«Ауыл аманаты» ауылды көтеретін жоба
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Түркістан облысына бұл бағытта бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Бүгінде Түркістан облысына қарасты Келес ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру туралы ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде жобаға қызуғышылық танытып жатқан шаруалардың қатары көбейген. Аудан халқының табысын ұлғайту мақсатында іске асып жатқан жобаға Келес ауданындағы Біртілек, Қошқарата, Ақтөбе және Ошақты ауылдық округтері аумағында тұратын азаматтар тартылды. Жобаның биыл пилоттық режимде іске асырылуына байланысты облыс аумағындағы аудандардан санаулы ауылдар енгізілді. Бұл туралы Келес аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбаев мәлімдеді. «Алдағы жылдары жоба басқа да ауылдарда жалғасады. Бүгінгі таңда жобаға қатысуға Қошқарата ауылдық округінен «Үш Арыс KZ» өндірістік кооперативі өтінім білдіріп, 73 кооперетив мүшелерінен 36-сы құжаттарын өткізіп үлгерді. Бұл бірлестіктің негізгі мақсаты — өсімдік және мал шару-ашылығын дамытуды көздейді. Ал Ошақты ауылдық округі аумағынан «Төрт түлік-2023» өндірістік коопертиві атынан 30 азамат жеңілдетілген несиені рәсімдеуге өз құжттарын тапсырған. Бұл бірлестік алдағы уақытта мал бордақылау кәсібімен айналыспақ», — деді бөлім басшысы. «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микро-кредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Жоба шеңберінде кәсібін дөңгеле-туді көздейтін кәсіпкерлер үшін 27 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар.