз халықпен ашық диалог орнатып, олардың мәселесін жедел шешуді басты бағыт етіп алдық. Әрбір шағынауданда тұрмыс сапасын жақсарту үшін тұрғындармен бірге жұмыс істейміз. Айтылған барлық мәселе бақылауға алынып, шешілуі қадағаланады, — деді аудан әкімі кездесулер қорытындысында.











