ТҮРКІСТАНДА ЖАС САРБАЗДАРДЫ ҚАРУЛЫ КҮШТЕР ҚАТАРЫНА САЛТАНАТТЫ ШЫҒАРЫП САЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жас сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараны Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.
Бұл тағылымды шараның мақсаты – жас буынға елін, жерін қорғаудың қасиетті борыш екенін ұғындыру, патриоттық тәрбие беру және отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу болды.
Рәсім Мемлекеттік Туды енгізу және Әнұранды орындаумен басталды. Шара барысында Ардагерлер алқасының төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы полковник Дилмурад Абдурашитұлы Нуржанов, сондай-ақ әскери ардагерлер мен қоғам қайраткерлері сарбаздарға ыстық ықыластарын білдіріп, абыройлы қызмет тіледі.
Концерттік бағдарламада патриоттық әндер шырқалып, ата-аналар мен сарбаздар жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Жас сарбаздарға естелік сыйлықтар табыс етіліп, соңында оларды казармаға шығарып салу рәсімі өтті.













